Исламдағы отан қорғау маңыздылығы
Исламдағы отан қорғау маңыздылығы
22.10.2019
2111
0

 Ислам дінінде адамзатты отансүйгіштікке, туған елді қадірлеуге, отанды қорғауға айрықша мән берген. Ата-бабаларымыз осыншама кең байтақ жерімізді, отанымызды найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап атадан балаға мирас қылып қалдырған. Сол отанды қорғауға және де бейбітшілікті сақтауға сонымен қоса болашақ ұрпаққа осы күйінде жеткізуге міндеттіміз. Отаныңды, туған жеріңді сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты маңызды және сауапты екендігі туралы бірнеше хадис жеткен. Алла елшісі (с.а.с): «Бір күн, бір түн шекара күзету, күндіздері ораза ұстап, кештерін құлшылықпен өткізген бір айдан да жақсырақ. Егер шекара күзету барысында қаза болса, жасағысы келген амалының сауабы мен рызқы жалғасып, қабір жаманшылығынан аман болады» - деген (Муслим, Имара 163.II, 1520). Осы хадисте алып қарайтын болсақ, отанды қорғаудың қаншалықты маңызды әрі сауапты іс екендігіне көз жеткізуге болады.

Бұл тұрғыдан бабаларымыз, «Отан үшін отқа түс күймейсің» немесе «Отан – оттан да ыстық» деп отанның құнды әрі қымбат екен білдірген. Ата-бабаларымыз ұлын тәрбиелегенде оған жеті атасын білуді үйреткен. Себебі, «Жеті атасын білген ұл-жеті рудың қамын жер, өзін ғана білген ұл-намысын сатып, арын жер» деп жеті атасын білуді кез келген азаматқа міндет әрі тектіліктің белгісі деп санаған. Пайғамбарымыз (с.а.с) тағы бір хадисінде: «Барлығың жауаптысыңдар. Басшы-еліне, отағасы – отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады» - деген. Бұл хадистің түбіне үңіліп қарайтын болсақ әр адамзат баласы өз қол астындағыларға жауап беруге тиіс, сол үшін ұл-қыздарымызға жақсы тәрбие беруге және де отанды сүюге, отанды қорғауға, әрі ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрмен жүруге үйретуіміз керек. Ал тәрбие отбасынан бастау алады бұл тұрғыда қазақ даналары «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» - деп бала үшін отбасыда әке-шешенің әр бір ісі маңызды екенін айтып кеткен. Осы мәселеде Елбасы Н.Назарбаев: «Отанды қастерлеу – еліміздің тірегі. Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз. Біле-білсек, Отанды сүю – біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз!» - деп айтқан. Осы тұста әрбір ұрпақ отанын сүйіп бейбітшілігін сақтап, еліне, жеріне қызмет етуі тиіс. Себебі, «Отанды сүю - иманнан» деп дана халқымыз бекерден – бекер айтпаса керекті. Сол үшін болашақ әрбір жастарымыз отанға иманмен  қызмет етуі керек.

Осыншама ұлан байтақ елімізбен жерімізді бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен де болмаса қызыл тілдің шеберлігіменде қорғай білген. Оған дәлел Қазыбек бидің мына бір оқиғасы: Қазыбек би бабамыздың жастық шағы көрші мемлекеттердің жерімізге көзтігуі жиілеп, Жоңғар шапқыншылығы үдей түскен кезеңге тап келген еді. Ел аузындағы аңыз – әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би – батырлары бастаған елшісіне ілесіп алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: «Дат, тақсыр!» деп жұлқынып алға шығады да: «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге – танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз. Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!» - деген. Жас баланың бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып: «Даусың қаздың даусындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын», - деген екен. Соның арқасында елшілік жау қолындағы 90 тұтқынды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған екен. Қазыбек бұдан кейін де жоңғарларға екі рет елшілікке барып, ел намысына дақ түсірмей, көздеген мақсатын орындап қайтқанына талай тарихи деректер куә. Негізінде ислам діні Алланың заңдарына мойынсынуға, тыныш бейбітшілікте өмір сүруге шақырады. Кезінде Ибраһим (а.с.) пайғамбарда әр дұғасында «Уа, Раббым! Еліме бейбітшілік пен береке бер» деп дұға жасайды екен. Біздің де бейбітшілігіміз артып, отанымыз тыныш болуды әрі бейбіт өмірде сүруді Алла Тағала қияметке дейін нәсіп етсін, әрдайым еліміз үшін дұға етіп жүрейік.

Қорыта келгенде Ислам діні отанды қорғауға, әрі отанға қызмет етудің қаншалықты маңызды, оған қоса сауапты іс екендігі туралы айтылады. Сондай-ақ қазақстанның қайсы бір дәуіріндегі тарих беттерін ашып қарасақта елім, жерім деп қаншама баһадүр бабаларымыз күрескенін ерлік дастандарын көруге болады. Ендігі жерде осы аманат етіп қалдырған отанымызды сақтап, қорғау біздің міндетіміз, сол міндетімізді абыроймен ұрпақтан ұрпаққа сақтауды нәсіп етсін.

 

«Қоғамдағы дін қатынастарын

 зерттеу» бөлімінің маманы   Н.Әмзеев

0 пікір