Қазіргі қоғамды ақпарат ағынынсыз елестету мүмкін емес. Цифрлық технологиялардың дамуы, әлеуметтік желілердің күнделікті өмірге енуі және интернеттің қолжетімділігі ақпарат алмасу мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтті. Бүгінде әлемнің кез келген нүктесінде орын алған оқиға туралы санаулы секунд ішінде хабардар болуға болады. Алайда ақпарат алу мүмкіндігінің артуы оның шынайылығына деген сенімді де күшейтті деп айта алмаймыз. Керісінше, ақпарат көбейген сайын оның арасынан ақиқат пен жалғанды ажырату күрделене түсті.
Бұрын ақпараттың негізгі көзі дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары болса, қазір әрбір әлеуметтік желі қолданушысы ақпарат таратушыға айналды. Кез келген адам оқиға орнынан түсірілген бейнежазбаны жариялап, өз пікірін білдіріп, белгілі бір мәселені көпшілік талқысына ұсына алады. Бұл – ақпараттық қоғамның мүмкіндігі. Дегенмен ақпарат тарату мүмкіндігінің баршаға бірдей қолжетімді болуы жауапкершілік мәселесін де алға шығарады. Себебі жарияланған әрбір мәліметтің артында нақты дерек, дәлел немесе тексерілген ақпарат бола бермейді.
Бұл жағдай Түркістан облысының ақпараттық кеңістігі үшін де өзекті. Өңір тұрғындары күнделікті жаңалықтарды әлеуметтік желілерден, WhatsApp мессенджеріндегі топтардан, жергілікті ақпараттық парақшалардан және түрлі интернет ресурстарынан алады. Әсіресе тұрғындарды алаңдататын немесе эмоциялық әсері жоғары оқиғалар ақпараттық кеңістікте жылдам таралады. Кейде оқиғаның нақты мән-жайы анықталмай тұрып, әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар мен пікірлер жариялана бастайды. Бір ақпарат бірнеше парақшада әртүрлі мазмұнда берілуі мүмкін. Нәтижесінде бастапқы дерек өзгеріске ұшырап, оқырман арасында түсінбеушілік қалыптасады. Ал мұндай жағдайда ақпараттың шынайылығын анықтау қиынға соғады.
Ақпараттық кеңістіктегі тағы бір мәселе – жалған ақпараттың таралу жылдамдығы. Көп жағдайда адамдар ақпараттың рас-өтірігін тексеруден бұрын оны жақындарына жіберуге немесе өз парақшасында бөлісуге асығады. «Бір танысымнан естідім», «Бір парақшадан көрдім» деген түсініктер ақпараттың сенімділігіне дәлел бола алмайды. Алайда осындай жолмен тараған мәліметтер кейде қоғамда негізсіз алаңдаушылық тудырып, белгілі бір мекемеге немесе адамға қатысты теріс пікір қалыптастыруы мүмкін.
Өңірлік ақпараттық кеңістікте ерекше назар аударуды қажет ететін бағыттардың бірі – діни мазмұндағы ақпараттар. Облысымыз тарихи-мәдени және рухани мұраға бай аймақ болғандықтан, тұрғындар арасында діни тақырыптарға деген қызығушылық жоғары. Әсіресе жастар арасында әлеуметтік желілер арқылы діни білім алуға, түрлі уағыздарды тыңдауға және діни сұрақтарға жауап іздеуге деген сұраныс бар. Бұл өз кезегінде интернеттегі діни контенттің сапасы мен мазмұнына қатысты мәселелерді өзекті етеді.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде діни мәселелерді түсіндіретін түрлі парақшалар, бейнежазбалар, онлайн дәрістер мен қысқа уағыздар кездеседі. Алайда олардың барлығы бірдей сенімді діни білімге немесе ғылыми негізделген дереккөздерге сүйене бермейді. Кейбір жарияланымдарда діни мәтіндер толық контекстен ажыратылып беріледі, белгілі бір мәселеге қатысты біржақты тұжырым жасалады немесе өзге көзқарастағы адамдарға қатысты теріс пікір қалыптастырылады. Мұндай ақпараттар діни сауаты жеткіліксіз азаматтардың түсінігіне кері ықпал етуі ықтимал.
Әсіресе қысқа форматтағы бейнероликтер арқылы күрделі діни мәселелерге біржақты жауап беру жиі кездесетін ақпараттық тәуекелдердің бірі. Дін – терең білімді, тарихи контексті және ғылыми түсіндіруді қажет ететін сала. Сондықтан бірнеше минуттық бейнеролик немесе әлеуметтік желідегі қысқа жазба арқылы барлық діни мәселенің мәнін толық түсіну мүмкін емес. Мұндай жағдайда ақпараттың авторын, оның білімін, пайдаланған дереккөздерін және айтылған пікірдің діни дәстүрмен сәйкестігін саралау маңызды.
Ақпараттық манипуляцияның тағы бір ерекшелігі – шынайы деректерді белгілі бір мақсатқа сай іріктеп ұсыну. Яғни ақпарат толықтай жалған болмауы мүмкін, бірақ оның бір бөлігі әдейі назардан тыс қалдырылып, оқиғаға қатысты біржақты түсінік қалыптастырылады. Бұл тәсіл қоғамдық пікірге ықпал етудің тиімді құралдарының біріне айналып отыр. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар мәселелерде мұндай ақпараттар адамдардың эмоциясына әсер етіп, сенімсіздік пен күмәнді күшейтуі мүмкін.
Осы тұста ақпараттық қауіпсіздік мәселесін тек жалған ақпаратпен күрес шеңберінде қарастыру жеткіліксіз. Ақпараттық қауіпсіздік – қоғамның шынайы мәліметке қол жеткізуі, ақпаратты еркін әрі жауапкершілікпен тұтынуы, сондай-ақ түрлі манипуляциялық ықпалдарға қарсы тұра білуі. Бұл бағытта мемлекеттік органдардың ақпараттық ашықтығы, бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби жауапкершілігі және азаматтардың медиасауаттылығы өзара сабақтас болуы қажет.
Қорытындылай келе, бүгінгі қоғамда ақпараттың жетіспеушілігінен гөрі оның шынайылығын анықтау мәселесі алдыңғы орынға шықты. Ақпараттың көптігі – өркениеттің мүмкіндігі, ал оған деген сенім – қоғамның жауапкершілігі. Кез келген мәліметті ақиқат ретінде қабылдау немесе оны тексерместен тарату ақпараттық мәдениеттің қалыптасуына кедергі келтіреді.
Сондықтан қазіргі кезеңде ең маңыздысы – ақпаратты көп білу емес, оны дұрыс түсіну, саралау және орынды пайдалану. Өйткені ақпарат көп заманда шынайы дерек – құндылық, ал сенім – қоғамның ең маңызды капиталы.
Ұ.Перден
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
бөлім маманы
Ақпарат көп, сенім аз

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru