Күз – табиғаттың төрт мезгілінің ішіндегі өзіндік сыры мен салмағы бар ерекше кезең. Жаздың аптап ыстығы басылып, даланы салқын самал тербейді. Ағаш жапырақтары алтын түске боялып, табиғат біртіндеп тыныштыққа бет алады. Бұл – тек мезгіл ауысуы емес, адамға ой салып, өмірдің мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін уақыт.
Күзді табиғаттың кемелдену кезеңі деуге болады. Көктемде бүр жарған ағаш жаз бойы жайқалып, күзде жемісін береді. Егістік алқаптарындағы өнім жиналып, диқанның маңдай тері ақталады. Осы арқылы табиғат адамға еңбектің нәтижесіз қалмайтынын көрсетеді. Халқымыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген даналығы күздің болмысымен үндеседі. Күзгі молшылық – көктем мен жаздағы еңбектің жемісі. Сондықтан бұл мезгіл адамға еңбектің қадірін ғана емес, қол жеткізген жетістікке шүкіршілік етуді де үйретеді.
Күз – табиғаттың алтын бояуы
Күздің ерекше көркі – оның алуан түске енуінде. Сары, қызғылт, қоңыр түске боялған жапырақтар айналаға ерекше сән береді. Салқын самал мен анда-санда жауатын жаңбыр табиғатқа өзгеше тыныштық сыйлайды. Кейде күзді мұңды мезгіл деп қабылдаймыз. Алайда табиғатқа тереңірек үңілсек, оның мұңнан гөрі даналығы басым екенін аңғарамыз. Жапырақтың ағаштан түсуі – өмірдің аяқталуы емес, табиғи айналымның бір бөлігі. Күзден кейін қыс, қыстан соң көктем келеді. Бұл – адам өміріне де қатысты үлкен сабақ. Өмірде белгілі бір кезеңдер аяқталып, жаңа кезеңдер басталып отырады. Сондықтан өзгерістен қорықпай, әр кезеңнің өз мәнін түсіне білу қажет
Күз – еңбектің жемісін бағалайтын мезгіл
Күз – ауыл шаруашылығымен айналысатын жандар үшін ерекше жауапты кезең. Көктемде жерге себілген дән жаз бойы күтім көріп, күзде өнімге айналады. Диқанның тынымсыз еңбегі қырмандағы молшылықпен өлшенеді Бұл – адам өміріне де ортақ заңдылық. Білімге жұмсалған еңбек – біліміңмен, маңдай термен атқарылған жұмыс – нәтижесімен, жақсы тәрбие – ұрпақтың өнегесімен қайтады. Сондықтан күз бізге еңбекті кейінге қалдырмауды, уақытты бағалауды және нәтижеге жету үшін табандылық танытуды үйретеді. Қазақта «Қыс азығын жаз жина» деген мақал бар. Оның астарында алдын ала қамдану, ертеңді ойлау деген терең мағына жатыр. Күздің өзі де адамға болашаққа дайын болудың маңызын еске салады.
Күз – адамға ой салатын кезең
Күздің тыныштығы адамды өз-өзіне үңілуге жетелейді. Табиғаттың біртіндеп өзгеруі уақыттың да тоқтамай өтіп жатқанын аңғартады. Кеше ғана көктем еді. Артынша жаз келді. Енді міне, күз жетті. Уақыттың осылай жылдам өтуі адамға әр күннің қадірін білу керектігін ұқтырады.
Күз – өзімізге есеп беруге қолайлы кезең.
Өткен уақытта не істедік? Қандай жетістікке жеттік? Қандай қателіктен сабақ алдық? Кімге жақсылық жасадық? Алдағы уақытта нені өзгертуіміз керек? Осындай сұрақтарға жауап іздеу адамның өзін жетілдіруіне мүмкіндік береді. Халқымыз «Уақыт – алтын» деп бекер айтпаған. Өткен уақыт қайта оралмайды. Сондықтан әр күнді пайдалы іске, жақсы сөзге, ізгі әрекетке арнау – өмірдің ең маңызды қағидаларының бірі.
Күз және шүкіршілік
Күздің тағы бір тағылымы – шүкіршілік. Жиналған өнім, отбасының амандығы, еңбектің нәтижесі, дастарханның берекесі – мұның бәрі бағалай білген адам үшін үлкен нығмет. Шүкіршілік – қолдағы барды бағалаудан басталады. Адам тек үлкен жетістіктерге емес, күнделікті өмірдегі қарапайым қуаныштарға да мән бере білуі керек. Береке тек молшылықпен өлшенбейді. Береке – отбасының татулығында, ағайынның бірлігінде, көршімен сыйластықта, елдің тыныштығында.
Күз – ұлттық дүниетанымдағы береке мезгілі
Қазақ халқы табиғатты әрдайым тіршіліктің ажырамас бөлігі ретінде қабылдаған. Даланың тынысын тыңдап, табиғаттың әрбір өзгерісін бақылап отырған. Күзгі қырман, піскен өнім, жайылған дастархан, қысқа дайындық – халқымыздың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты ұғымдар. Сондықтан «күз – береке» деген түсінік халқымыздың санасында терең орныққан. Бұл береке тек астық пен өнімді емес, елдің ынтымағы мен отбасының тыныштығын да білдіреді.
Күздің адамға берер сабағы
Күз табиғат арқылы адамға бірнеше маңызды құндылықты үйретеді: сабыр, еңбек, шүкіршілік, уақытты бағалау және өзгерісті қабылдай білу. Табиғат ешқашан асықпайды. Әр нәрсе өз уақытында болады. Көктемде дән себіледі, жазда өседі, күзде өнім береді. Адам өмірінде де нәтижеге жету үшін уақыт пен еңбек қажет.Сондықтан күздің үнсіз сабағы мынадай:
Асықпа – әр нәрсенің өз уақыты бар.
Еңбек ет – еңбегіңнің жемісі болады.
Қолыңдағы барды бағала – берекенің бастауы сол.
Өткеннен сабақ ал – болашаққа сеніммен қадам бас.
Өзгерістен қорықпа – әр аяқталудың артында жаңа бастама бар. Қорыта айтқанда, күз – табиғаттың даналыққа толы кезеңі. Ол адамға өзінің сұлулығымен ғана емес, терең тағылымымен де әсер етеді. Сарғайған жапырақ – уақыттың белгісі. Піскен жеміс – еңбектің жемісі. Жиналған өнім – маңдай тердің нәтижесі. Ал табиғаттың қайта жаңаруға дайындалуы – адамға үміттің ешқашан үзілмеуі керектігін меңзейді. Күз бізге өмірдің өткіншілігін ғана емес, оның жалғастығын да көрсетеді. Бір кезең аяқталады, оның орнына жаңасы келеді. Сондықтан өткенге өкініп қана қоймай, одан сабақ алып, бүгінді бағалап, ертеңге сеніммен қарау керек Адам өмірі де табиғат секілді. Жастықтың көктемі, тіршіліктің жазы, тәжірибенің күзі бар. Әр кезеңнің өз орны мен өз сабағы бар. Ең маңыздысы – қай мезгілде де адамдық қасиетті, мейірімділікті, еңбекқорлықты және үмітті жоғалтпау.
Күз – қоштасудың ғана емес, кемелденудің, ойланудың, шүкіршілік етудің және жаңа көктемге дайындалудың мезгілі. Табиғаттың осы үнсіз даналығын түсіне білген адам өз өміріне де тереңірек үңіледі. Ал өмірдің әр күнін бағалап, еңбегін адал атқарып, жақсылыққа ұмтылған жан үшін әр мезгілдің өз мәні, әр күннің өз қадірі бар.
М. Салиходжаев
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай, Мақтаарал ауданындағы маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru