Жастар қоғамның айнасы
Жастар қоғамның айнасы
12.02.2025
504
0

Жастар  – болашақтың жарқын айнасы іспетті. Еліміздегі ең елеулі категориялардың бірі болғандықтан, қоғамды дамуға қозғаушы күш болып табылады. Олардың тұрмыс тіршілігін бағдарлау мемлекет үшін маңызды. Себебі, дәл осы жастар мемлекеттің дұрыс қызмет жасауын қамтамасыз ететін буын. 

Заманауи жастардың білімі мен кемелді келешегі қазіргі кезде де қоғамды толғандыратын басты мəселеге айналып отыр. Қоғам өз құндылықтары мен мəдениетінің орнын бағалайтын кейінгі ұрпаққа қалдырғысы келеді. Қазіргі қоғамда тамаша тəрбиеленген, қабілетті, бастамашыл, дүниетанымы терең, көкірегі ояу ұрпақ қоғамның басты діңгегі болып тұрады. Сол себепті қазақ мəдениетіндегі адами құндылықтарды жетілдіру, эконимикалық өркендеу, даму əлем елдерінің арасынан лайықты орын алу секілді көкейкесті мəселелерді талқыға салған кезде осындай мақсаттарға қол жеткізуде жалынды жастардың шешуші қызмет атқаратынын естен шығаруға болмайды.

Бірақ әлеуметтік-экономикалық мәселелер, жұмыссыздық, қоғамдағы әділетсіздіктер кейбір жастардың психологиялық сынуына әкеледі. Сондықтан көптеген отбасылар осы мәселелер негізінде бұзылады, ал баланың қалыптасу кезінде әр кезең маңызды. Осындай қиын кезеңде балалар оқшауланып, өз-өзіне еніп, психологиялық жарақат алуы ықтимал. Болашақта қоғам өміріне дұрыс бейімделе алмаған жасөспірім радикалдың құрығына түсуі әбден мүмкін.  

Қазіргі таңда қоғамда  NEET санатындағы жастар белең алуда. NEET (Not in Education, Employment, or Training) жастар дегеніміз – білім алмайтын, жұмыс істемейтін және ешқандай кәсіби оқыту бағдарламасына қатыспайтын жастар тобы. Бұл термин көбінесе 15-34 жас аралығындағы азаматтарға қатысты қолданылады, бірақ нақты жас шегіне байланысты әр елде әрқалай өзгеруі мүмкін. Мәселен, көптеген дамыған елде NEET жас аралығы 15-24 жас, ал кейбір елдерде 15-29 жас болса,  Қазақстанда бұл шек 2023 жылдың 1 қаңтарынан 15-35 жас болып бекітілді.

2024 жылдың III тоқсанында 6,4%-ды (345,5 мың адам) құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 7,1%-ға (381,7 мың адам) тең болды (Ұлттық статистика бюросы). Нақтылап айтқанда, NEET санатындағы жастардың ең көп саны: Алматыда - 42,5 мың адам; Түркістан облысында - 34,6 мың адам; Астанада – 26,4 мың адам. Ал, ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында - 5,4 мың адам.

Осындай мәселелердің алдын алу керек, өйткені егер де мемлекет бұндай көзқарастағы жастарға көмек бермесе және де ол жұмыс таппаса, ол өзінің проблемасының негізгі қайнар көзі ретінде мемлекетті көру ықтимал, бұл радикалданудың негізге себебі болуы мүмкін. Сондықтан негізгі көңілді жастар арасында дұрыс құндылықтардың қалыптасуына бағытталған шаралар ойластырып, негізгі көңілді жастардың құндылықтарына бөлген абзал.

Патриотизм, отбасы, толеранттылық, заңды сыйлау, мәдени әр алуандылық, білімділік, еңбекқорлық, спорт және денсаулық, кәсібилік және жаңа экологиялық этика секілді құндылықтарды жастар бойына сіңіру маңызды, өткені осы құндылықтарды бойына толыққанды сіңіре алған азаматтар ғана өз отанына, халқына қиянат жасамай, радикалды жолға түспейді.

Тəрбиелі болашағы бар қоғам қалыптастыру үшін халықтың материалдық жəне рухани байлығының дамуын, оның білімділігін, мəдениеттілігін, жеке адамдардың имандылық, қайырымдылық, ізгі қарым-қатынастары, саяси саналығы, өмірге бейімділігі мен ынта-жігерін де біртұтас тəрбиенің маңызды рөл атқаратынын айта кеткен жөн.

«Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» деген  Платонның  сөзі бар. Өйткені ұрпақ тағдыры дегеніміз – қай заманда да ұлт тағдыры. Әрбір қоғамның дамуына байланысты бұл мәселе әрқалай шешілуде. Бүгінгі тәжірибемізде жастарға адамгершілік-рухани құндылықтардың  даму  жолдарын айқындап беру өзекті мәселе болып отыр.

Қазіргі қоғамда, əсіресе жастар арасында дəстүр мен жаңалықтың арасында тұрған жастардың түсінігі мен тəрбиесін талдау қажет жəне заман талабына сай идеялармен, тұжырымдармен ұштастырылған білім берілуі қажет.

 

                 А.Сейдуәлі

  

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                    

 

 

 

0 пікір