Ұлттық құндылықтар - ел болашағы
Ұлттық құндылықтар - ел болашағы
04.02.2020
7497
0

Қазақстан көпұлтты және  көп конфессиялы мемлекет. Ислам Қазақстанды мекендейтін түрлі этностар арасында басымдыққа ие дін ретінде қазақстандық қоғамды біріктіру жолында маңызды рөл атқарады. Исламның құндылықтары негізінде Қазақстанның көптеген халықтарының мәдениеті жатыр. Ұлтты ұлт ретінде құраушы сол ұлтқа тән құндылықтары. Әрбір ұлттың өзіне тән құндылықтары болады. Қазақтың «Тал бесіктен-жер бесікке» дейінгі тіршілігі салт-дәстүрлерден құралған.

           Теріс діни ағымның жетегінде жүрген, солардың идеяларын жамылған кейбір азаматтар дәстүрлі исламның құндылықтарын аяққа таптап, оның ішінде жанұя мен отбасы құндылығына үстіртін қарап, ойыншыққа айналдыруда. Олар дінді мәдениетке қарсы қою, ислам дінінің мәдениетке қосқан үлесін мойындамау, ислам мен қазақи салт-дәстүрді қарама-қарсы суреттеу арқылы тарихымызда орын алған ислам дәстүрін жоққа шығарды. Осының нәтижесінде тарих пен діннен ажыратылған ұлттық  мәдениет жасалынды. Ата-бабамыз ұстанып, бүгінгі ұрпаққа мирас еткен  рухани қағидалар бұрмаланды. Дін мен ұлттық мәдениетті бір-біріне қарсы қоюшылар Ислам рухына сәйкес келмейтін қағидаларды қолданып жүргенін көбіне сезіне бермейді.

Қазақ мәдениетіндегі дүниетанымдық тұжырымдамалардың қалыптасуындағы ислам құндылықтарының негізін анықтау, ислам діні мен қазақ мәдениетінің рухани құндылықтардың өзара байланысы мен ерекшеліктерін тану арқылы, дәстүрлі исламға жат, радикалды ағымдардың қоғамға таралуының алдын алудың алғышарттары болып табылады. Сондықтан, бүгінгі таңда, тәуелсіздіктің жағдайында, «қазақ мәдениеті және ислам» тақырыбын жан-жақты зерттеп, зерделеудің, кең насихаттаудың маңызы өте зор.

Белгілі философ Гердер ұлттық салт-дәстүрлердің мемлекет дамуындағы рөліне ерекше баға беріп: «Салт-дәстүр – тіл мен мәдениет бастауларының анасы»,- деп тұжырымдаған. Мемлекеттік тіл, діл, тарихи дәстүр мәртебесін биік қойған еліміздің әрбір азаматы бүгінгі күнгі әлеуметтік, рухани келеңсіздіктерге төтеп бере алатындығы сөзсіз. Отбасында берілген ізгі тәрбие баланың дүниетанымын дұрыс қалыптастырып, болашақта қоғамға пайдасы зор азамат болып жетілуіне негіз болады.

Рухани құндылықтарына, мәдени мұрасына eрeкшe мән бeргeн eлдің іргecі бeрік, кeлeшeгі кeмeл. Біз – үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсететін, әкесі тұрып ұлы сөйлегеннен безетін, қызына қырық үйден тыйым салатын, ата-анасын құрметтейтін, көрші мен қонақтың көңілін табатын, тағы да басқа көптеген асыл қасиеттерді бойына сіңірген бірегей халықпыз.

Дін мен мәдениеттің өзара байланысы жайлы мәселе көптеген ғалымдарды қызықтырып келген. Әрбір азаматтың өз тарихы, рухани құндылықтарымен таныс болуы, қоғамның мәдени тұтастығын қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды іс болып табылады.Тәуелсіздік алғалы бері рухани-мәдени тұрғыдан жаңғыруға деген халқымыздың бойында ерекше құлшыныстың туғаны рас. Осы тұрғыда ақ пен қараны ажыратуда рухани өзегіміз бен мәдени құндылықтарымызды өз деңгейінде танып білуіміз міндетті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» - дей келе, салт-дәстүрді жаңғырту, сақтау, қажеттігін баса айтты.

          Ұлттық құндылықтарын, дінін, ар-намысын асқақ та бекем ұстайтын халық қана біртұтас ұлт болып, баянды болашаққа жол алмақ. Қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, әдеп пен иман секілді тектілік қасиеттерімізді жаңғырта дамыту – бүгінгі күннің басты талабы, Мәңгілік Қазақ елі болуының алғышарты. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара байланыстыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу ұлттық идеяның негізгі бағыты болып табылады.

          Ұлттық құндылықтар – ұлттық түсініктің негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты негіздерінің бірі. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген құндылықтар. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ал, осы ұлттық идеологиямыз әлсіз болса барлық салаға өзінің кері ықпалын тигізетіні белгілі.

          Қорыта келе, тәрбие беруде ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз қоғамның әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады деп ойлаймын.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1)  И.Г. Гердер. Идеи к философии истории человечества. Москва, 1977, с. 252

2) Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы

 

 

 «Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру

және үйлестіру» бөлімінің маманы А.Сейдрахман

0 пікір