Дінді насихаттауда ақын-жыраулардың рөлі
Дінді насихаттауда ақын-жыраулардың рөлі
10.08.2020
1074
0

Қазақ ақын-жыраулар мұрасында дінді насихаттауда – рухани тәрбие туралы шығармалары көптеп кездеседі. Ақылы дария-теңіз данышпан бабаларымыз ертелі-кеш басынан кешкен қилы-қилы хикаяттарды сара пайымдауларынан өткізе отырып тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні деген керемет тұжырымдарға, нақылият өлеңдерге әкеліп тіреп отырған. Олардың, негізгі арналары ең алдымен елдік пен ерлікке, сүттей ұйыған ынтымаққа, адамгершілік пен парасатқа, кісілік пен қайырымдылыққа, қысқасы адамға қажетті ғажайып қасиеттерге тұс-тұстан келіп толассыз құйылып жатады. 

Н. Өсерұлының 1994 жылы шыққан «Мұсылмандық қағидалары» атты кітабының 15-бетінде; «Иманның басы – сенім, ал иманның тәні – бес уақыт намаз, жүрегі – Құран, күмбезі – ықылас, ниет, тілек. Иманның сөзі – Алланы еске алу, нұры – шындық, хақ сөйлеу, дәмі – пәктік, жемісі – ораза тұту, жапырағы – тақуалық, дәрісі – ар, ұят. Иман төрт жерде сақталады: көңілде, жүректе, көкіректе және тәнде. Ал ұят – көзде, бетте, санада сақталады». Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар - ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет. Баланы үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, иманды болуға, адамгершілікке баулу адамгершілік тәрбиенің жемісі. Рух – діннің бұлағы, иман – діннің жемісі. Ақыл – иман күзетшісі. Қоғамның ең басты мәселесі – жас ұрпақты адамгершіліктің ең биік шыңы – имандылыққа, жат діни ағымдардың құрығына түсіп қалуына жол бермеу, оған қарсы тұру. Ислам дінінің адам өміріндегі орны мен қазақ халқының дүниетанымындағы, тұрмыс-тіршілігіндегі рухани құндылықтарының көркем мәтіндеріндегі ғұламаларымыздың тәрбиелік өсиеттерін түсіндіру. Ислам дінінің негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттердегі құндылықтарды салт-дәстүр, әдет-ғұрып тәрбиелерімен сабақтастырып жастар бойына сіңіре отырып, тілін, дінін сүюге, ата-ананы құрметтеуге, сабырлылыққа, төзімділікке, жат әдеттерден сақтануға тәрбиелеу.

Жыраулар мұраларындағы мәселелердің бірі – иман. Иман діни философиядағы ең күрделі, құдайға құлшылық жолындағы қасиетті қажеттіліктердің бірі саналады. Иман шапағатын өзіне жүктеу барлық адам баласының қолынан келетін  іс.

Ақын-жырауларымыз бір Алланың  құлы, Мұхаммедтің (с.а.с.) үмбеті екенін мойындаған, ислам дінін берік ұстап, оның барлық қағидаларын орындауға пейіл берекесін салған.

Сондай-ақ төре әулетінен шыққан Шәді Төре Жәңгірұлы. Шайыр Исламның негізгі іргесі – «ақида» жайлы да тоқталып жырға қосқан.

Бір кітап ақайд деп ат қойылған,

Ішінде хақ сипатын зікір қылған, – деп, Шәді өзінің «Ахуал қиямет» деген дастанын жазады. Ақида іліміне қанық шайыр әуелі Алланың субути және зати сипаттарына ерекше тоқталған. Құранның ішіндегі Алланың жалғыздығын сипаттайтын «Ықылас» сүресінің мағынасын да ашады. Дастанда болмыстың, шайтанның, періштенің, адамның неден жаратылғанын айтып кеткен. Иман – қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата-бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі – осы. Барлық бет-болмысының, мінез – құлқының айнасы. Яғни, Шәкәрім атамыз айтқандай;

Кімде болса шын мінез,

Болмас онда екі сөз.

Өлтірсе де көзбе-көз,

Иманын сатып алмас бөз – дегендегі иман. Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат секілді бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Тіпті адам ғұмырының мәні болып саналатын махаббат сезімінің де негізі имандылықтан басталады.

Ал, атақты жырау Қазтуған өзінің ерлік пен өрлікке, қажыр мен қайратқа толы жырларында Алланы естен шығармаған, оның құдіретін барынша сезінген, ол «Мадақ» жырында: «Бұлыт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылманмен кәуірдің, Арасын бұзып өтіп дінді ашқан, Сүйіншіұлы Қазтуған!» - деп толғаған.  Бір ауыз сөзінің өзі жыраулардың дінді қаншалықты құрмет тұтқаны жайлы мағлұмат береді.

ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Бұқар  жыраудың төмендегі толғауына көңіл аударайық:

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз,

Ер шұғыл пасық залымның,

Тіліне еріп азбасқа.

Үшінші тілек тілеңіз,

Үшкілсіз көйлек кимеске.

Төртінші тілек тілеңіз,

Төрде төсек тартып жатпасқа.

Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытта бес намаз,

Біреуі қаза болмасқа - деп ойлы жырау әріден қозғап жырласа, біз де іштей жыраумен бірге жаратқан ие жалғыз Алладан жоғарыдағы тілекті тілейсіз. Жырау өмірдің өтпелілігін, бүгін алқып шалқып отырғандардың күні ертең-ақ, суы тартылған құдықтай құрғап қалатынын әр қырынан толғаған.

Әз жәнібек хан билерінен «Жігітке жақсы болу үшін не керек?», -деп сұрайды. Олар: «Жігітке бірінші білім, екінші - ғылым, үшінші-ұғым керек» -деген екен. Жыраулар мен билер жақсы мен жаманды, жақын мен алысты, қымбат пен арзанды, қиын мен жеңілді алға тартқан. Мал дауы мен жан дауы, ар дауы мен намыс дауына кесім айтқан. «Тілмен түйгенді, тіспен шеше алмас»-деген тұжырым жасайды. Сараңдықты әжуалайды, бата беріп, тілек қосады. Азалы қазаны естіртіп, көңіл айтады, жұбатады, тоқтам айтады. «Сөз шынына тоқтайды, пышақ қынына тоқтайды»-деп шындықтың туын көтерген «от ауызды, орақ тілді» би шешендерін қастерлеген халықпыз.


«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру»

бөлімінің басшысы  Қ.Салықбаев

0 пікір