«Жаңа таныстардың» улы уағыздары
«Жаңа таныстардың» улы уағыздары
24.03.2023
631
0

Діни ағым жетегіне аңдаусызда еріп кеткендердің көбі бұл жолға қалай түскенін байқамай қалады. Себебі ешбір діни ағым өздерін діни ағымбыз деп таныстырмайтыны белгілі. Олар өздерінің жолын «Ең дұрыс жол» немесе «Бақытқа жетелер жалғыз жол», «Таза Ислам»деп насихаттайды. Нақтырақ айтқанда көпшілік діни ағымдар өздерін «Әһлі сүннет уәл жамағаданбыз»,-деп таныстырады. «Әһлі сүннет уәл жамаға» деп отырғанымыз жалпақ тілмен айтқанда Исламның негізгі бағыты, таза, тұнық Ислам деуге болады. Құран Кәрім мен Хазреті Пайғамбардың (с.а.с.) хадистерін ұстанып, сахабалардың және мәзһаб ғалымдарының ұстанған жолымен жүрушілерді «Әһлі сүннет уәл жамаға» деп атайды.

Жалпы жат діни ағымдардың қатарына адам тарту тәсілі бүгінгі күні өзгерген. Нақтырақ айтқанда заманға сай бейімделген. Қоғам сұранысына қарай ыңғайланған. Осыдан он шақты жыл бұрын шетелдік миссионерлер үйді-үйді аралап, не көшеде адамдарды тоқтатып, әңгімеге тартып, дінін уағыздайтын. Қазір мұндай еркін әрекетке заң жүзінде тыйым салынғаны белгілі. Сондықтан олар басқа әдіске көшкен. Бұрынғыдай адамдармен жүзбе-жүз әңгіме өрбіту мүмкін болмай қалғандықтан олар қазіргі таңдағы жаңа заман технологиясының мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалануға тырысуда.

Құқық қорғау органдарының іс-қимылдарына жасалған анализ де, теолог-ғалымдардың зерттеулері де қазіргі таңда террористік және экстремистік ұйымдардың қатарына адам тарту әрекетінің көбіне жаңа технология арқылы жүзеге асып жатқанын көрсетіп отыр. Мәселен, соңғы жылдары экстремистік баппен сотталған азаматтардың 70-80 пайызға жуығы террорлық-экстремистік ұйымдарға интернет арқылы, соның ішінде әртүрлі әлеуметтік желілер арқылы тартылған. Интернеттің басты ерекшелігі де сол, экстремистер аты-жөнін көрсетпей-ақ өте ауқымды аудиторияны қандайда бір идея төңірегіне тарта алады. Сонымен қатар әлемнің бір шетінде отырып, екінші шетіндегі адамдармен еркін әңгіме-дүкен құра алады. Қарапайым тілмен айтқанда «Жаһандық күшпен ерекше пәрмен» беріп отыр.

Көптеген экстремистік және террористік ұйымдар өзінің идеологиясын таратып, қатарын көбейту үшін әлеуметтік желілерде, сайттарда көпшілікке арналған форумдар құрды. Сөйтіп экстремистік бағытқа адам тарту әртүрлі тәсілімен жүзеге аса бастады.

Бастапқы кезеңде сайтқа кірген не интернет форумға қатысқан адамды сайттың не форумның иесі жалпылама тақырыптарда пікірталасқа тартады. Бұл оларға сайттың қаралымын арттыру үшін қажет. Осылайша көп этаптық адам тарту процесінің басындағы көпке созылған пікір алмасу барысында адамдардың ішінен пікірге ашық, қандайда бір идеологияға тартылуға бейім, сыни ойлауы кем кісілерге ерекше көңіл бөлініп, оларды бірте-бірте басқа чатқа тартады. Ол жерде бұл адамдармен басқаша сөйлесе бастайды. Бұл деңгейге өткен адамдар экстремистік ұйымдардың өкілімен бейсаналы түрде байланысқа түсіп, қандайда бір нақты әрекеттерге көше бастайды.

Тілек білдіргендер үшін радикалды діни ағымдардың есігі қашанда ашық. Алайда олар үнемі өз мүшелерінің құқығын бұзады, оларға  «Сананы бақылау»,-деп аталатын белгілі бір тәсілдерді қолдану арқылы зиян шектіреді. Әсіресе, қатарларына жаңадан қосылған жастарды жасырын түрде ерекше бақылайды. Олардың тексеру тесті мен бағасы, басқа да өзгерістері арнайы журналдар мен жүйелерге тіркеліп отырады.

Қазақстанда бүгінгі күні діни сенім бостандығы жарияланған. Әркім қай дінге сенемін деседе, өзі таңдайды. Бірақ ең бастысы – ол адамдарды психологиялық жағынан жарымжан етпеуі, адамдардың тағдырын жарға жықпауы керек, оларды елдің мемлекеттік саясатына қарсы қоймауы тиіс.

Біз жастардың діни сауатсыз екенін мойындауымыз керек. Мектептер мен жоғары оқу орындарында әлемдік және дәстүрлі діндердің шіркеулеріне, соборларына, мешіттеріне жиі экскурсия ұйымдастырылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, дәл қазіргі кезде жастардың діни және рухани мәселелері «Қолдан қолға көшіп» жүр. Рухани мәселе бүгінгі күні жаттықтыруды, шынықтыруды қажет етеді. XXI ғасыр жастарының жаны мен рухы арасына үлкен жарықшақ түсті. Дәл қазір жаппай технологияланған және интернетке оңай қолжетімді кезеңде адам санасы шыңдалмаған субстанция ретінде көрінеді де, сол ысылмаған санасына жүгінген жастар теріс жолға түсіп жатады. Ал жан бізге дұрыс бағытты, биік құндылықты, рухани жолды нұсқайтын ішкі дауысымызды тыңдату үшін аса қажет екенін естен шығармаған жөн.

 

 

Теолог маман                                 А.Борибекова

0 пікір