ДІН ЖӘНЕ ДӘСТҮР
ДІН ЖӘНЕ ДӘСТҮР
19.02.2020
1538
0

Ислам діні – адамзат тарихына ерекше ықпал етіп, өзіндік мәдениет қалыптастырып, рухани азғындаған талай халықтарға азық бола алды. Ислам ізгілік пен тазалықтың, бауырластық пен даналықтың көрінісін айқын көрсететін жол. Ислам діні таралған жерлерде өмір қайта жанданып, білім-ғылымға көңіл бөлініп, адамзат арасында татулық пен туралықтың нышаны бола алды. Осындай ізгіліктің нышаны болған ең соңғы илаһи дін қазақ даласына VIII ғасырдың орта тұсында келіп орын тепті. Сол кездегі қазақ даласын мекендеген әр түрлі ұлыстар, тайпалар Ислам дінінен нәр алды. Соның ішінде көшпенді түркі тайпаларының наным-сенімі Ислам дініне өте жақын болды.

Араб қолбасшысы Кутайб ибн Муслим Орта Азия, Мәуеренахр жеріне Ислам дінін таратуға орасан зор үлесін қосты. Бұл мекендер ежелден аты шыққан, үлкен сауда орталықтарымен қатар әр түрлі діни көзқарастағы адамдардың шоғыры болып, түрлі мәдениеттердің ықпалдығы айқын көрінетін мәшһүр қалалардан еді. Сонымен қатар соғыстар барысында әскерлермен қатар арнайы дін таратушылары, уағызшылары болды. Олар үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті қауым өкілдерін Ислам дініне бет бұруға шақырды. Осы қасиетті діннен сусындаған қазақ даласы көп ұзамай-ақ, әлемге әйгілі дін ғұламаларын, әр түрлі ғылым салаларына пайдасын тигізген даңқты ғалымдарды дүниеге әкелді.

Сол замандағы түркі тайпаларының діни түсінігінде арнайы бір тылсым күштің бар екендігіне, оған сенуі, олардан медет сұрауы, олардың құрметіне арнайы құрбандық шалып, сол арқылы өздеріне мейірім түсетініне сенген. Ислам діні осындай діни көзқарастағы ортаға сіңісе алды. Қазақтың салт-дәстүрлері мен ғұрыптарына Ислам діні қысқа мерзімде синтезделіп, шариғатқа қарсы келетіндей емес, керісінше сенімдік (ақидаға) мәселелерге байланысты жанама түрде Исламмен ұштастырып әрмен қарай ұрпақтан-ұрпаққа үлкен мирас болып қалды. Бұл мирас ұзақ жыдар бойы қазақ халқына рухани азық болып, қандай да бір қиындықтан оңай шығуға, қоғамның ілгері дамуына үлкен үлесін қосты.

Көшпелі қазақ тайпаларында қандай да бір әлеуметтік түсініспеушілік, құқықтық нормалар, рулық мәселелер, туыстық-ағайындық қарым-қатынастар, жер дауы секілді мәселелерде салт-дәстүрдің алатын орны ерекше. Салт-дәстүр қоғам өмірінің айнымас бір бөлігі. Сәби дүниеге келгеннен бастап, азан шақырып ат қою, қырқынан шығару, шілдехана, сүндет той, беташар секілді әр түрлі жоралғылар дәм тұзы таусылғанға дейін жалғасып жатады. Қазақ салт-дәстүрлері қасиетті Құран кәрімнен, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) хадистерінен бастау алады десек те болады.

Қазіргі таңда дәстүрлі емес көзқарастағы кейбір азаматтарымыз салт-дәстүрлерге менсінбеушілікпен қарап, салт-дәстүрлерді бидғат етіп көрсеткісі келеді. Осындай келеңсіз оқиғалар қазіргі қоғам ішінде жамағаттарға бөлінушілікпен қатар туған-туыс, ата-ана, бауырлар арасына іріткі салып жатыр. Намаз оқымаған ата-анасын, бауырын кәпір санап, бір дастархан басында отыра алмайтындай жағдайға жетіп, бірін-бірі жегідей жеп, әр түрлі кінәләр тағуда. Ата-анасын сыйламай, олардың айтқан өсиетін тыңдай алмай оларға қарсы келіп, өзінің шындығына ғана бас ұрып, адамшылығын ұмытып кетіп жатқан азаматтарымыз баршылық. Сан ғасырлардан мұра болып келе жатқан кейбір дәстүрлерімізге ширк ретінде қарап, Аллаға серік қосу деп танып, келіннің үлкендерге деген ілтипатына, құрметіне түсінбестікпен қарап, негізссіз айыптап жатыр. Негізінде, қазақ өмірінің танымы мен ұлт болып қалыптасуында салт-дәстүрлердің орны ерекше. Салт-дәстүрдің қазақ қоғамына сіңісіп кеткені соншалық, екеуін бөле жара қарастыра алмаймыз. Халқымыздың әрбір ісінде, бастамасында, тіршілігінде салт-дәстүрдің иісі аңқып, айқын көрініс тауып тұрады. Бұл жағдайда діни білімнің саяздығы мен қазақилық салт-санасының дұрыс қалыптаспағандығы көрінеді. Сондықтан, отбасыдағы тәлім-тәрбиені барынша Ислам дініне бейімдеп, салт-дәстүрімізді бойымызға сіңіріп,  өскелең ұрпақтың осы қателіктерді жасамауына көңіл бөле отырып, қоғамдағы осындай келеңсіз жайттарға бейжай қарамай, онымен әрмен қарай күресіп, дәстүрімізді дәріптеп, жастарға жол көрсетіп, бағдар беруіміз қажет.

Дәстүр мен тыйымдардың тағы бір маңызды мәселесі, Құран Кәрім мен пайғамбар хадистерінде көршіге деген құрмет өте жоғары деңгейде көрсетілген. Көнеден келе жатқан «көрші ақысы» ұғымы Құран аяттарына негізделіп, пайғамбар хадистерінен сусындаған. Сонымен қатар құл туралы сөздер негізін А. Ясауи қалаған сопылықта да кездеседі. Тасауф «желінген құл ақысын Мекке де, Текке де тазалай алмайды» ұстанымымен болмысын жалғастыруда. Сонау ғасырлардың өзінде ата-бабамыз көршімен тығыз қарым-қатынаста болып, «Көрші ақысы – Құдай ақысы» деп бекер айтпаса керек. Қасиетті Құран Кәрімнің, «Ниса» сүресінің 36-аятында: «Бір Аллаға құлшылық жасап, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар. Сондай-ақ жақын туыстарыңа, жетімдерге, кедей-кепшікке, жақын көршілеріңе, алыс көршілеріңе, (сапарлас немесе жақын) жолдастарыңа, (елінен жырақта жүрген) мұқтаж жолаушыға және қоластыларыңдағы құлдарың мен күңдеріңе жақсылық жасаңдар. Шүбәсіз, өзін әлдеқандай көретін мақтаншақты Алла жақсы көрмейді»,-деп баядаған. Сонымен қатар қазақ мақалында: «Ағайынның аты озғанша, көршінің тайы озсын» деп, көршілерді туысқандардан да жақын көрсетіп тұрғаны анық. Ибн Омар және Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшсі (с.а.с.): «Жебірейіл періштенің маған көршімен жақсы қарым-қатынаста болу керектігі жөнінде көп өсиет айтқандығы соншалық – тіпті көршіні көршіге мұрагер етіп қоя ма деген ойға қалдым», - деп айтты делінген. Осыдан байқағанымыз көршіге деген сыйластықтың, бауырмашылықтың маңызын түсіндіріп, тығыз қарым-қатынаста болуын өсиет етеді. Тағы бір Әбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Уа, мұсылман әйелдер! Көрші әйел көршісіне қойдың қу сирағын берсе де, сый-сияпат жасаудың ешбір түрін қомсынбасын». Осыдан байқағанымыздай, көршіге қандай да болса құрмет, мейірімділік, кішіпейілділік танытып, көршілермен тату болу керек екендігі анық айтылып, әрқашан бірлікте болып, көрші ақысына үлкен ыждақаттылықпен қарап, мән беріуіміз қажет.

Бүгінгі күнімізге дейін өзектілігін жоғалтпаған, бабаларымыздан жеткен тақырыптардың тағы бірі – қайтыс болған адамға Құран бағыштау. Көпшілік мұсылман елдерінде кең тараған үрдіс. Әһли сунна ғұламаларының басым көпшілігі арнайы бағышталып оқылған Құран сауабының өлілерге тиетіндігін айтуда. Мысалы: Ханбали, Ханафи мәзһабы бойынша және Шафиғи мен Мәлики мәзһабтарының кейінгі үлкен ғұламаларының пікірінше, барлық жасалатын жақсылықтардың, бағышталып оқылған Құранның сауабы өлілерге тиеді. Өмірден өткен ата-бабаларын, туған-туысқанын, құрбы-құрдастарын еске алу үшін жасалатын ғибраты мол құлшылық. Осындай дәстүрдің шариғатқа қарсы келетіндей ешбір тұстары жоқ.

Қасиетті Құран Кәрімде: «Сол мұһажирлер мен ансарлардан кейін келген (һәм солардың ізін қуған) мүміндер болса, Аллаға: «Уа, Раббымыз, бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре гөр...», (Хашр сүресі, 10-аят) деп баяндалған. Ата-бабаларымыз ежелден о дүниеліктерге арнап иәсин сүресін оқыған. Бұл жәйіттің өзі пайғамбар хадисінен алынған. Мағқал ибн Ясардан риуаят етілген. Мұхаммед (с.а.с.): «Өлілеріңе «Иәсин» сүресін оқыңдар!»-деп келеді. Сан мыңдаған жылдардан астам тарихы бар қазақ елінің өлілерге құрмет көрсетуі, халқымыздың парасаты мен даналағын тағы бір көрсетіп, паш етіп тұрғандай.

Қорытындылай келе, дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі. Кемеңгер ата-бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді ғана емес, ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген, қазақтың баға жетпес рухани мұрасы ұлттық дәстүрлерді мирас етті. Еліміздің жастары рухани мирасты, ата дәстүрді, ғасырлар сынынан өтіп, сұрыпталып жеткен ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіре білсе, бүкіл қоғамның тәрбиесі түзелмек. Ұлттық құндылықтарымыз еліміздің бірлігі мен берекесінің нышаны. Елімізде орныққан дінаралық татулық пен келісім – қазақ халқының дәстүрлі рухани құндылықтарын ұлықтауы мен дін саласындағы салиқалы саясаттың жемісі.

 

 

 

«Әдістемелік қамтамасыз ету»

 бөлімі маманы  А.Тағай

 

0 пікір