Қазақ халқы Тәңіршіл ме?
Қазақ халқы Тәңіршіл ме?
21.12.2020
1492
0

Әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып империя КСРО 1991 жылы ыдыраған тұста 15 одақтас республика тәуелсіздік алып дербес мемлекетке айналды. Бұл елдердің ішінде Қазақстан Республикасы да бар еді. Сонымен, ел арманына жетіп, шекарамыз шегенделіп әлем картасында Қазақстан атты дербес, тәуелсіз мемлекет пайда болды. Мемлекетіміздің сыртқы қауіпсіздігін қорғайтын әскери күшіміз де қалыптасып үлгерді. Бірақ кез-келген қоғамды құрдымға жіберетін сыртқы күш емес ішкі тұрақсыздық. Айтпақшы болып отырған мәселе, 1990-1991 жылдары ішке сырттан кірген шетелдік дін таратушы миссионерлер мен іштен шыққан халықты адастырған теріс діни бағытты ұстанушы топтар. Олардың ішінде сәләфиттік бағытты ұстанушылар, ата жолы, Алля аят және тәңіршілер т.б болды. Бүгінгі мақаламызға арқау болған тақырып – тәңіршілер жайында болмақ.

Бұған дейін «тәңір» деген сөз қазаққа таныс болғаны болмаса  «тәңіршілер» деген діни топты бірі естісе бірі естімеген-ді. Осыдан бірнеше ай бұрын «Тәңіршінің жаназасы» атты тақырыпта арнайы хабар көрсетіліп қоғамда біраз талқыға түсті. ҚМДБ өкілдері тарапынан болсын, дінді зерттеуші ғалымдар тарапынан болсын сынға ұшырап, адастыға шығарып жатты. Ал, өздерінің түсіндіруінше ата-бабамыз мұсылман болмаған «тәңірлік» дінді ұстанған «мұсылман» деген сөз сатқын дегенді білдіреді-міс. Қазақ амандасып, жағдай сұрарда әуелі «Ассалаумағалейкүм» «Уағалейкүмәссләм» деп қол алысып, төс қағыстырған соң мал-жан аман ба? деп сұраушы еді. Ал, бұл жолды ұстанушылар «Ассалаумағалейкүм» сөзінің орнына «Армысың?» деп есендік-саулық сұрасатынын арнайы ток-шоулардан көрдік. Бұл діни топты дәріптеуші әрі насихаттаушы Тоқтар Абыз өзінің сөзінше «жасап жатқан істері тек қазақ халқы үшін, тәңірлік діні үшін», - деп айтуда. Енді осы тәңірлік діні дін бе?  Әлде наным-сенім бе? Қазақ халқы шынымен тәңірлік дінді ұстанған ба? Ислам дінін ұстанған мұсылман ба? деген сауалдарға жауап іздеп көрелік. Осыған байланысты, дін ғылымының шарттарын және халқымыздың тарихын сонау VIII ғасырдан XIX ғасырға дейінгі аралықта ұлы даланы мекен еткен ата-бабаларымыздың еңбектеріне және жүректі керней шығып төгілген жыр-дастандарына бір сәт көз жүгіртіп өтсек.

Діннің өзін белгілі бір ғылым саласы деп қарастырсақ, классификациясына қарай бірнеше бағытқа жіктеп бөлеміз. Табыну обьектісіне қарай: Бірқұдайлық (монотейзм) – бір ғана құдайға сенетін Ислам, Иахуди. Екі құдайлық (дуализм) діндер – иран діндері. Көп құдайлық діндер (политейстік) – пұттарға табыну, үнді діндері, қытай діндері. Әлемге таралуына байланысты – көне наным сенімдер (фетишизм, анимизм, тотемизм), ұлттық діндер (иахуди діні,) әлемдік діндер (будда, христиан, ислам), дәстүрлі емес діни топтар соңғы кездері пайда болған, шығу тегінен немесе әлемдік діндерден бөлініп шыққан қайнарынан қол үзген діни топтар.

Кез-келген діннің табыну обьектісі, яғни құдайы, пайғамбары, құлшылық үйі және кітабы болуы керек. Бұл шарттар илаһи болмаса да буддизм, джайнизм діндерінде бар. Бірақ тәңірлік дінінде жоқ. Тоқтар абыздың түсіндіруі бойынша тәңірлік дінінің кітабы – ұлы даланы мекен еткен ата-бабаларымыздың өміріндегі қағидалар, бұлжымас дала заңы, ұрпағына тастап кеткен өсиеті, тәлім-тәрбиесі, әдет-ғұрпы кітап болып есептелсе, осы іс-әрекеттерді жасаған адам пайғамбар болып есептеледі екен. Мұндай әрекет пайғамбар болуға әкелетін қадам болса, Алтай мен Атыраудың арасы әлдеқашан-ақ пайғамбарға толып кеткен болар еді. Себебі, ұрпағына бөтеннің ала жібін аттамауды өсиет етпеген қазақ жоқ шығар сірә?!.

Сонымен, ерте-орта ғасырда өмір сүрген түркілердің Құдай туралы түсінігі қалай болды? Осы мәселені қарап көрсек. Бұл тақырып бойынша хабар беретін жалғыз мәтін «Орхон Енисей» ескерткіштері. Күлтегін батыр жырын тасқа қашап жазған ұлы қаған Білгенің ұлы Иоллығ Тегін былай деп жырлапты:

Биікте көк Тәңірі.

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің арасында адам жаралған.... Тәңірді жаратушы Құдай десе, қара жермен адамның жаратылғандығын меңзеп, көк Тәңірі деп Құдайдың барлығынан үстем тұрғанын түсіндіруде. Қазіргі Тәңір дінінің көзқарасы бойынша Тәңір қазақтың сөзі, ал, Алла арабтың сөзі. Иоллығ Тегін неге Тәңір деп жазды? Неге Алла деп жазбады? - дегенге келсек, бұл кезде ислам діні Орта Азияға яғни түркілер билік құрған ұлан байтақ далаға келе қоймаған кезі болатын. Орта Азиядағы түркі қағанаттарының ішінде ең алғаш ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жариялаған Қарахан мемлекеті. Бұл оқиға 960 жылы Сатұқ Боғра ханның тұсында болғандығы тарихтан мәлім. Осы мемлекеттің тумасы XI ғасырдың көрнекті өкілі, ақын, еңбегі кейінгі түркі тілдес хандықтардың мемлекеттік кодексіне айналған Баласағұн қаласынан шыққан Жүсіп Баласағұн 1070 жылдары жазып бітірген «Құтты Білік» атты дастанында Жаратушы Құдай туралы былай деп ой түйіпті:

Бір Құдайға түмен мыңдап толғана,

Мақтау айтам – өлмейтұғын сол ғана!

Ол жаратқан: көк аспанда, жер, күнде,

Жан-жануар, мезгіл, түн, ай – еркінде.

Бар нәрсенің бәрі – соның жарлығы:

Ол «бол!» - деді, - бола қалды барлығы.

Жалғыздығың жатпайды ешбір есепке,

Бәрін билер құдыретің десекте.

Жалғыз Құдай – жаратушы қолдапты,

Бір Құдайдан басқа Құдай болмапты.

         Қазақ хандығы XV ғасырдың II жартысында Дешті Қыпшақ жеріндегі саяси тартыстардың нәтижесінде Барақ пен Болат сұлтандардың ұрпағы Керей мен Жәнібек сұлтанның бастауымен құрылды. Бұл тарихи оқиғаны сол замандағы шығыста Моғолыстан мемлекетінің тарихшысы қазақтың дулат тайпасынан шыққан Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих и Рашиди» атты кітабында келтіреді. М.Х.Дулати Моғолыстан елінде өмір сүрді дегені болмаса қазақтың ру тайпасынан шыққаны анық.  Осы тарихи туындысының соңына былай деп төмендегі ой толғамдарын жазып қалдырыпты:

«Ей, Алла Тағала! Өзімнің істеген істерімді қаншама ойланып-толғансам да қателікке толы болғандай. Жаратқан ием, Сенің дегенің дұрыс, өзіңді пана тұтып әрі Жаратқан ием ризалығыңды сұраймын. Сен неге риза болсаң, мына күнәкар пендеңде соған пейіл. Егер бақ жар болса, бақыттылық қолда болмақ».

Үмітсіздік отына күйген мына мен пақырды, Мұхаммед Хайдарды, мына қысқа жазған шығармасында жіберген қателіктері мен кемшілектерін дәрменсіздігіне орай кешіре көр, рақымшылық танытып, мүшкіл хәліме қайырымдылық көрсетіп, қайырлы дұғаға бөлей көр, соның берекесінен мына: «Ей, Алла! Біздерге бұл дүниеде де жақсылық беріп, ақыретте де игілік беріп, тозақ отынан сақтай көр!» деген дұға қабыл болғай. (Тарих-и Рашиди кітабы Мұхаммед Хайдар Дулати)

Қазақтың хан сұлтандары да өз кезегінде мұсылман болғандығы қалың бұқараға ақиқат. Шет елдермен дипломатиялық қатынастарында өз атынан жазылған хаттарында әуелі Алланың құлы Мұхамбет пайғамбардың үмбеті екендігін қазақ хандығының және бірнеше ұлттардың (қырғыз, қарақалпақ) ханы екендігін атап өтетін болған. Сондай хаттың бірі, Тәуекел ханның інісі Ораз Мұхаммед сұлтанның Сібірде саятшылық құрып жүрген жерінен орыс әскерлеріне тұтқынға түсіп қалған кезінде Қазақ Ордасына жіберген хатынан үзінді:

Мәлик Аллах!

Мәртебесі биік, құлашы кең, ғақылы кәмәл ағамыз, алаш ұранлы қазақ қабиласының ұлұғ падшаһы Тәуеккел хан хазретлерінің дәргеһіне баш ұрған - кіріфтар інісі Ораз-Мұхаммед-дүр....... Ораз-Мұхамед сұлтан бин Ондан сұлтан бин Шығай хан бин Жәдік хан бин Әз-Жәнібек хан мөһрімні бастым. 

         Лә иллах иль аллах, Мухамед расул аллах!       

Құданың қалауымен ата-жұртында, алтын тағында отырған мәлік ағамыз Тәуекел ханға, аман-есен жер басып жүргей сахибқыран бауырларымыз Шах-Мұхамед сұлтанға, Ес-Мұхамед сұлтанға, Тұрсын Мұхамед сұлтанға, Бахадұр сұлтанға, біз дидарын көрген ел ағасы Сүтемген биге, Исмайыл батырға, Қоянақ батырға, Әз-Жәнібек әуләді барлық ақсүйек төреге, алаш ұранды, аталы-текті қарашы бектерге, алыс жерден, жақын көңілден дұғай сәлем жолдаушы – бағзы замандағы жүмлә қазақ қалғасы Ораз-Мұхамед сұлтан-дүр..........

Орысша жеті мың бір дүз бірінші, тарихтың мың бірі, жылан жылы (1593ж), мен – Әз-Жәнібек хан әуләді, Орұс хан әуләді, Чыңғыс хан әуләді Ораз-Мұхамед сұлтан мөһрімні бастым. Аллаһу акбар! (М.Мағауин Аласапыран  1981ж Хаттар бөлімі). Байқасаңыздар жоғарыда келтірілген өлең жолдарында және хаттарда өздерінің тәңірші қазақ емес, мұсылман қазақ екенін анық, айқын жазылған.

Сонымен ежелгі түркі халықтарынан бастау алған «тәңір» сөзінің этимологиясы қайдан шықты деген сұраққа қайта оралсақ. Махмұд Қашқаридың «Диуани Лұғат ат-Түрік» атты сөздігінде «тәңрі» сөзі Ұлы Тәңір, Құдай деп түсіндірілген. Тұран даласында өмір сүрген түркілердің түсінігінде «тәңір» сөзі Жаратушы Құдай деген мағынаны білдірді. Ислам діні келген тұста «тәңір» сөзі қолданыстан шықпай-ақ ел арасында «Алла, Құдай, Жаратушы, Жаратқан» сөздерімен қоса қолданыста қала берді. Себебі Алла Тағаланың 99 есімімен зати және субути сипаттары «тәңір» сөзінің баламасы болып табылады. Сөз ауысқанымен жүректерде сақталған иман ауыспады. Сол себепті халқымыз күнделікті өмірде Аллаға сиынып ғибадат, құлшылығын жасағанымен «Тәңірсіз таң атпас», «Тәңірдің қалауы», «Тәңір жар болсын» деген секілді сөздер өз мәнін жойған жоқ. Тіпті сол түркілік дәуірде де қоса айтылды. Бұған дәлел күллі Орта Азиямен Балқан, Анадолы түбегімен Татарстанға дейін ілімі таралған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерінен үзінді келтіре кетсек:

Барлық арман-тілектерді қабыл алушы Алла Тағаланың мейіріне мүнәжат

Мүнәжат еттім, міскін Қожа Ахмет,

Иә, Алла, бар пендеңе қыл рахмет.

Ғарып Ахмет сөзі әр кез көнермес,

Егер жер астына түссе шірімес.

Және мансұқ болып ол қар болмас,

Оқыған пенделер дертті болмас

Құдайым несіп етсе маған жаннат,

Оқығандарға қылғаймын шапағат.

Тілекті не тілесең Тәңірім бергей,

Махаббат қызығын көкірекке салғай

Жүзін беріп пәруәрдігарым

Өзін жолға салсын Бір және Барым

Құдайым махшарда берсін жақсы күн,

Қияметте асыл жанға дозақ махрұм.

Сондай-ақ Жүсіп Баласағұн Қожа Ахмед Ясауимен замандас болған кейінгі түркология ғылымының негізін қалаған түркітанушы Махмұд Қашқари есімді түркі жұртына ортақ тұлға «Диуани Лұғат ат Түрік» атты еңбегінің басына кіріспе ретінде мына төмендегі сөздерін жазыпты:

Күллі мадақ-мақтау  кемел ақыл ой иесі, барша қасиет-құдырет, даңқ пен аса келісті санат иесі бір Тәңірге тән. Заманның ең саламат саңлақтарының ділі кесел, қылы тілдің асқан шешендері кекеш болып қалған шақта, адал мен арам істер анық та толық баяндалған Құранды Алла Жәбірейіл арқылы Мұхаммедке түсірді. Сөйтіп тура жолды көрсетіп, бағыт сілтеуші белгіге құлабыз қойып берді.

Мұхаммедке уа оның баршаға жанашыр болған ұрық-шәріптеріне Тәңірімнің рахымы түссін, барлығына есендік берсін.

Бұл мәтінді келтіріп отырған себебім 1008-1102 жылдары өмір сүрген түрколог ғалымның заманында өмір сүрген ата-бабамыз тәңірші емес керісінше ислам дінін ұстанған мұсылман болғанын және Алла мен Тәңір сөзі қатар қолданыста болғандығын көре аламыз. Мұндай үрдісті XIX-XX ғасырда өмір сүрген қазақ ақындарынанда байқауға болады. Хакім Абай:

Күні түні ойымда бір-ақ Тәңірі

Өзіне құмар қылған оның әмірі

Халиққа махлұқ ақылы жете алмайды

Оймен білген нәрсенің бәрі дәһрі, десе енді бір өлең жолдарында:

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз, қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес.

Дененің барша қуаты,

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса Тәңірі үшін,-деп айтып кеткен екен.

Тіпті сонау XV ғасырда өмір сүрген қазақ жыраулар поэзиясында да мұндай үрдісті байқауға болады. Шалкиіз жыраудың Би Темірге атты толғауында былай деп келеді:

«Жығылғанды тұрғызсаң,

Жылағанды уатсаң,

Қисайғанды түзетсең,

Тәңірінің үйі бәйтолла,

Сұлтай ием, қарсы алдыңда жасапты!». Бәйтолла ислам дінінде Мекке қаласында орналасқан қасиетті Қағба. Тәңір дінінде – бәйтолла деген түсінік жоқ.

Қорытындылай келе, айтпақ болғанымыз тарихи деректерді, еңбектерді келтіре келе ата-бабамыз ешқандайда «тәңірші» емес ислам дінін ұстанған мұсылман болғандығын түсіндіру, жеткізу болды. Соңғы кездері ел арасында шу шығарып іріткі салып жүрген «Тәңірші» атты топтан сақ болуға шақырамыз. Басқа да теріс діни топтар секілді бұл жолды ұстанушылар да жат ағым өкілдері. Мүмкін бұлардың да артында шетелдік діни, саяси топтар тұрған болуы мүмкін?!.

 

Қ.Қосмаханов

0 пікір