Отандық діни білім берудің маңыздылығы
Отандық діни білім берудің маңыздылығы
15.03.2023
734
0

 

Білім – ақыл иесі адам баласына берілген үлкен нығмет.  Білім алу арқылы адам саналы түрде ақ пен қараның ара-жігін ажыратып, келешекке нық қадам баса алады. Білім алудағы ең өзекті тақырыптардың бірі ол – діни білім алу. Қазіргі қоғамда өндіріс пен ғылымның барлық салаларында, сондай-ақ дін саласында білім бұрынғыдан да сұранысқа ие. «Ғылыммен жақын болсаң, қолың жетер, Залыммен жақын болсаң, басың кетер»,-дегендей, білім алуда дереккөздердің алатын орны орасан.

Кеңес үкіметі кезінде дінге қатысты барлық ілім, барлық ақпарат шетке ысырылып отырды, қарапайым халыққа қолжетімсіз болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін халықта, әсіресе жас буын өкілдерінде дінге деген құштарлық, рухани вакуум басым болды. Өздерін қанағаттандыратын білім деңгейі елде болмағаннан кейін шет елден білім көзін іздей бастады. Жастарымыздың біршама бөлігі ел асып, жер асып Иран, Сауд Арабиясы, Мысыр, Түркия, т.б. мемлекеттерге діни білім іздеп, әр түрлі ағымдардың ықпалына түсті. Осылайша, еліміздің дін саласында білім беру мәселесі өзекті тақырыптардың қатарына шықты. Діни білімді жат елден алып, жат елдің идеологиясын бойына сіңірді. Олар шет елден білім алып, елге қайта оралғаннан кейін диалектикалық құбылыстар, деструктивті тенденциялар пайда болды. Осы үдерістерді негізге алып мемлекет  тарапынан республикалық деңгейде діни білім беретін жоғарғы оқу орындары ашыла бастады. Соның ең алғашқыларының бірі – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, шығыстану факультеттері болған – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.                      

2010-2011 жылдардағы елімізде орын алған террористік актілер негізінде мемлекет діни білім беру саласына баса назар аударды. Еліміздің халқының көп бөлігі ислам дінін ұстанатын болғандықтан ислами бағыттағы діни білім беру орталықтары ашыла бастады. Нұр-Мүбарак Египет Ислам Мәдениеті университеті, Сарыағаш медресе колледжі, ҚМДБ-ға қарасты Ақтөбе медресе колледжі, Үшқоңыр медресе колледждері ашылды. Ислам бағытындағы діни білім беру орталықтары кеңінен өз жұмыстарын жалғастырды. Жоғарғы оқу орынын бітірген соң білімін бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейінде де жалғастыруға мүмкіндік бар.                                                              

2011 жылдың 11 қазанында қабылданған ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес Республикалық және діни бірлестіктер дін қызметшілерін даярлауда, оқу бағдарламаларын іске асыруда мекемелер нысанында діни білім беру ұйымдарын құра алады. Осы негізде қазір елімізде 12 діни білім беру орындары жұмыс жасауда. Сондай-ақ зайырлы білім беру бағдарламалары ҚР Білім және ғылым министірлігінің талаптарына сәйкес даярланған.                                                                                                             

Әлемдік тәжірибеде діни және зайырлы білім берудің әртүрлі арақатынастары бар. Ресми деректерге қарағанда діни білім беру шамамен әлемнің 140 елінде жүргізіледі. ЮНЕСКО-ның Халықаралық білім беру бюросының зерттеуіне сәйкес әлемнің 73 елінде діни білім аптасына бір рет берілетін міндетті пән болып бекітілген. Осы негізде елімізде мектеп қабырғасында жоғарғы сынып оқушыларына аптасына бір рет «Дінтану» пәні оқытылады.

Шетелге білім алуға кеткен отандастарымыздың бес немесе одан да көп жыл білім алып, отанға қайта оралуында үлкен өзгерістер орын алады. Мәселен, ұлттық идеологияны бойға сіңіру, мемлекетке қызмет, бөлінушілік, мемлекетке бағынбау сипаттағы мәселелермен қиындықтар тууы ықтымал. Елге қайтқан жас­тар мұндағы қоғамға қайта үйренісуі қажет, бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыс тауып, туған топырақтың игілігі үшін өзгелермен қатар қызмет етуі керек. Аталған жағдайдың бәрінде де ата-ана көмегінің маңызы өте жоғары. Сол секілді шетелге оқуға кеткен отандастарымызға мемлекет тарапынан да көмектер көрсетіледі. Елімізбен келісім жасасқан шетелдердің постулаттары отандастарымызды бақылауда ұстайды. Оларды жіті назарда ұстау мемлекеттің қауіпсіздігі үшін керек.                                                                                        

Сонымен қатар елімізде жыл сайын облыстық, қалалық, ауылдық мешіттер жанында діни сауат ашу курстары өткізілуде. ҚМДБ-ның қолдауымен мектеп жасындағы балалар үшін жаздық діни сауат ашу курстары жүргізіледі. Ол мемлекет тарапынан жасалынған үлкен көмек.                       

Исламдық білім беру жүйесінің дамуында ҚМДБ шешуші рөл атқарады. Қазіргі таңда ислами білім беру жүйесі бес деңгейде қызмет атқарады: діни сауат ашу курстары, қарилар дайындау орталықтары, медреселер, білім жетілдіру институты, университеттер.                                                             

Елімізде діни білім алуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Мүмкіндік бола тұра өз елімізде емес, шет елдерден діни білімді алу мемлекетке қауіп төндірумен тең. Себебі діни білімі жоқ босағасы қатпаған, бұғанасы бекімеген жас буын өкілдерінің шет елден сауат ашуы – шет елдік менталитеттің, идеологияның бойына сіңіп, қазақы дәстүрден жат қалып, бөлінушілікке әкелуі ықтимал. Сол себепті барлық мүмкіндікті өз елімізден де ала алатынымызды ұмытпайық!                                                                                                  

Мемлекет үшін жастардың білім алу орындары үлкен маңызға ие. Себебі жастар – елдің тірегі, болашақтың – жаршысы. «Мен жастарға сенемін!»,-деп үкілі үміт артқан Мағжанның жауһар жырына арқау болған ел ертеңі – жастар қашанда мемлекеттің ең белсенді, әрі маңызды бөлігі болмақ.

 

 

Теолог маман                                                    Г.Бекжан

0 пікір