Пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінің қазақ мақал-мәтелдерімен сабақтастығы
Пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінің қазақ мақал-мәтелдерімен сабақтастығы
20.02.2020
2615
0

Қазақ халқының өмірінде Ислам дінінің маңызы зор. Шариғатпен біте қайнасқан салт-дәстүрдің өзі – дәстүрлі қазақ дүниетанымының  Ислам дінімен ұштасып жатқандығына айқын дәлел. Халқымыз әуел бастан мұсылман болып, Ислам дінін құп көрген. Қазақ даласына дін VII ғасырдың басында келе бастады. Тарихқа сүйенсек Алаш жұртының ақыл-оймен салт-санасының Ислам дінінен ажырамағаны анық. Осы Алаш қауымының мақал-мәтелдерінен, өлең шумақтарынан, әдет-ғұрпынан имани ұғымдардың көрініс тапқанын байқаймыз. Сөзіміз дәлелді болу үшін қазақ халқындағы нақыл сөздер мен мақал-мәтелдердің  Исламның қайнар көздері  аят пен хадиспен ұштастырып көрсек.

Мақал-мәтел: «Сөздің басы бісміллә, бісмілләсіз іс қылма»[1].

Хадис: «Алланың атымен басталмаған әрбір маңызды сөз бен іс шолақ»[2].

Мақал-мәтел: «Өтірікшіде иман жоқ»[3]

Хадис: «Өтіріктен сақтан. Себебі өтірік пен иман бір жерде болмайды»

Мақал-мәтел: «Құдайсыз қурай сынбас. Тағдыр – Тәңір ісі»[4]

Аят: «... бір жапырақ жерге түссе де, Алла оны біледі...»[5]

Мақал-мәтел: «Үмітсіз шайтан»

Аят: «...Алланың рахымынан күдер үзбеңдер...»[6]

Мақал-мәтел: «Аллаға сиынған құстай ұшады, адамға сиынған мұрттай ұшады»

Хадис: «Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле»[7]

Мақал-мәтел: «тәні сұлу-сұлу емес, жаны сұлу-сұлу»[8]

Хадис: «Алла сендердің түр-тұлғаларың мен бет-әлпеттеріңе  қарамайды, жүректеріңмен іс-әрекеттеріңе қарайды»

Мақал-мәтел:«Адамның дегені болмайды, Алланың дегені болады»

Аят: «Әлемдердің Раббысы Алла қаламайынша тілеулерің жүрмейді»[9]

Мақал-мәтел: «Құдайдан қорықпағаннан қорық»

Хадис: «Қайда болсаңда Құдайдан қорық»[10]

Байқап отырғанымыздай қазақтың  кез-келген мақал-мәтелін аят пен хадис қуаттап тұратындығы. Қазақтың салт-санасында қалыптасқан өлең шумақтары мен мақал-мәтелдерінен Исламның қайнар көздерінен бастау алып, ұштасып жатқанын көреміз. Қазақ әрқашанда сөзге шешен халық болған. Бұл аят пен хадистердің мақалға айналуының бірнеше себептері бар. Соның бірі ретінде орта ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығының әсері. Кешегі атеисттік заманда дінге қарсы зұлмат саясат. Сол замандарда ұрпағымыз дінсіз қалмасын деген бабаларымыз Құран аяттарымен хадистерді қазақ тілінде бір ауыз сөзбен ұғынықты түрде мағынасын бере білген. Мінеки, осылай Пайғамбар өсиеті арада жылдар салып, мақал мәтелдерге айналып, ұрпаққа мұра ретінде халық ауыз әдебиеті арқылы бізге жетіп отыр. Сонымен бірге, ақын, жазушыларымыздың өлең жолдарынан да Алланың иләһи сипаттары жайлы келген Құран аяттарымен байланыст екенін аңғаруға болады.

Абай Құнанбаев:

«Мекен берген халық қылған Ол Лә мәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың оны ойламай,

Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!»[11]

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:

«Ол Алла жисм жауһар ғариз емес,

Боларға басқа-басқа бөлектенбес.

Алланы еш нәрсеге ұқсатуға

Еш нәрсе Оған ұқсап, жөні келмес.

Бар Құдай көкте де емес, жерде емес,

Мекенін бір Алланың ешкім білмес.

Алды, арты, асты, үсті, оң, солы жоқ.

Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.

Еш нәрсе ұқсамайды, Ол еш нәрсеге

Кітаптың айтқанынан ойлама көп»[12]

Бұл өлең шумақтары Құранда былайша қысқа ғана баяндалған: «... Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол Алла, әр нәрсені естуші, толық көруші»[13].

Дегенмен қазақта хадистермен ұштаса бермейтін сөздерде кездесіп жатады. Солардың бірі «Әке қарғысы оқ, Ана қарғысы боқ» деген мақал. Бұл мақал Құран аятымен хадиспен үндестігі жоқ. Тіптем хадиске қарсы десекте болады. Құранда «...Ал егер ол екеуінің (ата-ана) бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме)...»[14]- деп ескертуде. Ал Алла Елшісі (с.ғ.с.) «...Анаңа қара. Шындығында пейіш – оның аяғында»[15], - деп ананы құрметтеу қажеттігін ескерткен.

Өкінішке орай ақыл-ғылым, өз халқының тарихынан ізденбей, соқыр сенімнің жетегінде жүріп, «бабаларымыз адасқан, оларда адам қателеседі» - деген сөздерін желеу етіп жүрген топтардың ортамызда төбе көрсетіп жүргені  ешкімге жасырын емес. Мұндай іріткі салушы топ иелеріне Алаш жұртына Ислам дінінің сенімі әлімсақтан аян десек те болады. Себебі, түркі ғұламалары өз еңбектерінде Хақ тағала мен пайғамбарына қатысты оғаш пікір айтпаған. Біздің қоғамымызға қазіргі таңда ең керегі – бірлік пен татулық. Дін де ұлтқа, қоғамға, ұлыс пен ұлттардардың бірлік үшін іс қылуын насихаттайды. Ендеше, біз де ата-бабамыздың мыңдаған жылдар сүзгісінен өткен, сол арқылы өзінің өнегелі-үлгілілігін, өміршеңдігін дәлелдеген дінді, көзіміздің қарашығындай сақтап, әсірешілікке салмай, ауызбіршілігімізді сақтағанымыз абзал. Абай атамыздың «Бірлік жоқ жерде береке болмайды», - деп ескерткенін назарға алсақ, қазіргі таңда бірлігімізді сақтағаннан  асқан сауап жоқ!

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің басшысы М.Мұстафаев



[1]Қазақ мақал-мәтелдерінің алтын кітабы 18-бет Алматы 2011ж.

[2]Әбу Дауіт хадистер жинағы

[3]Қазақ мақал-мәтелдерінің алтын кітабы Алматы 2011ж.

[4]Қазақ мақал-мәтелдерінің алтын кітабы Алматы 2011ж.

[5]Әнғам сүресі 6/59 аят

[6]Зүмәр сүресі 39/53 аят

[7]Имам Тирмизи хадистер жинағы

[8]Қазақ мақал-мәтелдерінің алтын кітабы Алматы 2011ж.

[9]Такуир сүресі 81/29 аят

[10]Имам Тирмизи хадистер жинағы

[11]Қалың елім қазағым А.Құнанбаев Алматы 2002ж. 153 бет

[12]Әдістемелік құрал Қарағанды 2015ж. 62 бет

[13]Шура сүресі 42/11 аят

[14]Исра 17/23-аят

[15]Имам Ахмад хадистер жинағы

0 пікір