Бірлігі мығым ел озар
Бірлігі мығым ел озар
24.04.2024
394
0

Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Иә, бұл халық нақылы бүгінде өз өміршеңдігін көрсетіп жатыр. Ынтымақ пен ымыра бар жерде, береке мен ырыс болары айдан анық. Қандай ел болмасын, терезесі тең, керегесі кең болғанын аңсайды. Шүкір, қазірде Қазақстан өзіндік саяси және экономикалық жүйесі қалыптасқан, әлем елдері мойындаған егеменді, тәуелсіз мемлекет. Яғни, қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қауымдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Еркіндікті аңсаған ата-баба мұрасы жүзеге асып, Алаштың ең асыл мұратына қол жетті. Бір сөзбен айтқанда, ғасырлар бойы тағдыр талқысына тегеурінді қарсы тұра білген Ұлы Дала елі ұлыс пен ұлтты құтты қонысына сыйдыра білген дархан елге айнала білді. Бірлігі мығым елдің белін ешкім сындырмас деген. Халқымыздың басы бір болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған сәтте қандай қиыншылық болса да еңсере білгені әмбеге аян. Ел басына күн туса ер етігімен су кешер деген. Бірнеше апта бұрын басталған су тасқыны еліміздің бірнеше аумағын көптеген ауылды басып қалды. Қазірде үлкен қауіппен бетпе-бет келіп жатыр. Осындай қиын қыстау кезеңде халқымыздың елдігі сынға түсіп тонның ішкі бауындай бола білді. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін Жайық өзенінің жағасын көтеру үшін тынбай жұмыс істеп жатқанын көргенде жоғарыда айтылған даналық сөзге еріксіз бас ұрасың.

Төле би жастайынан атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алған. Бірде жас Төле әкесіне барса, жасы жүзге тақап қалған әкесі ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Сонда Төле: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» деп сұрайды. Әкесі әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдыртады да:

Балам, мынаны сындырып көрші дейді. Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды. Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы дегенде, ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындыра береді.

Сонда әкесі: ұлым бұдан не түсіндің? дейді.

   Төле: Түсіндім, әке бұл мысалдың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, ынтымағы жоқты жау оңай алады дегеніңіз ғой дейді.

Қазақ халқының өмірлік тәжірибесінде «бірліктің» маңызы орасан зор. Қазақ өз тарихында бірліксіз тірлік қылғанда ғана қапыда қалып отырды. Бірлік адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың бірден-бір алғышарты. Ол белгілі бір топтың, ұжымның, халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайды. Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «бірлік болмай тірлік болмас», «бірлік түбі – береке», «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйген. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш – күншілдік, іштарлық, араздық деп тауып, жұртшылықты мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан, ел тізгінін қолына ұстаған адамдар – ақсақалдар, билер, хандар ел ішіндегі асқынған дау, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сына түспеу жағына баса көңіл бөлген.

Бірлік түбі – береке. Жаратқан халқымыздың осындай ақ пейіл адалдығынан, бірлігінен ажыратпасын. Елімізді басып жатқан тасқын суды еліміз қажыр-қайратымен еңсерер. Мың өліп мың тірілген халқымыз бұдан да үлкен қиын кезеңдерді еңсерген. Бұдан өтер.

 

 Қ.Қосмаханов

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 теолог  маманы

0 пікір