Болашақ ұрпақ – елдің ертеңі
Болашақ ұрпақ – елдің ертеңі
17.06.2024
535
0

Қай ғасырда болмасын ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі.  «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі ұрпақтардың орны бөлек.

Адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл  парасаты мол, мәдени  ғылыми өрісі озық азамат тәрбиелеу.

Жастардың эстетикалық, діни көзқарастарын қалыптастыруда бүгінгі ғаламтор мен бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы өлшеусіз. Мобильді әлемде өмір сүру, ғаламтор желісіндегі сансыз ақпараттар жастардың діни немесе өзге де мәліметтерді таңдауына дес бермейді. Сондықтан, ең басты бағдаршам – ұлттық құндылық, ең негізгі ұстаным рухани ізгілік болса ғана ұтылмаймыз.

Заманның заңғар тұлғаларының бірі – Міржақып Дулатұлы: «Алыстан алаш десе, аттанамын, қазақты қазақ десе мақтанамын», – деп айтқанындай арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарымыз жаңа идеяларды жүзеге асырып, өміршең істердің бастауында тұрғанда бүгінгі жас ұрпақпен  әрқашанда мақтанамыз.

Кез келген ұлтты қалыптастыратын орта – оның ұлттық мектебі. Сондықтан қазақ мектебінің тағдыры – ел тағдыры. Ұлтымыздың болашағын ойлаған алаштың ардақтылары мұны әрқашан ескеріп отырған. Қазақ халқының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай; «Ұлттың мәдениеттен жұрдай рухпен тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жақтайтын пайдалы азамат шықпайды» деп, ұлт болашағын ұлттық мектепте, ұлттық рухта тәрбиелеу керектігін көрсеткен.

«Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға, жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе:

«Дүние де өзі, мал да өзі

Ғылымға көңіл бөлсеңіз…» - деген тұжырым ұсынады.

Абай адам болуға ұмтылған әрбір жалынды жастың бойына адамшылықтың қандай нәрін, нендей ізгілікті қасиеттерді егу, орнықтыру керектігін «Ғылым таппай мақтанба…» өлеңінде:

«Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз…» – деп, айқындап берді. Осындағы «Адам болу, оған тезірек жетуге, асығуға ұмтылатын бес нәрсе не?» деген сұраққа кемеңгер тұлға:

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой

Бес асыл іс көнсеңіз…» – деп, кесімді, тұжырымды жауап береді.

Расында, бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, келешектің келбеті емес пе? Сол себепті олардың білімді, алғыр, бәсекеге қабілетті болып өсуі ел дамуындағы аса маңызды фактор. Мемлекеттің тұтастығын сақтау үшін жастарға уақыттың кез келген сынына дайын болып, бәсекеге төтеп беруге тура келеді. Ол үшін сергек сана, білім, дарын, заман көшінен қалмай жаңа технологияны меңгермек керек.

 

 Айдана Сейдуәлі

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                         

 

 

0 пікір