Қазақ халқының рухани болмысы ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен ислам дінінің құндылықтарымен тығыз байланысты. Дін мен дәстүр – бір-бірінен бөлек қарастыруға келмейтін, халықтың өмір салтына, дүниетанымына және мәдениетіне терең сіңген егіз ұғымдар. Олар қоғамды ізгілікке, бірлікке, адамгершілікке тәрбиелеп, ұлттың рухани тұтастығын сақтауға қызмет етеді.
Қазақ халқы ислам дінін қабылдағаннан кейін шариғат қағидаларын ұлттық ерекшеліктерімен ұштастыра білді. Нәтижесінде халықтың өмір сүру салтында, әдет-ғұрпында, отбасылық қарым-қатынасында және тәрбиелік жүйесінде исламның асыл құндылықтары кеңінен көрініс тапты. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, ата-ананы құрметтеу, көрші ақысына мән беру, жетім-жесірге жәрдемдесу секілді дәстүрлердің барлығы исламдағы адамгершілік қағидаларымен үндеседі. Қазақ қоғамында дәстүр тек тұрмыстық әдеттердің жиынтығы емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани мұра болып саналады. Ал дін адам өмірінің мәнін түсіндіріп, оның жүрегіне имандылық пен жауапкершілік сезімін ұялатады. Осы тұрғыдан алғанда, дәстүр халықтың мәдени келбетін қалыптастырса, дін оның рухани өзегін нығайтады. Бабаларымыз ешқашан дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қойған емес. Керісінше, екеуін өзара толықтыратын құндылықтар ретінде қабылдаған. Мәселен, сәбидің дүниеге келуіне байланысты өткізілетін шілдехана, ат қою, бесікке салу сияқты рәсімдерде діни дұғалар мен игі тілектер айтылса, неке қию, жаназа рәсімдері секілді өмірлік маңызды кезеңдер ислам талаптарына сәйкес атқарылған. Бұл қазақ дүниетанымында дін мен дәстүрдің қатар дамығанын көрсетеді.
Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Түрлі ақпараттық ықпалдар мен жат мәдениеттердің әсері жастардың дүниетанымына өзгеріс енгізуде. Осындай кезеңде дін мен дәстүрдің үйлесімділігін дұрыс түсіндіру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Өйткені дәстүрден қол үзген ұрпақ ұлттық тамырынан ажыраса, дінді терең түсінбей қабылдау да түрлі қателіктерге алып келуі мүмкін. Кей жағдайда дін мен дәстүр арасында қайшылық бар деген пікірлер айтылып жатады. Алайда ислам шариғатына қайшы келмейтін дәстүрлердің сақталуына дін қарсы емес. Керісінше, халықтың игілігіне қызмет ететін, адамгершілікке үндейтін салттар қолдау табады. Сондықтан әрбір дәстүрді бағалауда оның шариғат талаптарына сәйкестігі мен қоғамға берер пайдасы басты өлшем болуы тиіс.
Дін мен дәстүрдің ортақ мақсаты – адамды тәрбиелеу, қоғамда татулық пен әділеттілікті орнықтыру. Екеуі де мейірімділікке, ізгілікке, сабырлылыққа, адалдыққа үндейді. Осы құндылықтарды бойына сіңірген қоғам ғана рухани тұрғыдан берік әрі болашағы жарқын болады. Қорытындылай келе, дін мен дәстүр – халқымыздың рухани тірегі, ұлттық бірегейлігінің негізі. Олар бір-бірін толықтырып, ұлттың тұтастығы мен мәдени сабақтастығын сақтауға қызмет етеді. Сондықтан ата-бабадан аманат болып жеткен салт-дәстүрлерді құрметтеп, ислам дінінің асыл қағидаларымен үйлестіре білу – әрбір азаматтың маңызды міндеті. Дәстүрін қадірлеген, дінін құрметтеген халықтың рухани іргесі әрқашан берік болмақ.
Ә.Болат
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ–нің
Мақтаарал, Жетісай ауданындағы бөлімінің маманы
Дін мен дәстүр: егіз ұғым, ортақ мұрат

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru