Экстремизммен күрес жолдары
Экстремизммен күрес жолдары
02.03.2021
1486
0

         Экстремизм – шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару термині ретінде анықталады. Экстремизм әр уақытта әр қалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс. Экстремизм мағынасын тек қана бір ғана анықтамамен түсіндіру мүмкін емес. Зерттеуші ғалымдар да осы пікірмен келісіп, әр түрлі ой-пікірлерін жеткізеді. Ұлыбританиялық зерттеуші Ширин Акинердің пікірінше: «Өз идеяларын өз өмірлеріне ғана қолданып қоймай заңды түрде де, көлеңкелі тұстардың мүмкін болған барлық әдістерін қолдана отырып, қоғамға қолданғылары келетіндердің барлығын, экстремистерге жатқызуға болады. Кейбір жағдайда бұл терроризмге жетіп қоғамға үлкен қауіп туғызуы мүмкін» - деп пікірін жеткізеді. Сондықтан да, қандай да бір экстремистік идея адам баласын террорлық іс-әрекеттерге үндеуі ғажап емес. Экстремистік ойларды дер кезінде анықтап, талдап және дұрыс қорытынды шығара білу көптеген өркениеттер қақтығысының алдын ала алады.

         Қазіргі қоғамда дін маңызды рөл ойнап, зайырлы қоғамның негізі қалана бастады. Адамгершілікті, мінез-құлық, толерантты сананы қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде дәстүрлі діндердің рөлі тарихи даму барысында орны ерекше. Бірақ, әлемде жағдай минут өткен сайын өзгеріп жатыр. Бірісі экономикасын дамыту барысында саясатын өзгертіп жатырса, бірі әлеуметтік салаға көңіл бөліп жатыр. Ал, кейбір елдер дінді саяси ойындарда пайдалануда. Дәл осылай экстремизм мен терроризмнің іргетасы қаланып жатыр. Қандай да болмасын қоғамның күрделі әлеуметтік-саяси жағдайларын пайдалана отырып, қоғамдық ортада әлеуметтік-саяси наразылық қалыптастыра бастайды және біздің ұстаным «дұрыс діни сенім» - деп, тозығы жеткен бұл қоғамды тазартуымыз керек, мемлекеттің саясаты дұрыс емес, т.б. осы секілді әр түрлі қисынсыз пікірлерді таратып, халықтың санасын улауға жол бастайды.

         Экстремизм және терроризммен күрес қазіргі заманның өте маңызды мәселесі болып отыр. Оның ішінде діни экстремизмнің орны бөлек. Діни экстремизм көп жағдайда саясатпен бірігіп, қоғамды тұрақсыздандыруға бағытталған және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін құрал. Әлемде болып жатқан жағдайлар қазіргі кезеңде қоғамға тек жай экстремизм ғана емес, әсіресе діни экстремизм өте үлкен қауіп төндіретінін көрсетіп отыр. Оның экстремизмнің басқа түрлерінен айырмашылығы, мемлекеттік құрылымдарды күшпен өзгертуге және билікті жаулап алуға, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға қарсы адамдардың діни ілімдері мен символдарын маңызды фактор ретінде пайдалана отырып, сенім мен діни наным үшін аяусыз күресуге бағытталады.

         Экстремизм мен терроризммен күрес күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Бір ғана адам немесе топ қана айналысатын дүние емес, қоғам болып ат салысатын күрделі мәселе. Экстремизмге қарсы тұратын руханият деп айтсақ артық болмас. Өскелең жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, діни сауатын ашып, дәстүрлі дінімізбен сусындатып, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңдіре алып қана түбегейлі діни экстремизмнің де, терроризмнің де тамырына балта шаба аламыз.

         ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс» - деп пікірін жеткізген болатын. Дін атын жамылып, қой терісінде жүрген қасқырларды ажыратып алу қай кезде болмасын оңай шаруа емес. ҚР аумағында осы күнге дейін әр түрлі экстремистік және террорлық, лаңкестік оқиғалар орын алды. Аты аталған қорқынышты жәйттердің басында, қазіргі таңдағы қоғамды улаушы, қайғы-қасіретке жол бастап жүрген псевдосәләфилік ағымын жақтаушылар еді.  

         Қорытындылай келе, елімізде орын алған әр түрлі жан түршігерлік жағдайлардың негізінде шет елдердегі шейхтарынан, әмірлерінен пәтуа алған, санасы уланып ақ пен қараны ажыратудан қалған жастарымыз өз еліміздің бірілігіне нұқсан келтіріп, өз отбасына қарсы шығумен пара-пар болды. Әрине, осы секілді сорақы істердің барлығы діни білімнің саяздығы, дінді фанатикалық тұрғыдан түсіну, тек қана өздерін ғана таңдаулылар ретінде қарастырып, қалған халықты дінсіздер немесе теріс жолды ұстанушылар секілді қабылдап, олардың жаны мен мал-мүлкін өздеріне адал санаған кейбір жастарымыз отанға опасыздық жасады деп айтсақ артық болмас. Осы секілді әр түрлі экстремистік және террористік жағдайлардың алдын лау үшін ел болып, қоғам болып күресуіміз қажет. Экстремизм және терроризммен күрес барша адамзаттың борышы екенін ұмытпауымыз тиіс!     

 

 

Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ бөлім басшысы, дінтанушы-теолог маман   А.Тағай

 

0 пікір