Жат ағымның жастарға әсері
Жат ағымның жастарға әсері
05.12.2022
852
0

Қазақстан – көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Тәуелсіз еліміз үшін дінаралық татулық пен этносаралық келісімді  сақтау маңызды. Алайда елімізде деструктивті ағымдар діни ахуалды күрделендіріп отырғаны жасырын емес. Осыған орай жастарға жат ағымдардың залалын түсіндіріп, діннің құндылықтарын қастерлеу, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы екенін айтып отыру керек.

Дәстүрлі емес діни ұйымдардың қызметіне баға беру өте күрделі. Дегенмен, әлемдік тәжірибе бойынша көптеген елдерде дәстүрлі емес діни ұйымдардың тіркелуіне уақытша шектеулер енгізіліп отырғанын атап өтуге болады. Сонымен қатар дәстүрлі емес діни ұйымдардың бірқатары өздері орналасқан елдің Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін қызметі үшін мемлекеттік органдардың да, қауымдастықтың да тарапынан қатты сынға алынып отырғандығы, тіпті тыйым салынатыны белгілі. Көбінесе бұл дәстүрлі емес діни ағымдар тұлғаның және жеке әлеуметтік топтардың, бірінші кезекте, жастар санасының ауытқуына, халқымыздың мәдени құндылықтарынан қол үзуіне әкеліп соғады.

Дәстүрлі емес діни ұйымдардың идеологиялық және басқа да жұмыстарының нысанына жастар алынатындығы жиі кездесетін жағдай. Жастар әлеуметтік-демографиялық топ ретінде өзіндік, соның ішінде рухани сипаттағы ерекшеліктерге ие. Көпшілік өмірдің рухани негіздерін іздеу, өмір сүрудің мән-мағынасы туралы сұрақтарға жауап табу жолында дінге келеді.

Дәстүрлі емес діни ұйымдарды ұстанушылар өздерінің діни қызметін белсенді атқарады. Олар түрлі жағдайларға икемделіп, елдегі әртүрлі топтардың психологиялық ерекшеліктерін ескере әрекет ете алады. Олар жастарға, олардың ауыспалы талаптары мен талғамдарына баса назар аударады.

Діни ағымдардың қоғамға қауіп төндіретіні рас. Батыстың кейбір елдерінде «дін мемлекеттен бөлек» дегенмен, дінге өте жоғары мән беріледі. Олай етпеген жағдайда қоғамда іріткі пайда болады. Дін үлкен идеология ғана емес, ол – мемлекет біртұтастығының кепілі. Сондықтан мемлекет тарапынан оған мән берілгені жөн.

Бүгінгі таңда жат діни ұйымдардың негізгі қызмет алаңы интернет болып отыр. Интернетте адасу оңай. Бұл аса өзекті мәселе. Жат діни ағым өкілдерінің бұрынғыдай көшеде алдыңнан шығып, парақшаларын тықпалайтын әдеттері баяғыда қалған. Мамандардың айтуынша, ДАИШ халықаралық террористік ұйымының жақтаушылары әлеуметтік желілерден 2 миллионға жуық аккаунт ашыпты. Бұл олардың өздеріне қолшоқпар болатын ізбасарларын қай жақтан іздеу керектігін анық білгендігінің белгісі. Бүгінгі Таяу Шығыста орын алып жатқан жағдайлар соның айқын айғағы. Біздің елімізде де жат діни ағымның жeтегінде кеткендердің 88 пайызына әлеуметтік желі мен интернет видеоресурстары әсер еткенін мамандар айтып келеді. Лаңкестік әрекеттeрімен танылған ДАИШ халықаралық террористік ұйымы әлeуметтік медиа және ғаламтордың тeхнологиялық қосымшаларын пайдалану арқылы өзге елдерден келген содырлармен қатарын көбейтті. Әлем бойынша оларға қосылушылардың 80 пайыздан астамы ғаламтор арқылы арбалғандар.

Деструктивті діни ағымдардың  жастарды арбау әрекеттері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілерде жүзеге асырылуда. Жат ағымды ұстанушылардың басым көпшілігін жастар құрайды. Олар діни ағымдарға рухани азық іздеп кіріп жатқаны да қаперден шықпауы керек. Әсіресе олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар болып табылады және діни сауаты жоқ, жұмыссыз жастарды еліктіріп қатарына тартады. Дінге қызығушылығы бар, алайда діни білімді еліміздегі мешіт, медреселерден алуға ниеті жоқ жастар ғаламторға бір кірген соң шетін идеологияларға тап келіп, сол жерлерде шырмалып қалып жатыр. Facebook,  Instagram, VКontakte сияқты басқа да әлеуметтік желілерде салафизм идеологиясындағы материалдармен танысуға, оны жүктеп алуға, кейін санасы уланған соң таратуға жол ашты. Қазіргі таңда  жастарымыздың интернеттегі теріс ағымға арбалмауы үшін екі нәрсе керек. Олар – медиасауаттылық және сын тұрғысынан ойлау.

Жалпы, дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Кез келген адамды халықтың, не болмаса қандай да бір ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасында қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс-әрекеттерді жасайтын болады.  Мәселен, ерік-жігері төмен жандар сыртқы күштердің әсерімен болған өзгерістерге бейімделгіш келеді. Дәстүрлі емес діни ұйымдарындағыларға салқын санамен ойлау, ой қорыту қабілеті мүлде тән емес десек, артық айтпаймыз.

Соңғы жылдары діни ағымдарды таратушы псевдошейхтар интернеттің күшін білгендіктен сол жаққа қарай ауыса бастаған болатын. Оған 2020 жылғы карантин қосылғаннан кейін олар түбегейлі интернетке көшіп алды. Ал соңғы 2-3 жылда TikTok әлеуметтік желісі пайда болғаннан кейін оның ақпарат тарату күші бұрынғы әлеуметтік желілерден әлдеқайда жылдам екені белгілі болып отыр. Деструктивті діни ағымдардың идеологтары ұсынатын контенттер өте әсерлі, қысқа, түсінікті әртүрлі форматта болып келеді. Бүгінгі таңда технологияның дамуына, заман талабына сай Қазақстан халқының 80 пайыздан астамы интернетте отыр. Ендеше, бұғатталған деструктивті ағымдардан босаған орындарды ұлттық құндылықтарды насихаттайтын материалдармен толықтыру – уақыт талабы. Қазақтың мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін насихаттау, ата-бабалар ұстанған дін мен дәстүр сабақтастығын жалғастыру – діни теріс ағымдарға бірден-бір тосқауыл болмақ. Жоғарыда айтылғандай, медиасауаттылықпен қоса діни сауаттылықты арттыру – ғаламтордағы жат ағымдармен күрестің ең бастапқы жолы. Біз айтып өткен қауіп-қатерлер – көтеріліп отырған тақырыптың бергі жағы ғана. Теріс ағымдардың айла-әрекеттері күн өткен сайын жаңарып, түрлі іс-әрекеттері пайда болуда. Ендеше біз де олардан қалыс қалмай, қарсы насихат пен күрес амалдарын жүргізе беруіміз керек.

Қазіргі таңда дәстүрден тыс діни ағымдар қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы жиі айтылуда. Алайда, жастар теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар. Олар дәстүрден тыс діни ағымдар, дәстүрлі діндерден іргесін аулақ салған, белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін біледі. Алайда, олар өздерін адамның рухани қажеттіліктерін өтейтін, өмірдің мәнін ұғынуға көмектесетін, рухтың мәңгілік екендігін түсіндіретін, пендеге тән қайғы-қасіреттерден құтқарып, өзін-өзі жетілдіруге ықпал ететін адам ретінде көрсетуді шебер меңгеріп алған. Олар діни сауаты жетіле қоймаған, өмірлік бағыт-бағдары жаңа қалыптасып келе жатқан жастарды алдау-арбау арқылы өз қатарларына тартады.

Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып пен дәстүрлі діндерді аяқ асты ететін радикалды ұйымдардың өз ойларын әртүрлі алдап-арбау тәсілдерімен жүзеге асыратынын жастар біле бермейді. Мұның соңы ел ішіндегі ынтымақ пен қоғамның тыныштығына, мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, лаңкестік әрекеттердің орын алуы әбден мүмкін.

Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндердің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.

 

 Б.Өтеген

Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

дінтанушы-теолог маманы                                                                        

0 пікір