Экстремизм мен терроризм болашақ жастарымыз үшін қауіпті
Экстремизм мен терроризм болашақ жастарымыз үшін қауіпті
30.06.2021
835
0

Бүгінгі таңда мұсылман әлемінде күрделі қоғамдық-саяси процестер жүріп жатыр. Таяу Шығыстағы және басқа да бірқатар елдер саяси шиеленісті, әлеуметтік және экономикалық тұрақсыздықты, қарулы қақтығыстарды бастан кешуде. Әр түрлі діни ағымдар мен адасқан топтар бұл аймақтарға ашық зорлық-зомбылық пен адамгершілікке жат, қиянатқа негізделген нағыз «Ислам мемлекетін құру» деген желеумен ашық түрде шетел асып кетіп жатыр.                                  

Қазіргі біздің қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – діни экстремизм. Экстремизмнің қай түрі болса да тұтас әлемге, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне, елдің аумақтық тұтастығына, азаматтардың құқығына және бостандығына үлкен қауіп төндіреді. Кез келген ел үшін діни экстремизмнің ең қауіпті түрі – діни ұранды бүркемелеп ұлттар және діндер арасына от қойып, шағыстыру. Оның арты үлкен қақтығыстарға әкеледі. Діни экстремизмнің негізгі мақсаты – өз дінінің басқа діни конфессияларға басым екенін мәжбүрлі түрде мойындату. Одан қалса халыққа өз діндеріне сай құқықтық нормаларды жасап, бөлек мемлекет құру болып табылады. Әсіресе, жастарды алдап-арбап әртүрлі секталарға, түсініксіз ұйымдарға кіргізіп жатқанды құлағымыз шалады.                                                                      

ДАИШ – лаңкестік ұйымы адамзатқа әрі исламға қарсы бағытталған ғасырдың жобасы. Еліміз бұдан да «құралақан қалған жоқ». Қаншама қазақ отбасының шаңырағы шайқалды. Әсіресе бейнеттің зейнетін көруге таяғанда ұлы мен келінінен, тіпті немерелерінен айырылып қалған ата-ананың көз жасы бей-жай қалдырмады. Өзегі тесіліп, өзгенің артынан еретіндей қазақ азғындыққа соншалықты бейім бе еді?! «Әлде қазақ үшін арналған «ИШИМ вакцинасының» ерекше түрі бар болуы мүмкін?» деп те ойлайсың. Ал әлгі «жихадшылардың» кәмелетке толмаған ұл-қыздарының тағдырын ойлаудың өзі көңілге мұң ұялатпай қоймасы анық...       

Қазір ДАИШ-ке алданған жастар өте көп. Олар: «Біз кәпірлермен соғысып жатырмыз, ал біздің арманымыз – жәннат», - дейді, бірақ олар өздерінің мұсылмандарды өлтіру арқылы үлкен күнә жасап жатқандығынан бейхабар. Біз мұндай немқұрайлылықтың алдын алуымыз керек.         

Діни экстремизм – діни фанатизмнің шектен шыққан түрі. Кез келген экстремизмнің мәні – олардың пікірлеріне қосылмағандарға зорлық-зомбылықтарын көрсету. «Діни экстремизм»  әлемді өздерінің  шектен шыққан көзқарастарына сәйкес қайта құруға ұмтылады.  «Діни экстремизм» – террористік іс-әрекеттердің туындауына себеп болатын саяси құрал. Жаһандану заманында «діни экстремизм» қанатын кеңге жайып, халықаралық деңгейге жетіп отыр.  Қазіргі уақытта халықаралық экстремизм және терроризммен тиімді күресу үшін әлемдік қоғамдастықтармен біріге отырып жан-жақты күшейтуіміз керек. Бүкіл әлемдегі кез келген мемлекет бұл «қоғамдық қасіретке» қарсы күресті жеке жүргізу қиындыққа соғады. Елімізде «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 10-бабында: «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарымен және халықаралық ұйымдармен экстремизмнің алдын алу, анықтау және жолын кесу саласындағы өзара іс-қимылы» деп аталады.  Соған қарап отырып, еліміз экстремизм мен терроризмге қарсы басқа мемлекеттермен бірігіп күресуге дайын екендігін көреміз. «Экстремизм әртүрлі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, дінаралық жағдайдың ушығуына да себепкер болуда. Олар қай діннің атынан белсенділік танытса, бәрінен де көп зиян шегетін сол дін. Экстремистер адамдардың  дінге деген құрметі мен сенімін өз мақсаттарына кеңінен пайдалана отырып, дін үшін әрекет етіп жүргендей көрінуге тырысады». Сонымен қатар, өздерінің қылмыстық мақсаттарын орындау мақсатында барлық мүмкіндіктерді пайдаланады, соның ішінде әлемде ең қымбат – адам өмірі, оның денсаулығы мен қоғамдағы күнделікті іс­-қимылын жоюға дейін барады.                                                   

Жаһандану кезеңіндегі сын-қатерлер үдеп тұрған жағдайда, еліміздің басты міндеті – діни экстремизммен күресті күшейту керек. Бұл үшін жастардың бойына діни экстремистік ұйымдардың насихатына қарсы тұратын, берік иммунитет қалыптастыру қажет. Ал бұл тұрғыдағы ең басты антивирус – дәстүрлі дінді кеңінен насихаттау болып табылады. Діни ағымдармен күресеміз деп жүріп, ислам құндылықтарына балта шабуға болмайтынын да назардан шығармауымыз керек. Себебі қоғамда жат ағыммен күресеміз деген ұранды жалау етіп, дінмен күресіп жүргендерді де кездестіріп жатырмыз. Сондықтан, жат ағымның жетегіне ерудің бірден бір себебі – діни сауатсыздық екенін естен шығарып алмасақ болғаны.

Тағы бір айта кететін жайт, ұлт қауіпсіздігін арттыру, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бұл тек қана мемлекеттік органдардың ғана алдында тұрған мақсат емес, қоғам болып күресетін үлкен қауіп. Бұл ретте ортақ мәселеге азаматтық қоғам, дін өкілдерінің де белсенді қатысып жатқанын атап өткен жөн. Әсіресе, жат ағым жетегінде кеткен азаматтармен жұмысты жандандыру – басты назарда. Жастар арасында осындай рухани адасушылықтың алдын алып, ұлттық сананы қалыптыстыруда Елбасының Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру, Ұлы даланың жеті қыры сынды бағдарламалық мақалалары айрықша рөл атқарады. Себебі тарих дұрыс болмайынша, таным дұрыс болмайды. Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу бірінші кезекте тұруы тиіс.                                                          

Қорыта айтқанда, хадисте адам үшін нәпсісінің жаманшылықтарына қарсы тұру және жақсылыққа ұмтылу үлкен жиһад екендігі баса айтылған. Өз кезегінде дін атын жамылған экстремистік идеялар мен шетелдік діни көзқарастар әлеуметтік-рухани ортаға және қоғамның біртіндеп дамуына зиянды әсер етеді. Дәстүрлі құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа беру жүйесі және қоғамдағы біртіндеп даму процесі бұзылады. Руханият осы қоғамда ғасырлар бойы маңызды рөл атқарған ұлттық, мәдени және тарихи құндылықтарды жоғалтып алады. Өкінішке орай, біздің өмірімізде болып жатқан заңсыз әрекеттерге мән бермейтін, бейбітшілікті сақтау тек мемлекеттің жұмысы деп ойлайтын және балаларының тәрбиесіне қызықпайтын ата-аналар бар екенін атап өткен жөн. Отан отбасынан басталады. Отбасында тыныштық болған кезде, елде тыныштық болады, ел өркендейді. Ол үшін біз бүгін балаларымызды зайырлы ғылымдарымен қоса діни ғылымдармен қаруландыруымыз керек. Себебі ол маңызды, өзекті және негізгі міндеттердің бірі болып қала береді, өйткені бұл қазіргі кездегі діни мәселелердің шешімі болып табылады. Олардың кәсіби және адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу – біздің маңызды міндетіміз екендігін жадымызда сақтағанымыз жөн.

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы теолог маманы                             А. Жәлел

0 пікір