Қазақ әдебиетінің серісі – Сәкен Сейфуллин
Қазақ әдебиетінің серісі – Сәкен Сейфуллин
17.05.2024
547
0

Биыл ақын, жазушы драматург Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллинның дүниеге келгеніне 130 жыл толды. Атаулы күнге орай мемлекет қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы және де қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі туралы мақала.

«Адам – керуен, өмір – жол» қазақ әдебиетін жаңа сипатта, тың мазмұнмен байытқан, қоғамдық ой мен әдеби тарихымызда ерекше ойып тұрып орын алатын күрескер тұлға– Сәкен Сейфуллин. Ол 1894 жылы қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданында дүниеге келген. Қазақтың атақты ақыны, жалынды дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі.

Сәкен жастайынан өнегелі әке мінезін, салиқалы ана тәлімін зердесіне түйіп, өнерін бойына дарытқан. Ол 1905-1908 жылы Нілдідегі Успен кенішінде орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған. Одан кейін тағы бес жылдай Ақмолада оқып, 1913 жылы Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияға түседі, оны 1916 жылы бітіріп шығады. Оқу бітірген соң, елге келіп, ауылда мұғалім қызметін атқарады. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын жариялайды.

Сәкен Сейфуллин – өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер ақын. Азаттықты көксеген ақын қаламынан жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары, «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтары жарық көрген. Өршіл азамат, жалынды насихатшы, жігерлі тұлға. Ақынның қаламынан «Кел, жігіттер», «Қамаудан», «Асығып тез аттандық», «Жас қазақ марсельезасы», «Қызыл ат» т.б. әсерлі өлеңдері мен «Бақыт жолында» драмасы жарық көрген. Тар жол, тайғақ кешуден тайсалмаған азамат ақын 28 жасында Қазақстан өкіметінің басшысы, Бүкілодақтық Атқару Комитетінің мүшесі болады.  

Сәкен Сейфуллин – жаңа дәуірді ерекше жырлаған жаңашыл ақын. Қазақ әдебиетіне бұрын болмаған образдар мен теңеулер, сөз оралымдарын әкелген шығармашылығымен жаңа бағыттағы әдеби дәстүрдің негізін салушы болды. Өкіметтің мақтаушы ұраншысына айналмай, қоғамдық өмірдің көлеңке жақтарын да күйзеле суреттеді. «Ауыл байғұс, мінеки», «Келіншек ойы», «Ақсақ киік», «Сыр сандық» т.б. тамаша жырлары мен «Аққудың айырылуы» атты символикалық көркем поэмасы – сол кезеңнің шынайы көркем туындылары. Халықтың азаттық жолындағы күресінің шытырман оқиғалары оны жаңа дәуірдің жалынды жыршысы етіп тәрбиелейді. Ол шығармаларына сол өзі қатысқан халықтық күрес пен ерлік жорықтың шындығын арқау етеді. Тегеуірінді талантты ақын қазақ өміріндегі, халық тұрмысындағы маңызды әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, оған көркемдік, эстетикалық талдау жасайды. 

Сәкен прозасының шоқтығы – оның «Тар жол, тайғақ кешу» атты  романы. Бұл романында Сәкен Сейфуллин революция жылдары орын алған  оқиғалардың қазақтың кең даласын бірте-бірте қамтып, күні өтіп тозған ескіліктің қирап, жаңаша дамуға жолдың еркін де кең ашыла бастағанын үлкен суреткерше қорытып айтып бере алды. Романда халықтың бақытты келешегі үшін күрескен ерлердің аққан тері мен төгілген қаны текке кетпейтініне, мұның өзі бүкіл адамзаттың жарқын болашағымен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Саяси-әлеуметтік тақырыптарды қозғау, ел басшыларының берекесіздігін сынау, жоқтықтың зардаптары, надандық шырмауындағы қазақты білімге үндеу халық мұраттары тұрғысынан оларға жауап іздеу ақынның азаматтық ой-өрісін танытады. Бұл идеялар «Мұра», «Түс», «Кім басшы аға халыққа», «Надан бай», «Жетімге», «Інішегіме» өлеңдерінің бәріне тән. Сәкен өлеңдері идеялық тұрғыдан алғанда ағартушылық, демократтық бағытта, сыншыл реализм әдісінің арнасында жазылғандығын көреміз. 1937-1938 жылдарда қара дауылдай соғып тұрған Сталиндік репрессия қазақ халқының ең білімді, ең саналы зиялыларын қуғын - сүргінге ұшыратып, дәл осы кезде де өз басына қауіп-қатер төніп тұрғанына қарамастан, ұлттық болмысын ұран еткен, азаматтық келбетін жоғалтпай, адал бағытынан таймағандардың бірі – Сәкен. 

Орынсыз айып тағылып, өлім жазасына кесіліп, жалған жаланың құрбаны болып кете барды. Бойына бар өнерді тоғыстырған Сәкеннің өмірі бүгінге жастардың бойына үлгі. Оның әдебиет саласындағы сұлу болмысындай асқақ та, нәзік жырлары ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қала бермек.

 

Е.Ештай

 «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

 бөлімінің маманы 

 

0 пікір