Ханафилік – сүннетке ең көп амал етуші мәзһаб
Ханафилік – сүннетке ең көп амал етуші мәзһаб
16.04.2020
907
0

Құран және хадис, сүннет жолын ұстанған жамағатқа ілесетін төрт мәзһаб – Ханафи, Мәлики, Шәфиғи және Ханбалилердің әр бірінің негізін құрайтыны баршаға аян және жасырын емес. Пайғамбардың (с.а.с.) хадистері әр мәзһаб фиқһындағы негізгі қайнар көздің бірі әрі бірегейі болып табылады. Мәзһаб имамдары мен оның артынан еруші ізбасарларының ешқайсысы хадис шеңберінен шықпаған. Хадис-шәриф тұрғанда жекелеген пікірлері мен ойларын алға тартпаған. Мұны Ханафи мәзһабында анық байқауға болады. Өкінішке орай, Имам Ағзам әбу Ханифа және ізбасарлары Ханафи мектебін құра бастаған сәттен бұл мектеп адамдарына «Әһлі раъи» деген ат қойылды. Ол негізінен теріс мағынада қолданылады. Дегенмен, қазіргі таңға дейін кейбір тұлғалар осы жаланы жауып, Ханафи мәзһабын қаралауға тырысуда. Яғни, дін мен мәзһаб дұшпандары: «Бұл мәзһабтың өкілдері аяттар мен хадистерге қарағанда өз пікірлерін артық көреді. Олар хадисті алмастан Имам Ағзамның сөзін қолдайды» - деген секілді негізі жоқ сөздерді айтып келді.

Ибн Хажар әл – Хайтами өзінің Әбу Ханифаның ілімдері жайлы жазылған «Әл Хайрат әл- хисон» атты еңбегінде: «Біл! Ғалымдардың Әбу Ханифа және шәкірттерін «асхабу раъи» деп атауының себебі, оларды кемсітіп, өз ойларын Расулалла (с.а.с.) сүннетінен және сахабаларының сөздерінен үстем деп есептеу еместігін түсінуің шарт. Себебі, олар мұндай ойлардан аулақ» - деген.

Ақиқаты сонда, Ханафи мәзһабында басқа мәзһабтарға қарағанда хадиске еру артық және бұл мәзһаб иелері хадистердің мағыналарын терең және бекем түсінеді.  Ханафи мәзһабының негізгі қайнар көзі ол – Құран. Одан кейін хадистер. Тіпті, даъиф (әлсіз) хадис жалғандық мүмкіндігі бар болған қиястан жоғары қойылған.

Ханафи мәзһабында даъиф (әлсіз) хадис тұрғанда қиясқа, раъиға орын жоқ. Бұл – Ханафиліктің өзге мәзһабтарға қарағанда жоғары екендігінің тағы бір дәлелі. Фиқһ саласында әлсіз хадистен басқа дәлел болмаса, қиясқа не жекелеген пікірлерге сүйенбестен амал жасалынады. Ал мәзһабсыздар қаншалықты сүннетке амал қылатындықтарын жария етсе де, бір мәселеге байланысты әлсіз хадистен басқа дәлел келмесе, оған амал қылмастан өз ой – пікірлерінен қияс қылып үкім шығарады. Демек, Ханафи мәзһабы бойынша әлсіз хадис барлық түрлерімен мүжтәһид не бір фақиһтың сөзінен жоғары болып есептеледі.

Әбу Ханифа: «Алла және Расулынан келген нәрселерді сөзсіз қабыл етеміз. Сахабадан келген сөздердің ең жақсысын таңдап аламыз. Олардың сөздерінен артық шықпаймыз» - деген сөздерін барлық кітаптардан көруімізге болады.

Төрт мәзһабтың ешбірі хадистен шықпаған. Хадис тұрғанда жекелеген пікірді алдыға қоймаған. Ашық дәлел ретінде Құран және хадистен келтірген бірнеше кітаптарын мысал етуге болады. Солардың бірі: муфассир шейх болған Мухаммад Абдулла ибн Муслим Бахлауидің «Адилләтуль ханафияти минәл ахадисин набауияти ъаләл мәсәилиль фиқхия» кітабы. Бұл еңбекті оқыған адам ондағы бабтар тәртібінің жеңілдігі және хадистерді келтірудегі автордың хадис іліміндегі шеберлігіне тәнті болады. Бахлауи бұл кітапта хадистерді фиқһ үкімдеріне байланысты жеке – дара қойған. Мың екі жүз жетпіс хадисті өз ішіне сіңірген кітапты оқыған әрбір Ханафи мәзһабын ұстанушы адам мәзһаб ғұламаларына деген құрметі артып, жүрегі тыныштық табады.

Қорыта келе,  мәзһаб жайлы жақсырақ біліп тереңірек зерттеу, әр мәселеге керемет дәлелдер бар екендігін жақсы түсіну және түсіндіру үшін елімізде бірқатар еңбектер жарық көрді. Солардың қатарында: Алау Әділбаев пен Шәмшат Әділбаеваның «Әбу Ханифа және Ханафи мәзһабы» атты кітабын айтуға болады.

Одан өзге де ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті мен «Дін мәселелерін зерттеу орталықтары» тарапынан жарық көріп отырған еңбектерді оқыған әрбір тұлға туралықты ту еткен мәзһабтардың қаншалықты сүннетке берік болғандығына айқын көздері жетеді деп сенеміз.

 

 Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы теолог маманы Б.Шаймерден

0 пікір