Мұсылманның келбеті
Мұсылманның келбеті
09.07.2019
961
0

    Ислам- адамзатты бірлік пен ынтымаққа, татулыққа шақыратын әлемдік дәстүрлі діндердің бірі. Осыдан он төрт ғасыр бұрын Құраннан нәр алған алғашқы мұсылман қауымы надандық шекпенін шешіп, ғылымға бет бұрды. Әрбір мекенде тыныштық орнап, білім нәрімен сусындады. Әрине, мұның баршасы Ислам дінінің басты көрінісі болып табылады. Мұсылман баласы әрдайым сабырлық пен шынайылықта, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруі тиіс. Мақаламызда шынайы мұсылманның келбетіне тоқталып өткенді жөн көрдік.

     Білімді игеру. Қазіргі заманғы мұсылмандардың әлсіздігі, артта қалуы- ғылым мен білімге назар аудармауы, атүсті қарауында. Бірден- бір айғақ- мінген көлігіміз бен киген киімдеріміз, жеген азықтарымыздың өзіміз өндірмей, дайынға асығуымыз. Яғни, болашаққа бағдар қоймауымыз. Құдай Тағаланың ең алғашқы әмірі де «Оқы» болатын. Соңғы Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) хадистерінде: «Білімді талап ету- әрбір мұсылманға парыз»- деген. Бәленің басы- діни білімсіздік болғандықтан, жастарымыз да жат ағымның жетегіне ілесіп кетуде.  Хакім Абай: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім. Пайдасын біле тұра тексермедім»- деп, барша жастарды осы шумақ өлеңге назар салып білімпаздыққа, ғылымды игеруге шақырған. Тек қана діни немесе зайырлы білім алумен шектелмеу қажет. Өйткені, құс екі қанатымен көкке самғағаны секілді, адамзат баласы да қос білімді игерумен талапты, талантты бола алады. Алайда, барша білімді өзінің арнайы сүзгісінен (арнайы мамандардан) өткізіп алуы тағы бар. Қараңғы түнде жолымызды көру үшін арнайы жарықты пайдалансақ, білім алуда да арнайы ұстаздың жетегінде жүруіміз керек екені бек мақұл.

    Отанды сүю, патриотизм- адам баласының бойында ең асыл, ең құнды мінез- құлықтардан. Қазақ даласын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен аман сақтаған бабаларымыз киелі топырақтың қадіріне жеткен. Басқыншылық замандарда туған елінен жыраққа кетуге мәжбүр болған алыстағы ағайындар кетер уақытында бір уыс қара жердің топырағын қойнына салып, есіне алған уақытта құшырлана иіскеп, сағыныштарын басқан. Кең байтақ Қазақ даласы Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қаншама жырақтағы ағайын-туыс құтты мекеніне оралды. Мінеки, осындай ұшқан құс пен жүгірген аңның аяғы талатын жерді қорғау, Отанға деген сүйіспеншіліктің болуы- мұсылманның сипаттарынан. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с): «Отанды сүю- иманнан»- деп, өзі Меккеден Мәдина қаласына қоныс аударар сәтте Меккеге баратын түйенің жолына қарап: «Сен мен үшін қымбатсың, сүйіктісің. Егер халқың мені сенен шығармағанда сені басқа жерге айырбастамас едім»- деп көзіне жас алғаны мәлім. Табараниден келген риуаятта: «Екі көз тозақта күймейді. Оның бірі- Алладан шынайы қорқып жылаған көз. Екіншісі- шекара, Отан күзеткен көз»- деп, адамзат баласын патриотизмге тәрбиелей білген. Сондықтан бабаларымыз да: «Отан үшін отқа түс, күймейсің»- деп жырлаған.

   Ауызбіршілік. «Бірлік бар жерде- тірлік бар»- деп дана халқымыз айтқандай, түсіністік пен сыйластық болған жерде әрбір істің нәтижелі болары сөзсіз. Ұлтаралық татулық пен халықтар достығының бек нығайған жері- Тәуелсіз мемлекетімізде бұл үрдіс байырғы замандардан қалыптасқан. Ұлттар мен ұлыстарды жік- жікке бөлмей, бәрін бірдей тең көрген елімізде әртүрлі этнос, дін өкілдері бейбітшілікте ғұмыр кешуде. Алла Тағала Құранның Ниса сүресінде: «Сендерді бір ер, бір әйел етіп жараттық . Бір- бірлеріңді түсініп, қатынас жасау үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік»- десе, адамзаттың асылы Мұхаммед (с.а.с): «Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан еш айырмашылығы жоқ»- деп, адамдарды алалаудың қателік екендігін жеткізген.

    Қорыта келе, ешбір адамзат заман ағымынан артта қалмай, болашаққа бағдар қоюы тиіс. «Бақыт қайда барасың? Ынтымағы жарасқан елге барамын»- дегендей, көк туымыздың астында қолымызды кеудемізге қойып, татулықта, ынтымақта бас қосуды нәсіп еткей!

Түркістан облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай аудандық бөлімі маманы:  Бағдат Шаймерден

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір