Қазақы құндылықтарға қарсы діни көзқарастар
Қазақы құндылықтарға қарсы діни көзқарастар
13.04.2020
1517
0

         Діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Сонымен бірге дінге деген көзқарастар да әр дәуірде, әр қоғамда әрқилы болып келген. Сондықтан дін дегеннің не екенін, оның қысқаша тарихын танып, білу әрбір жастар үшін мәдени қажеттілік.

        Дін – қоғамның рухани өмірінің маңызды саласы. Ол Құдай мен адамның байланысы арқылы адам өмірінің мәніне айналған сана формасы. Бұл мәнде дін қай халықтың болмасын мәдениетінің рухани негізі. Дін адамдардың жеке сеніміне қатысты анықталғанымен, оның белгілі әлеуметтік топтарда және қоғамда алатын орны ерекше.

       Діни фактордың барған сайын қоғамдағы ішкі үдерістерге пәрменді күшке айналып келе жатқаны күн өткен сайын анық байқалуда. Осындай жағдайда еліміздің жас жеткіншектерінің парасатты ой-өрісінің, ізгілікті сана–сезімінің, жоғары рухани-адамгершілік қасиеттерге, гуманистік дүниетанымға негізделген толерантты тұлғасының қалыптасуына жағдай жасау, қауіпті діни ағымдар мен экстремистік топтардың ықпалынан қорғау маңызды іс екені айдан анық. Сондықтан елімізде өзара түсіністік пен дінаралық татулықты сақтай отырып, мемлекеттілікті нығайту және отаншылдық сезімді күшейту үшін өскелең ұрпаққа дәстүрлі діндер, олардың рухани құндылықтары және шығармалары, халқымыздың рухани қазынасына айналған дін ғұламалары жайлы ғылымға негізделген білім жүйесін беру, жастарымыздың бойына ұлттық құндылықты қалыптастыру аса өзектілікке ие.

        Қайсыбір діни ағымды алатын болсақ, ешбірі қазақтың мұңын мұңдап, күйін күйттеу үшін келмегені анық. Түрлі діни ағымдардың жетегіне кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, тыңшылық, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізуі бек мүмкін.

        Тағы айта кететін жайт дамыған немесе даму үстіндегі тыныш жатқан бір елді тоқырауға жіберудің бір тәсілі түрлі діни ағымдар арқылы қоғам ішінде іріткі тудыру. Мәселен, ислам әлемінің тарихына қарасақ, дұшпандары майданда жеңе алмаған соң мұсылмандарды әлсірету үшін түрлі теріс ағымдарды қолдан жасап, мұсылман жамағатын дүрдараз етіп, ынтымақ пен бірлікті ыдыратып, мемлекетті әлсіреткен.

        Болашақ жастардың қолында деп білеміз. Олай болса, қазіргі таңдағы түрлі жат көзқарастар біздің болашағымыз деп үміт артып отырған жастарымызды өз қатарларына тартумен келешекке қауіп төндіреді. Сол себепті жастарымызды имандылыққа, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген асыл дініміз исламға баулысақ, түрлі жат ағымдардың жетегіне кетпейтін болады. Сонымен қатар иманды жас отанын, елін, жерін сүйетін, салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін берік ұстайтын болады.

          Қазіргі таңда біздің мемлекетіміз көп ұлтты, демократиялық мемлекет болғандықтан дін мәселесі жөнінде барлық азаматтарға қай дінге кіруіне, қандай дінде болуына еркіндік берілген.

         Мұндай діни ағымдарға кірген адам қайтадан шығуы өте қиын. Өйткені, өздеріне тәуелді етіп, адам санасын тереңнен улайды. Ең дұрысы, жастарымыз өзіміздің дәстүрлі Ислам діні шариғаты, парыздары бойынша жүрсе ешқашан шатаспайды, теріс жолға түспейді деп ойлаймын.

         Қазақ халқының ежелден ұстанатын діні – ислам. Тарихи деректерге сүйенсек, ата-бабаларымыздың ислам дінін қабылдағанына шамамен 1300 жылдан аса уақыт өтті. Содан бері ислам діні қазақ жерінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып, бүгінгі күнге дейін қазақтың бөлінбес еншісіндей болып келді. «Малым-жанымның, жаным-арымның садағасы»-деген қазақ халқы небір қиыншылық, зобалаң замандарда да ислам дінін тастап, басқа дінге кеткен жоқ. Тіпті, кешегі қылышынан қан тамған кеңес дәуірінде де қазақ халқы толықтай діннен хабардар болмаса да, әйтеуір мұсылманбыз деп жүрген.

          Дәстүрлі емес діни ұйымдардың екі қыры бар: бірі коммерциялық, екіншісі идеологиялық. Олар тек діни ағым ретінде ғана емес, инвестор немесе бизнес өкілі ретінде де еркін жұмыс істейді. Ал бұған қарсы тұру үшін жеке тұлғаның құқықтық және діни сауаты маңызды рөл атқарады. Ал жастардың құқықтық және діни сауатын арттыру, жүйелі шаралар өткізу, діни ағартушылық бағдарламалар ұсыну, орта және жоғары білім беру саласында аталмыш олқылықтың орнын толтыру үшін жасалып жатқан шараларды одан әрі жетілдіру керек.

         Күштеу экстремизміне қарсы тұру үшін радикалды идеялардың пайда болу себептерін, өзара жіктелуін, радикалды тұлғаларды анықтау, олардың сыртқы белгілері, пікірлері және радикалдану кезеңдерін білген орынды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай радикалды діни идеологиялар, діни тұрғыдағы қатыгездік және күштеу әрекеттері, Ислам дінін Құран мен хадистің мазмұнын толық білместен тікелей қабылдап, адасудың нәтижесінде туындап отыр.

           Исламды осындай жолдармен түсіндіретін діни ағымдарға «салафизм» идеологиясын насихаттаушыларды жатқызуға болады. Олар өздерін ешқандай өзгерістер мен жаңалықтар енгізілмеген әуел бастағы «таза исламды» ұстанушылармыз деп түсіндіреді.

        Салафиттердің Абай, Шәкәрім және басқа да қазақ ойшылдары ұстанған Қазақстан мұсылмандарының дін ұстанымына негіз болған, Матруди діни-сенім мектебін теріске шығаруы.

         Аллаға дене мүшелер: бет, қол, тізе, таққа отыру, аспаннан түсуді және т.б. ұғымдарын беретін Алланың қасиеттері мен есімдері туралы үздіксіз айтыс жүргізу.

Құран мен сүннет бойынша дұрыс Ислам туралы айтыс, яғни, тек солар ғана Ханафи мәзһабын теріске шығарып, дұрыс дінді ұстанады-мыс.

Ғибадат етудің екінші кезектегі мәселелері бойынша ұдайы айтыс жүргізу. Тек Құран мен хадистерден үзінді келтіру, сөзбе-сөз түсіну. Олар үшін мазмұн емес, түрі маңызды.

Мұсылмандар Алланы еске түсіру, әрі Пайғамбарға (с.а.с.) салауат айту ол арқылы исламның адамзатқа ортақ, өлшеусіз құдірет-қасиеттерінің қоғамға игі әсерінің молая беруінің бір жолы – Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) туған күні – Мәулід арқылы жергілікті мұсылмандарға рухани азық, адамгершілік, мейірімділік, қайырымдылық, ізгілік идеялары мен адалдық, тазалық, білім-ғылым, мәдени әлеуметтік өмір салтының жағымды, өркенді жолының қалыптасуына үлес қосу мүмкіндігі екенін түсіне алмайды.

Өздерінің салафи шейхтары: Ибн Тәймия, Ибн Қаюм, Ибн Баз, Усаймин және олармен пікірлес ғалымдарды ғана мойындайды. Мұсылман елдерінің өзге аймақтарында ислам ғалымдарының жергілікті аймқтардағы мәселелеріне орай атқарған зерттеу, ғылыми еңбектерді мойындамайды.

      Ислам жораларын ұстанбайтындарға шектен тыс қатал, кейде этностарды өздерінің діни ұстанымына қарай жіктерге бөлуге ұмтылады. Оларды «бір құдайшылдар» және басқалар: намаз оқитындар, бірақ, аруақтарға сыйынатын «пұтқа табынушылар» - деп бөлу, әрекеттеріне бой алдырады.

       Күллі әлем мұсылман жамағаттары арасында мұндай әрекеттерімен түрлі үлгі-пішінде әр ғасырда орын алып отырған. Мұндай жалған ұйымдар халықты ешуақытта қоғамдық әлеуметтік, рухани діни, ғылыми-мәдени өресі биік мақсаттарға бастай алмаған. Бұл ұйымдарды құрушылардың дені мен тегі өзге құрылымдық өгей өркениеттерге жатады. Олардың өзге мемлекеттерде «штап пәтерлері» - орталықтары бар. Демек, басшы нұсқаушылары, ұйымдастырушылары жиі-жиі көзге түсіп келе беретіндігі де мұның бұлтартпас айғағы екені рас. Сондықтан бұл жалпы исламда, соның ішінде күллі мұсылман әлемін, сондай ақ, жеке елдерді де батыстың немесе одан да өзге әлемнің геосаяси, рухани-діни, мәдени-әлеуметтік экспанциясынан құтқара алатын амал немесе күшке айнала алмайды.

       Аталған топтар мен ағымдардың қай-қайсысы да осы құбыжықтан туған түбі мұсылман әлемінің көрін қазушы «көр соқыр» топтар.

      Қорыта келе «...Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін - ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.   Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз.Ол-біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін-өзі  ұстанудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз»-деп «Қазақстан - 2050» стратегиясында айтылған. Ендеше, діни діңгегіміздің беріктігіне барынша жауапкершілікпен қарағанымыз абзал.

 «Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің басшысы Қ.Салықбаев

 

0 пікір