МЕМЛЕКЕТ және ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ
МЕМЛЕКЕТ және ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ
23.02.2021
690
0

         Мемлекет және зайырлылық дін саласындағы байланысты, қатынасты анықтайтын ұстаным. Мақаламаздың кіріспесінде осы сөздерге арнайы анықтама беріп өтсек: «Мемлекет – белгілі бір аумаққа иелік етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жүйесі, саяси билік ұйымы. Егемендікке ие және қоғамды басқаруды арнайы механизмдер арқылы жүзеге асыратын қоғамдағы саяси билікті ұйымдастырудың ерекше түрі».

         Зайырлылық – мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуі, мемлекеттің әлеуметтік, саяси, және құқықтық негізгі жүйесінің аз да болса діни қағидаларға сүйенбеуін білдіреді. 

         Жоғарыда көрсетілген анықтамаларды саралай келе, кейбір азаматтар зайырлылық принципін қоғамның дінсізденуі, атеистік иделогияға пара-пар немесе адам мен дін арасындағы байланыстың үзілуі деген секілді пікірлерді алға тартып жатады. Әрине, бұл қате және жансақ пікір. Мемлекет пен зайырлылық ұстанымы ешқандай дінге бөгет жасамайды, тек мемлекеттің дін саласына араласпауы және белгілі діни ұстанымға басымдық бермейтініне кепілдік беруі.

         Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Зайырлылық ұғымы дін саласында барынша ашықтықты, анық саясат ұстанатынын көрсетеді.

         Тұңғыш Президентіміз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында: «...біздің қоғамның тұрақты дамуының берік кепілі – мемлекетіміздің зайырлы қағидаттарын терең зерттеу болып табылады.

         Дін – бұл  адамның жаны мен әдебінің аясы. Әрбір дін өкілінің уағыздайтын жоғары адамзаттық құндылықтары мемлекет тарапынан әрқашан қолданып, құрметтеледі» - делінеді. Егемен еліміздің аяққа тұрып, басқа да мемлекеттермен иық тіресіп тұруына зайырлылық қағидаттарының да үлесі орасан зор екенін тілге тиек етіп кетті. Сонымен қатар, қандай дін болмасын адамзаттың құндылығына негізделген, Қазақстан халқының бірлігіне нұқсан келтірмейтін діндерге қарсы еместігін, тиісінше қолдау көрсетілетінін мәлімдеген болатын.            

         Елімізге танымал теолог, заңгер Мұхан Исахан: «Зайырлы мемлекеттің маңызды сипаттарының бірі – діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі. Яғни, зайырлы мемлекет рухани саладағы көптүрлі қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді» - деп ойын пайымдаған болатын. 130-дан астам ұлт пен ұлыстың, 18 конфессия өкілдерін бір шаңырақтың астына жинаған мемлекетіміз, өзге ұлт өкілдерін құрметтеп, оларды бауырына басуға әрқашанда дайын екенін тарих сахнасында сан мың рет дәлелдеген болатын.    

         Зайырлылық қағидатына сәйкес, дін мен мемлекет бөлек дегенімізбен дінді қоғамнан, адамнан бөліп алып қарастыра алмаймыз. Қандай заман болмасын адам жүрегінде белгілі бір тылсым күштің бар екенін сезетін тетік бар деп айтсақ артық болмас. Мысал ретінде сонау 70 жыл үстемдігін жүргізіген, қылышынан қам тамған Кеңестік саяси идеологиясын айтсақ болады. Үлкен аға-апаларымыз діни жоралғыларын еркін орындауына тыйым салынып, тіпті, Құдайдың бар екенін айтуға болмайтын заман болды.  Дәл осы уақытта саяси идеология дінсіз болса да, қоғам, халық, адам дінен ажыраған жоқ. Әрбір үйде жасырылған қасиетті Құран Кәрім, намаз құлшылығын орындағанда аса бір сақтықпен қарайтын замандар өтті. Осы секілді мысалға алатын жағдайлар өте көп. Әрине, бұл жағдайларды зерделей келе, қазіргі қоғамда ешқандай бір дінге қарсылық танытып, діни бостандықтарына шектеу қойып, адамның жеке құлшылық амалдарына араласып жатқан жоқ. Бірақ, еліміздің бірлігіне зиян келтіретін, қой терісін жамылған қасқырлар бар екенін ұмытпауымыз тиіс.

         Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз» - деп ойын жеткізген болатын. Еліміздің даму жолында зайырлылықтың алатын орны орасан зор. Зайырлылық қағидаттары мемлекеттің баяндылығына, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына қызмет ететін, еліміздің азаматтарының құқықтарын қорғайтын, діни бостандығына кепілдік беретін, заман талабына сәйкес жүйеленген – саяси институт.

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»КММ

бөлім басшысы м.у.а.      А.Тағай

0 пікір