Интернет кеңістігіндегі заң
Интернет кеңістігіндегі заң
14.11.2023
647
0

Ақпараттық тұрғыда интернет жалпы ғаламдық феноменге айналуда. Қазір қолымыз босай қалса отбасымызбен бір-бір мобильді телефонға жармасып, жеке басымызбен сол интернетке кіріп кететін әдет пайда болғаны жасырын емес. Интернет ресурстары жеке-дара ақпарат көздерінің шоғырына айналды. Әркім өзі қалаған жазба, не бейне материалды тұтастай қоғамның назарына ұсына алады, маңызды санаған оқиғаға байланысты өз ойын ортаға салу мүмкіндігі бар.

Қазіргі дәуірдің жетістіктерінің біріне айналған, пайдасынан зиянын көп беріп жүрген, заң бұзушылыққа шақыратын жалған ақпараттардың, әлі де тексерілмеген материалдардың таралуына себепкер болып жүрген әлеуметтік желілер туралы сөз қозғамақпыз. Уақытымыздың көп бөлігін осындай әлеуметтік желілерде өткізіп жатқан қоғамның, әсіресе жастарымыздың психологиясында айтарлықтай өзгерістер мен ауытқулар сезіліп те жатыр. Мінезде ашуға тез берілу, сабыр сақтап күте алмау, сонымен қатар кез келген уақытта керек болған мәліметті мобильді телефонның интернетінен табуға болады деген сеніммен, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, жалпы барлығына дерлік әлеуметтік желілерді тиімсіз пайдалануы себеп болып отыр. Сондай-ақ, интернет ресурстарында байланыс орнатудың түрі көбейген сайын жастардың арасында сөздің, достың қадірі жоғалып барады. Виртуалды әлемдегі танымайтын адамдармен араласып, шынайы өмірдегі жұртпен араласудан қалып барады. Сонымен қатар, ғаламтор пайда болғалы кітап оқитындардың қарасы азайды. Ал бұл дегеніміз өсіп келе жатқан ұрпақтың рухани азық ала алмай, ішкі жан дүниесінің тұрақсыздығына алып келеді.

Интернет танымдық ақпараттан көрі, саяси және діни үгіт-насихат құралына айналып барады. Әлеуметтік желідегі айтылған кез келген фейк ақпараттар отыз рулы ел былай тұрсын, тұтас Қазақстанды шарлап, әлемді әбігерге салатыны белгілі.

Әсіресе бүгінгі күні ғаламтор беттерінде ақыл айтатын уағызшылардың саны көбейді. Қарапайым халық бұл білгіштерді  тыңдағанда қайсы дұрыс, қайсы бұрыс айтып жатқанын ажырата алмайтын жағдайға жетті.  Олардың айтылған насихат мәселесінде отанды сүю, ұлттық құндылықтар деген сөз шықпайды.

Жалған ақпарат жайлы сөз қозғамас бұрын алдымен елді елеңдетіп, жұртты әбігерге салған оқиғаларға шолу жасап көрейік. Мысалға жат ағым өкілдері интернетті арбау құралына айналдырып, 2011-2017 жыл аралығында Сирия еліндегі террористік ұйымдарға шақырылған. Ұлтаралық қақтығыс, этникалық топтардың арасында тәуелсіздікке, саяси билікке ұмтылуға, жер дауына, діни, этникалық кемсітушіліктер, экстремистік және террористік әрекеттер әлеуметтік желілер арқылы таралуда. Сондай-ақ, интернет кеңістігінде отырған алаяқтар қарапайым халыққа жалған ақпарат беру арқылы  қалта қағатындар көбейген. Өкінішке орай, осындай жағдайлар көптеген мемлекеттерде орын алуда.

Ел арасында ғаламтордың пайдаланушылары көбейген сайын ел аумағында болып жатқан заң бұзушылықтарда артып келеді. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қоятын құрал ол – Заң. ҚР Қылмыстық кодекстің  174, 274-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқан адам бас бостандығынан айрылады немесе «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы»  кодекстің 490, 453 және 458-баптарына сәйкес жауапқа тартылу көзделген. Демек, ел ішін алатайдай бүлдіріп, сыртынан қызықтап отыратындар анықталған жағдайда жеңіл жазамен құтылмайды.

Ақпарат таратушыны анықтау мүмкін бе? Ақпараттың орталығы бұрын көбіне аурухана, мектеп сияқты әйелдер көп жұмыс жасайтын мекемелерде және қоғамдық орындарда таралса,  қазір ұялы телефон арқылы жарияланыды. ІТ саласының білікті маманы Тимур Бектұр: «Қазіргі технология дамыған заманда кез келген ақпараттың шығу тарихы мен оны кім жазғанын анықтау оңай. Қарапайым мысал, таралған ақпараттағы суретті көшіріп алып Google іздеу жүйесіне саласыз. Сол кезде жаңағы фотосуреттің қашан түскені, қандай оқиғаға байланысты екендігі шыға келеді. Ал Whatsapp  т.б. арқылы жазылып, таралған мәтінді ІD код арқылы тауып алуға болады. Бұл ІТ саласынан хабары бар кез келген адам білетін тәжірибелер. Бұл бағытта құқық қорғау органдарында әлдеқайда жетілген құрылғылар мен аппараттар бар. Сол арқылы жалған ақпарат таратушыны оңай тауып алады. Сондықтан технология қарыштап дамыған заманда ешкімнен, ештеңені жасырып қала алмайсыз. Дұрысы, қазақтың «Тек жүрсең тоқ жүресің» деген нақылын ұстанып жүрген абзал», - дейді.

 

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы                                                                                         А.Дүйсен

0 пікір