Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамның тұрақты дамуы мен елдің өркендеуі азаматтардың құқықтық сауаттылығына тікелей байланысты. Құқықтық сауаттылық – әр адамның өз құқығы мен міндетін білуі, заң талаптарын түсінуі және оны күнделікті өмірде дұрыс қолдана алуы. Заңды білетін адам өз құқығын қорғай алады, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінеді және әділеттіліктің орнауына үлес қосады. Сондықтан құқықтық сауаттылық бүгінгі заманның басты талаптарының біріне айналып отыр. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда тәртіп пен тұрақтылық сақталады. Ал заңды құрметтеу – өркениетті мемлекеттің белгісі. Осы тұрғыдан алғанда, құқықтық сауаттылық тек заңгерлерге ғана емес, барлық азаматқа қажет маңызды құндылық болып саналады.
Құқықтық сауатты адам өз құқығын ғана емес, өзгенің де құқығын сыйлайды. Ол қоғамдағы заң талаптарын сақтап, тәртіпке бағынады. Мысалы, еңбек заңнамасын білетін азамат жұмыс барысында өз құқығын қорғай алады, ал тұтынушылық құқықтарды білетін адам сапасыз өнім немесе қызмет көрсетілген жағдайда заңды түрде талап қоя алады.
Құқықтық сауаттылық әсіресе жастар үшін де өте маңызды. Себебі жасөспірімдер мен жастар түрлі ақпараттық ықпалдарға тез ереді. Егер олар заңды жақсы білсе, құқықбұзушылықтан, алаяқтықтан және теріс әрекеттерден аулақ болады. Сонымен қатар құқықтық білім жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырады.
Бүгінде ғаламтор мен әлеуметтік желілердің дамуы құқықтық сауаттылықтың маңызын одан әрі күшейтті. Әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарату, өзгені қорлау, авторлық құқықты бұзу сияқты әрекеттердің заң алдында жауапкершілігі бар екенін әр адам түсінуі керек.
Өкінішке қарай, кейбір азаматтар заңды білмегендіктен түрлі қиындықтарға тап болады.
Құқықтық мәдениет – құқықтық сауаттылықтың маңызды бөлігі. Құқықтық мәдениеті қалыптасқан қоғамда адамдар заңға құрметпен қарайды, тәртіп сақтайды және дау-дамайды заң аясында шешуге тырысады. Мемлекет дамуы үшін қоғамда әділдік пен заң үстемдігі болуы қажет. Егер әр азамат заңды сақтап, өз міндетін адал орындаса, қоғамда тұрақтылық орнайды. Сондықтан мектептен бастап құқықтық тәрбие беру маңызды. Білім беру ұйымдарында Конституцияны, адам құқықтарын, заң талаптарын түсіндіру арқылы жастардың құқықтық санасын қалыптастыру жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Құқықтық сауаттылық сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да ықпал етеді. Заңды білетін азамат өз құқығының бұзылуына жол бермейді және заңсыз әрекеттерге қарсы тұра алады. Бұл қоғамдағы әділдік пен сенімді нығайтады.
Қазіргі таңда діни-құқықтық сауаттылық мәселесі ерекше маңызға ие. Себебі кейбір адамдар діни білімнің жеткіліксіздігінен түрлі деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсіп жатады. Мұндай ағымдар қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіріп, жастардың санасын теріс бағытқа өзгертуі мүмкін.
Діни-құқықтық сауаттылық дегеніміз – адамның дін саласындағы заңдарды, мемлекет ұстанатын зайырлылық қағидаларын және діни сенім бостандығына қатысты құқықтық нормаларды білуі. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл дегеніміз, мемлекет діннен бөлек жұмыс істейді, бірақ әр азаматтың ар-ождан және діни сенім бостандығына құрметпен қарайды. Азаматтардың дін саласына қатысты заң талаптарын білуі көптеген келеңсіздіктердің алдын алады. Өйткені заңды білмеу кей жағдайда теріс діни идеологиялардың ықпалына түсіруі мүмкін. Әсіресе жастар арасында ғаламтор арқылы таралатын радикалды ақпараттардан сақтану үшін діни әрі құқықтық білім қатар болуы тиіс. Дәстүрлі діндердің құндылықтары қоғамды татулыққа, бейбітшілікке және адамгершілікке шақырады. Ал деструктивті ағымдар керісінше қоғамнан оқшаулануға, заңға қарсы әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Сондықтан діни сауаттылық пен құқықтық сауаттылық бір-бірімен тығыз байланысты. Әр азамат заң талаптарын білуге міндетті. Заңды білетін адам алаяқтыққа алданбайды, өз мүлкін қорғай алады және құқықтық мәселелерді дұрыс шешеді. «Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын» әсте естен шығаруға болмайды.
Қазіргі таңда мемлекет халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі бағдарламалар жүзеге асыруда. Мектептерде құқық негіздері пәні оқытылады, халыққа тегін заңгерлік кеңестер беріледі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен құқықтық сауаттылықты дамыту тек мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың да міндеті. Әр адам заңға қызығушылық танытып, құқықтық білімін жетілдіріп отыруы қажет. Қорытындылай келе, құқықтық сауаттылық – өркениетті қоғамның негізгі тіректерінің бірі. Заңды білетін, құқықтық мәдениеті жоғары азаматтар елдің тұрақтылығы мен дамуына үлес қосады. Сонымен қатар діни-құқықтық сауаттылық қоғамды деструктивті идеологиялардан қорғауда маңызды рөл атқарады. Бүгінгі заман талабы – заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін, рухани және құқықтық тұрғыдан сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Себебі құқықтық сауаттылық – әділетті қоғамның, бейбіт өмірдің және жарқын болашақтың кепілі.
М. Салиходжаев
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал, Жетісай ауданындағы бөлімінің маманы:
Құқықтық сауаттылық – заман талабы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru