Білімді болмақ керек
Білімді болмақ керек
09.09.2019
75
0

Білім алу – құндылығы өшпейтін,  құны алтынға бергісіз өміршең қағида.  Адамзат тарихына зер сала қарар болсақ, қашанда білімділердің аты осы күнге дейін өшпей өзіндік орнын тауып келеді. Осы күнгі озық технологиялардыңда қарыштап дамуына тек біліммен ғана қол жеткізіп отырғаны мәлім. Адамзат баласы білімді болудың арқасында аспан есіктерін тауып, адам аяғы тимеген айға табан тіреуде. Ақыл – тозбайтын тон, білім сарқылмайтын – қазына деген нақыл сөз осының айғағы іспетті.

          Ислам дінінің жолбастаушы кітабы – Құран Кәрімнің алғашқы аяты Алақ сүресіде «Оқы!» «Сені жаратқан Раббыңның атымен Оқы!» деп білім алуға шақырумен басталады және білім сөзі 780 жерде кездеседі. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с жеткен хадисте «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз» және «білім алу тал бесіктен, жер бесікке дейін» деп білім алуға жол нұсқайды.  Осылайша исламның алғашқы дәуірлерінде мұсылман әлемі білім, ғылым жағынан алдыңғы қатарға шықты. Тіпті кейбір халифалардың бір аударма жұмысы үшін ғалымдарға дорба толы алтын бергені де тарих беттерінен кездесіп жатады. Бір ғана Ибн Синаның «Шифа» атты іргелі шипагерлік кітабы Еуропа кітапханаларында 600 жылдай өзінің құндылығын жоғалтпай оқытылғандығы ақиқат. Қазіргі таңдағы психология, социология, логика, жаратылыстану салалары сол дәуірлерде ғылым саласы ретінде зерттеле бастады.

Қазіргі таңда да оқу, білім, ғылым сөздері өзінің құндылығын жоймай келеді. Ғылымның әртүрлі салаларында адам игілігі үшін күн сайын жаңалықтар ашылуда. Алла Тағала Құран Кәрімнің Зүмәр сүресінің 9 аятында «Білетіндер мен білмейтіндер теңба?» деп білімді мен білімсіздің аражігін айқындап көрсетсе, ал басқа Құран аяттарында «ойланбайсыңдарма, ақыл иелері үшін жаратылыстарда ғибраттар бар» деп адамзатты білім-ғылымға шақыруда. Ат үстінде жүріп, ұлан байтақ даланы қорғап, осы күнге мирас еткен бабаларымызда білімді бірінші орынға қоя білген. Кезінде Жиренше шешен Әз Жәнібектің не өлмейді? деген сұрағына:

Ғалымның аты өлмейді,

Жазған хаты өлмейді деген екен.

          Хакім Абай өзінің жиырма бесінші қара сөзінде «..... Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!...» деп жалпы қазақты оқуға, білім алуға үндейді. Қазақтың ағартушы ұстазы Ы.Алтынсарин атамызда өзінің өлең жолдарын:

 Бір Аллаға сыйынып,

кел балалар оқылық деп – қазақ балаларына білім беруге, әріп танытуға ұмтылған. Заман көшінен қалмай, алға ілгерілеу үшін – әуелі, білмек, танымақ керек. Білім қашанда болмасын ізгілік пен парасаттылықтың символы ретінде қала берері сөзсіз.

 

Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы

«Дін Мәселелерін Зерттеу Орталығы» КММ – нің

 Созақ ауданы бөлімінің теолог маманы Қ.Қосмаханов

 

 

         

     

0 пікір