Жеті шелпек исламға жат па?
Жеті шелпек исламға жат па?
28.09.2020
2568
0

Қазақты ұлттық салт-дәстүрсіз елестетудің өзі мүмкін емес. Себебі Қазақ ұлтының сан ғасырлық ұлт ретінде қалыптасу тарихына көз жүгіртсек ұлтымыздың қуанышы мен қайғысы, тәрбиесі мен білімі, тойы мен өлім жөнелтуі т.б. Барлық іс шараларының өн бойы ұлттық салт-дәстүрге толы екенін байқауға болады. Сол дәстүрлеріміз бірі Жеті шелпек.

Жеті шелпек дәстүрі – түркі халықтарының көпшілігіне тән дәстүр. Нақты қай уақытта пайда болғанын айту қиын. Бұл дәстүрді, ең алдымен, біз дастархан әдебімен байланыстыратын болсақ, қазақ халқында сонау сақтар мен ғұндар дәуірінен бері өлілерге арнап ас беру, дастархан жаю, тірілердің басын қосып жиын-тойлар жасау бұрыннан қалыптасқан. Ислам енген кезеңнен бастап, Құран оқып, оның сауабын өлілерге бағыштау, молда шақыру, жеті нан пісіру сияқты игі дәстүрлер одан әрі дами түсті. Яғни халық өз дәстүрін ислам дінімен берік байланыстырған.

Жалпы, қазақта садақаның ең кең таралған түрі – дастархан жаю. Сондай-ақ жеті нан пісіріп, тарату. Бұл бір жағынан Пайғамбарымыздың сүннетімен байланысты. Ол «Садақа беру арқылы түрлі пәле-жаланың алдын алыңдар. Садақа 70 түрлі пәленің алдын алады. Қайырлы, сауапты істер адамды түрлі жамандықтан сақтайды»[1] немесе «Алла тағаланың назарында садақа үшін берілген бір үзім нан Ухуд тауындай үлкейеді»[2], - делінген. Осының бәрін терең түсінгендіктен, қазақ жеті нан беріп өзі де және нанды алған адам да Құран оқиды. Жеті шелпек қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүрі, бұл дәстүрдің шығу тарихы тереңде жатыр. Пайғамбарымыздың хадисіне сүйеніп шыққан дәстүр болып саналады. Жоғарыда айтылған хадистерге мысал келтірсек.

Ади ибн Хатим (р.а.) руаяты бойынша пайғамбар (с.а.с.): «Жарты құрмамен болса да тозақтан қорғаныңдар!»[3], - дейді. Исламдағы қайырымдылық пен садақаның көрінісі қазақ халқының салт-дәстүрлерінде, әдет-ғұрыптарында тамаша көрініс тапқан.Пайғамбар (с.а.с) хадисінде «Бір кісі дастарханның үстіне төгілген нанның ұсақтарын жесе, күн көрісі жақсарады және әулеттерінде денсаулық сыйланады»[4], - деген. «Пайғамбар (с.а.с) Нанға құрмет етіңіз нанға құрмет еткенге Алла да оған құрмет етеді»[5], - делінген. Ал ол жасалған жақсылықтардың сауабын қайтыс болған адамдардың рухына бағыштау да исламның негізінде бар дүние. Міне осы руханияттан бастау алған қазақ халқында жеті шелпек тарату үрдіс болып қалыптасқан.                 

Құран оқыту (тарату) дәстүрі исламның өзегімен қабысып жатыр. Жеті шелпектің тарихы қазақ халқының аузындағы айдаһардан құтылуы оқиғасына тірелгенімен, мазмұны қайыр-садақаны меңзейді. Садақаны сауда бер!-дейді қазақ. Сондықтан да «Өлі разы болмай тір байымасқа», «жұма күні иіс шығаруға» сенген халық аруақтарды еске алып оларға арнап Құран оқытып жеті шелпек таратады. Сауабы аруаққа болғанымен пейілі халыққа. Сондықтан қазақ халқының дастарханы әрдайым ашық, құдайы қонағын ешқашан жатырқатпаған.

Қорыта айтсақ, жеті шелпек тарату үрдісінің астарында – әруақтың атынан елге тамақ беріп, сауабын өліге бағыштау түсінігі жатыр. Осы тұрғыдан қарағанда оның шариғатқа терістігі жоқ. Себебі, жасалған жақсы амалдың сауабын өлген кісіге бағыштау – шариғатымызда да бар. Енді оны неге жеті деген? Сандардың арасында «жеті» санын ерекше таңдалып алынуы да бекер емес (жеті шелпек). Өйткені, дінімізде жеті санымен байланыса айтылған үкімдер көп. Мысалы,  жеті рет қағбаны тауаф ету, ит жалаған жерді жеті рет жуу. Шелпектің «жеті» санымен байланыстырылуының мәні де осында жатса керек. Қалай болғанда да, жеті шелпекті тарату үрдісін дінге терісдеу немесе ширкке алып барар жол деу қате. Неге десеңіз, жеті шелпек таратқан адам әруақтан медет тілеп емес, о дүниедегі өлген кісіге сауабы және пайдасы тисін деп таратады. Оның үстіне, қазіргі кезде шелпек қазақ дастарханының бір бөлшегі ретінде қалыптасқан. Осы жеті шелпектің негізгі мәні ол садақа беріп сауап алу. Сол үшін біздің ата-бабамыздан қалған киелі дәстүрімізді келешек ұрпаққа жеткізу біздің борышыз болып табылады.

     Дінтанушы А.Шотбай

 



[1] Имам Табари хадистер жинағында

[2] Имам Табари хадистер жинағы

[3] Бұхари, Зекет, 10

[4] Ihsan.kz

[5] Табари Мужамул Кабаир 22/335; Һайсеми Мәжму Зәуәид 5/34

0 пікір