Қазақ салтындағы бала тәрбиесі
Қазақ салтындағы бала тәрбиесі
13.02.2020
16138
0

Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Себебі ертеңгі күні сол ұрпақтан елінің абыройын көтеретін, жерін қорғайтын нар тұлғалы азаматтар өсіп шығатынына сенген. Сол себепті ата-бабамыз «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Балаға тәрбие отбасынан басталатынын және өте маңызды екенін аңғаруға болады. Қазіргі уақытта елімізде бала тәрбиесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Егерде баланы отбасында ислам дініне және салт-дәстүрге қанық қылып өсірсе, елімізде келеңсіз жағдайлар орын алмас еді.

Ата-бабамыз бала тәрбиесін ислам дінімен ұштастырып, баланы тәрбиелеуде үгіт-насихатты діннен алғанын көруге болады. Ендеше бала тәрбиесінде асыл дініміз не дейді соған тоқталып өтсек. Абдурраззақтың хадис кітабында, Алла Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен қиямет күні үмбетімнің көптігімен мақтанамын» деп үмбетіне отбасы құруды және ұрпақ өрбітіп, өріс кеңейтуді насихаттауда. Яғни Алла Елшісі үйленуді, ұрпақ өрбітуді сол ұрпақты діннен құнарландырып бір үмбеттен болуды айтуда. Әбу Даутте келген келесі бір хадисте, Алла Елшісі (с.а.с.) «Сендер қиямет күні өздеріңнің есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар, сондықтан да, есімдеріңді жақсартыңдар» - деген. Сәбиге жақсы ат қоюдың маңыздылығын айтқан. Негізінде дін бойынша әкенің балаға бірінші салихалы ана тауып үйлену, екінші жақсы есім қою, үшіншіден құранды үйрету сияқты міндеттерді орындауы әкенің негізгі міндеті. Осы орайда ислам дінінде бала тәрбиелеуде үлгі ретінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) алсақ өте орынды болады. Бірде сахаба Усама ибн Зәйд (р.а.) болса: «Алла Елшісі мені бір тізесіне немересі Әлидің баласы Хасанды екінші тізесіне отырғызып, екеумізді бірдей бауырына басып былай дейтін: «Уа, Раббым! Бұларға рақымшыл бол. Мен бұларға шексіз мейірімдімін». Шынында да Пайғамбарымыз (с.а.с.) балаларға мейірім шапағатын төгіп, еш уақытта балаларды бөліп жарған емес, өзгеде балаларға бірдей мейірімді қамқор болатын. Бұл жөнінде Әбу Дәудтің хадис жинағында «Кішкентайларға мейірім көрсетпеген бізден емес, (яғни менің үмметімнен емес)» деген болатын. Кішкентай балаларға өскенше мейірімді болуды және рахым төгуін үгіттеген.

 «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» – деп М.Әуезов айтқандай қазақ тәрбиесінде бесіктің орны бөлек. Сәби кезінен бесікке жатқан бала бесіктен түрлі жыр-дастанды, тәрбиелік маңызы бар ертегі, өлеңдерді естиді. Халық арасында ауыздан ауызға көшіп ел арасында таралып кеткен бесік жырында діни өлеңдер, үлгілі әңгімелер бар. Бесік жырының мақсаты баланы тыныштандыра отырып, баланың санасына ұлттық тәрбиенің, діннің нәрін сіңіру. Бесік жырында Алланы мадақтап дін туралы хабар берген, салт-дәстүрден және батырдың жыр-дастанына жақсы әңгімелерге сәби кезден қанып өскен. Осы тұста қазақ халқы баланы бес жасқа дейін патшаңдай көріп, мейірімді болу керектігін үгіттеген. Бес жастан он үшке дейін жұмсауды бұйырып, он үштен кейін өзіңмен теңдей досшы сырласа біл деп насихат айтқан.

Қазақ елі баланы тәрбиелеуді басты назарға ұстаған. Он үш жаста отау иесі қылып, он бес жасында елді басқаратын дәрежеге жеткізген. Халқымыз не ексең, соны орасың деп бекер айтпаса керекті. Сәби бала ошақ қасында қандай тәрбие көрсе өскенде де солай болатыны ақиқат. Егер бала отбасында мейірімге толы дінге қанық, салт-дәстүрмен тәрбиеленіп өссе болашақта еліне, жеріне қызмет ететін жақсы азамат болатыны анық. Ұл бала өсірсе баланың тәрбиесіне әкесі немесе ағалары көңіл бөлген, ұл баланы тәрбиелеген кезде де дұрыс мәміле құрып, баланы төзімділікке және еңбекке баулып өсірген. Өтірік айтпауға, біреудің ала жібін аттамауға, ұрлық жасамауға баулыған. Қыз баланың тәрбиесіне анасы, жеңгесі немесе әжесі көңіл бөліп ибалы, инабатты қылып тәрбиелеген. Қыз айттырсада, құда түсседе қыздың жанында әрдайым жеңгесі жүретін болған. Қызға азды-көпті ақыл кеңесін айтып, қыз баласын жігітпен жолықтырсада жеңгесі қасынан табылып отырған. Осындай тәрбиенің арқасында қыз аттаған босағасында абыройлы болған. Қазіргі таңда жас қыздар босаға аттамай тұрып ия болмаса мектеп кезінде – ақ некесін қидырмай екі қабат болып жатқаны қаншама. Үйінде естімеген жылы сөзін ғаламтор желісіндегі жігіттен сүйдім-күйдім деген басқада жылы сөздерін естіп алданып қалып жатқан қыздарымыз жетерлік. Жоғарғыда айтқандай ақ жаулықты әжесі, анасы жылы сөзін төгіп қызды тәрбиелесе өскен кезде жеңгесі әрдайым жанынан табылып ақыл-кеңесін айтып жүрсе бұндай жағдай болмайтыны анық.

Ал қазіргі кезде жас отбасы баламыз біз көрген қиындықты көрмесін, таршылықты сезінбесін деген желеумен балаларына қалаған нәрселерін әпереді. Осы тұста осалдық танытып жатқанын түсінбейді, саналық тұрғыдан да балаға қалағанын әперу машақатсыз келген нәрселер баланы еріншектікке және жаман әдетке тәрбиелейтіні анық. «Шайнап берген ас болмас» деп қазақ халқы айтқандай әр бір келген дүниенің бала үшін құны болмай қалатыны тағы бар. Осыдан кейін бала үшін әрбір нәрсе ақшамен теңеліп, бала барлығын ақшамен сатып алынатындай көрінеді, кейбір дүниелер ақшасыз келетінін бала түсінбей өседі. Көк тиын құны жоқ болған «мейірім», «шапағат», «бауырмашыл», деген дүниелерді бала сезінбей өседі. Бұндай нәрселерден алшақ өскен бала үшін әке-шешесіне қарау, мейірімін төгу деген нәрселерде сараңдық танытады. Қарттар үйінің көбеюі, әке-шешесін апарып тастауы қазіргі таңда ерсі қылық болмай қалғаны ащыда болса шындық. Жастардың рухани байлығы тым төмен болса, олардан елге де, жұртқа да, ертеңгі келешекке де мардымды пайда әкелмесі анық. Жақсы жардың қадірін білмейтін жаман еркектер, ер қадірін білмейтін жайсыз әйелдер қайдан шығып жатыр? Осы рухани құндылықтың жоқтығынан шығып жатыр.

Қортындылай келе, Имам Бұхаридің сахих кітабында Ибн Омардан Алланың елшісінің (с.а.с.) былай дегенін риуаят еткен: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапкер, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапкер, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапкер. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер» деген. Хадисте келгендей әкесі отбасына жауапты, әйел кісі күйеуінің отбасына және бала-шағасына жауапты. Жоғарғыда айтылғандай әр кісі өз міндетін жақсы атқарса келеңсіз жағдайлар болмасы анық. Сөзімізді қорта келе жас бала енді бүршік атып шығып келе жатқан жас шыбық тал секілді. Жас шыбықты дер кезінде таза ұстап, суғарып тұрмасақ тік түзу өсуі екі талай. Жас шыбықты қалаған жағыңа иілдірген секілді жас баланы рухани құндылықтарға бай әрі салт-дәстүрге қанық қылса, тәрбиелі болып өсетіні анық.

 

 

«Қоғамдағы дін қатынастарын

зерттеу» бөлімінің маманы Н.Әмзеев

 

 

 

0 пікір