Шариғат заңынан, қазақтық қалпыңнан – айныма
Шариғат заңынан, қазақтық қалпыңнан – айныма
06.11.2019
1045
0

Қазақ халқы ғасырлар бойы  болашақ  ұрпақтың   тағдыры туралытолғанып,  қыз баланың, бойжеткеннің, болашақ ананың  тәрбиесіне мұқият көңіл бөлген. Біздің дана халқымыз «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі»  қағидатын ұстанды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев  «Қазақстан 2050 стратегиясы» Қазақстан халқына Жолдауында  біздің қоғамымыздағы әйелдің, ананың рөлі туралы былай деді: «Мемлекет үшін және жеке өзім үшін  де ананы қорғау – ерекше мәселе. Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретіндігімізге тікелей байланысты. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары». 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осыған дейін діни киім мәселесіндегі өздерінің ресми ұстанымын бірнеше рет жариялағанын айтып отыр. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде шариғат талаптарын сақтай отырып, қазақ халқының салт-дәстүрлерін ескеріп, жинақы киінуге кеңес берген болатын. Көзге ерсі көрінетін, дене бітімін айқындайтын, қара түсті киім-кешектерді пайдаланбаған дұрыс деп айтып кеткен. Алайда паранжа (ниқаб), қара киім кию бұл ата-бабаларымыздың жолы емес», - деп айтылып кеткен.

Орталық Азияның үш елінде киім мәселесі қызу талқыға түсті. Бір елде «шетелдік» діни киім биліктің қырына ілінсе, көрші елде батыс үлгісіндегі ашық көйлекке тиісті. Ал үшінші елде дәстүрді құрметтеу қажеттігін айтады.

«Пәрәнжі киетін әйелдер де бар екеніне наразылық білдірген Тәжікстан президенті Рахмон бұл киімді «тәжік мәдениеті мен дәстүріне сай емес» деп атады. «Халқымыз ешқашан да қара киім кимеген. Дәстүрлі мейрамдарға бұндай киіммен келуге болмайды. Тіпті қайғы-қаза болған жағдайда да бірыңғай қара киген емес» деді ол.

«Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді»,-деп айтқан еді.  Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесуі кезінде. Елбасы осы жиында қазақ мәдениетінің тарихына, қазақ әйелдерінің дәстүрлі киіміне тоқталып, қара киім мен діннің арасында ешқандай байланыс жоқ екенін айтты.

Ислам діні туралы мәселе туындаған кезде әйелдердің бас киімі хиджаб мәселесі жиі сөз болады. Хиджаб – араб сөзі, «жамылғы» деген мағынаны білдіреді, әйелдердің басын, мойнын жауып тұратын орамал. Никаб – әйелдердің тек көздерінен басқа бетін жабатын Сауд Арабиясында шиит мұсылмандар арасында тараған бас киім. Паранджа – Ауғанстанда тараған, бетті толық жабады, тек көздерінің тұсында ойылған жерлері бар. Бұлар қазақ әйелдерінің ұлттық бас киімдері емес. Мұсылман елдерінің әйелдері де бұл киімдерді кие бермейді. Хиджаб киюге Құранның «Нұр» сүресінің 31 аятындағы «Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін. Бірақ ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін»-дегенді дәлелге келтіреді. Алайда, жоғарыда аталған сүренің 30 аятында «(Мұхаммед с.а.с) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы» делінген. Осыдан аңғарғанымыз екі аятта хижаб кию емес, Алла тағала еркекке де, әйелге де өздерін нәпсіқұмарлықтан аулақ ұстансын дегенін ата-бабаларымыз ежелден білген. Қазақтың әдеби тілінде әурет сөзінің екі түрлі мағынасы бар: 1. Адам денесіндегі ұятты жерлер. 2.Шырай, өң, рең.

Қазақ үшін ұятты жер деген ұғымға қыз баланың бет-жүзі мен шашы кірмейтіні, оны ешқашан жасырып-жаппағаны баршамызға белгілі. Жыр-аңыздарда, ешбір тарихи деректе, ешбір бейнелеу өнерінің туындысында қазақ даласында хижабпен жүрген әйел баласы кездеспейді. Қазақта «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген ұлағатты сөз бар. Әрбір ұлт өз болашағын қыз балалармен, әйел-аналармен байланыстырады.

Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2017 жылғы 20 маусымдағы №500 жарлығында «білім беру ұйымдарында белгіленген киім үлгісіне қойылатын талаптарды сақтау»-яғни білім беру мекемелерінің ішкі тәртіп ережесіне бағыну керек. Әнас бин Мәлик риуаятында: Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Тіпті, сендерге басы қап-қара мейіздей хабаш құлы басшы етіп бекітілсе де, оған құлақ асыңдар және бойұсыныңдар », -деп бұйырған.

 Жалпы жастарымыз ата-бабаларымыз ұстанған құндылықтарды құрметтеп, оны дәріптесе, дініне берік болары хақ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазхабын ұстанған сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық аслт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ізгі дін-ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны жөн»-деп атап өтті.

Қорыта келе Қ.А.Иасауи бабамыздың мына сөзімен аяқтаймын:

Үлкен, кіші, адамдардан әдеп кетті,

Қыз-келіншек, нәзік жаннан ұят кетті.

«Ұят барда иман бар» деп Расул айтты,

Арсыз қауым бүлдіріп кетті, достар.

Мұсылман мұсылманға болды қатал,

Нақақ істеп хақ жұмысын бұзды батыл.

 

 

Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу

орталығы» КММ-нің «Ақпараттық-түсіндіру

жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру»

бөлімінің маманы

Салықбаев Қайрат Құралтайұлы

0 пікір