Отанды сүю иманнан
Отанды сүю иманнан
17.03.2020
1726
0

Отансыз адам ормансыз бұлбұл. Әрбір саналы адамға - кіндік қаны тамған жері, сол жердің суын ішіп, нанын жеген отаны қымбат. Себебі адам дүние есігін ашарда отанын таңдап тумайды. Бұл Жаратқанның ісі, пенденің тағдыры. Құран тілімен айтқанда (кун фә иәкун) бол деді бола қалды. Отанын сүю әрбір адамның мойнындағы азаматтық борышы. Туған елінің әрбір тау тасы, сай саласы, жылғасы мен өзен, көлдері әрбір азамат үшін ыстық болары сөзсіз. Отанға деген құрмет, ыстық ықылас, махаббат қай замандада жоғары тұрған. Елінің ертеңі үшін талай ерлер беліне бес қаруын асынып атойлап жауға шауып ел қорғаса, талайы ат жалын құшып тулақша домалап, ажал құшқан. Ата-бабамыз отанға деген махаббатты жар махаббатынан жоғары қойған. Бұл сөзімнің дәлелі кезінде ғұндардың тәңірқұты атанған Мөде қағанға астындағы атымен, қасындағы жарын сұрап келгенде елдің тыныштығын ойлап қарсылық білдірмей келісімге келген. Ал үшінші қайта келіп, бос жатқан жерді сұрап намысына тиеді. Бұл қорлыққа шыдамаған Мөде жер үшін, отанының бір қарыс жерінде жауға ұстатпай атқа қонған екен.

Қарап отырсақ өткеніміз түгелдей елін қорғаған аңыз дастандарға толы хандармен батырлардың өнегелі өмірлеріне өрілген тарих. Байтақ даласының бір уыс топырағы үшін қасық қаны қалғанша күресіп өткен. Аузы дуалы абыз ақсақалдар, от тілді, орақ ауызды жыршылар мен би шешендердің барлығы  елін, жерін, суын қорғауға, сүйіп, ардақтауға шақырып елдің ұйытқысына айналған. Ел арасында «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі», «Отан – оттанда ыстық», «Отан үшін отқа түс күймейсің» - деген мақал-мәтелдер, даналық сөздер сонау замандардан бері өз құндылығын осы күнге дейін жоймай келеді. Халқымызда отан – отбасынан басталады деген нақыл сөз бар. Себебі отбасының әрбір мүшесі – отаныңның тұрғыны, азаматы мен азаматшасы. Сондықтан отанын қорғаймын деген адам әуелі өз отбасын қорғаудан бастауы керек. Оларға қорған болмақ қажет.

Байқасақ отанымды сүйемін, ол үшін барлығына дайынмын дегендер өмір сүріп жатқан ортасына құрметпен қарамайтын секілді. Көшелерде, саябақтарды қоқысқа толтырып, бөтелкелерді ағаштардың түбіне жасырғансып кете барады. Мұсылмандық әсте бұлай болмаса керекті. Өзін мұсылман, осы қоғамның бір бөлшегі санаған әрбір адам өз ауласында тұрып жатқан қоршаған ортасын ластамай таза ұстаған жөн. Себебі адамзаттың ардақтысы Пайғам­ба­рымыз Мұхаммед (с.а.с.) бір хадисінде «Алла лағынет­теген екі нәрседен сақ болыңыз­дар. Адам жүретін жолдар мен көлең­ке­лей­тін орындарды ластау»-деу арқылы адам­дар жүретін жерлерді, қоғамдық орын­дарды, қоршаған ортаны таза ұстауға ша­қырған. Тіпті жолдың үстінде жатқан тасты адамдарға зиян келтірмес үшін алып тастауда иманның бір бөлшегі.

Ата-бабамыздан «Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол» деп жеткен ұлағатты сөз бар. Халифат құрамыз деп біраз аға қарындас, әпкелеріміз құндақта жатқан сәбиімен қосып, атасы күйеу, анасы келін болған  елін жатсынып, өзге елден жұмақтың төрін іздеп кеткені шындық. Өз елін қорсынып, мұсылмандықтың иісін сезбей «жиһад» деп ұрандатқанның біразы Шам жеріндегі қақтығыстарда құрбан болса, біршамасы «Жусан» арнайы операцияларының нәтижесінде елімізге қайта оралды. Халифат құрамыз деген жалған ойынның құрбанына айналғанын, өз елі жердегі нағыз жұмақ мекен екенін, өзге елдің соғыс аймағына барғанда түсінгендері өкінішті әрине. Ислам ғұламалары «жиһад» сөзін тек қолға қару алып соғысумен шектеп, пәтуа бермеген. Өз нәпсіңді жеңіп, түрлі жаман, пасық ойлардан арылу – міне бұл жиһад. Ал ел іргесіне келіп, тәуелсіздігімізге зиян берер жауға қарсы тұру арқылы қолға қару алу бұл екінші жағдайда атқарылар іс. Осындай жағдайда елін, жерін қорғамау үлкен айыпты іс. Тіпті ислам шариғаты мұндай істі үлкен күналардың қатарына жатқызған.

Елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттар мен ұлыстардың, бір ғана отаны бар. Ол тәуелсіз Қазақстан Республикасы. Себебі халқымыз қиын қыстау кезеңдерде бір нанды бөлісіп жеп, бірге күнелтіп, кешті бірге батырып, таңды бірге атырды. Қазіргі таңда барлығының құқығы заң алдында бірдей. «Бізді әлем Қазақстан деп таниды. Себебі мемлекетіміздің атауында солай тұр» - деп мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев та бұл мәселеге байланысты өз сөзін шегендеді. Дегенмен осы елде тұрып, өмір сүріп жатқандықтан отанға деген сүйіспеншілік, құрмет осы елдің тыныштығын бұзбау, берекесін қашырмау. Бұл адамгершіліктің, иманның берік шыңы. Себебі ардақты елші Мұхаммедтен (с.а.с) жеткен хадис шәрифте: «Мұсылман деген тіліменде ісіменде өзгеге зиян бермеген адам» деп жауап берген екен.

Хақтың разылығы халықтың ішінде деген  екен бұрыңғы өткендер. Яғни халыққа қызмет ету Алла Тағаланың разылығына қауышу. Жүрегі Отаным деп соққан әрбір адам еліне, ағайын-туыс, бауырына,  көмек беруден бастап халқы үшін, туған жері үшін аянбай тер төгіп, қызмет ету керек. Ол үшін Хәкім Абай айтқандай талап, еңбек, терең-ой, қанағат, рахым, ойлап қой деген ұстаныммен шынайы мұсылманға тән қасиеттерді бойға жинаған абзал. Отанды сүю әрқайсымыздың перзенттік парызымыз, адамдық асыл қасиет борышымыз. Ата-бабамыздың аманатына деген адалдығымыз.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Созақ ауданындағы теолог маманы  Қ.Қосмаханов

 

 

 

0 пікір