Имамға ұйыған кісінің сүре оқуның үкімі
Имамға ұйыған кісінің сүре оқуның үкімі
20.11.2019
7090
0

Ислам дінінде намаз оқу- бес парыздың бірі болып саналады. Ал, жамағатпен намаз оқу- сауаптардың арта түсуіне, дінге деген сенімнің нығаюына септігін тигізеді. Әрбір мұсылман баласы діни құлшылығын кемеліне келтіріп оқуды қалайтыны сөзсіз. Дегенмен, кейбір мәселелерде жаңылу не білместік себебімен ғибадаттардың дұрыс болу шартына сай орындай алмай қалатыны, намазға жиылған қауым арасында түсініспеушілік тудырар сәттер орын алуы бек мүмкін. Бүгінгі мақаламыздың да негізгі қозғалар мәселесі- парыз намазында имамға ұйыған жамағаттың фатиха сүресін оқуы жайлы болмақ.

Жалпы, намазда 14 уәжіб амалы бар. Егер кімде- кім сол уәжібті жаңылып немесе ұмытып тастар болса, намазы кемшілікті болады. Сол кемшіліктің орнын сәһу сәждесін (қателік сәждесі) жасау арқылы толықтырады. Намаздағы уәжіб амалдың бірі ол- фатиха сүресін оқу. Парыз намаздардың алғашқы екі рәкағатында, ал үтір және сүннет, нәпіл намаздардың барлық рәкағатында фатиха сүресін оқу- уәжіб болып табылады.

Қазіргі таңда кейбір діни ағымдардың жетегінде кеткен азаматтар имамға ұйыған сәтте де фатиха сүресін қосылып (іштей) оқып тұратындығын құлағымыз шалады. Бұл қаншалықты намаз шарттарына сай? Осыған тоқталып өтсек:

Неосәләфилік бағытты ұстанушы ағымдар Имам Бухаридың «Сахих Бухари» хадистер жинағының «Намаздың сипаттарына қатысты тараулар» бабында №756 санды хадисінде Ғұбада ибн Самиттан  жеткен Пайғамбарымыздың (с.а.с):            «لا صلاة لمن لم يقرأ بفاتحة الكتاب» яғни, «Кітаптың «Фатихасын» оқымаған адамның намазы (толық) емес»- деген сөзін алға тарту арқылы өз уәждерін жеткізеді. Ал бұл мәселе бойынша Ханафи мәзһабы ғалымдары қандай шешім шығарған?

Ең әуелі Ханафи мәзһабы бойынша үкім шығару тәсілдерін үйрететін ғылым «Усулуль фиқһ» әдістемесінен қарар болсақ: аяттағы үкімге қатысты қосымша үкім баян еткен қияс немесе ахад хадис кездессе, аяттағы үкімді өзгертпей, екі дәлелді ұштастыруымыз қажет. Егер ұштастыру мүмкін болмаса, аят үкімі алынып, қосымша келген қияс не ахад хадистер дәлелі алынбайды. Өйткені, Құран аяты (الدلالة قطعي) қатғи, ал хадис занни. Мысалы:  Құранда Музаммиль сүресінің 20-аятында: «فاقرءوا ما تيسر من القرءان» «Құраннан жеңіл келгенін оқыңдар»- деген. Егер, «Фатихадан өзге сүрені оқыса-намаз қабыл болмайды»- деп пікір қалыптастырар болсақ, Құран аятын жоққа шығарған болып есептеледі. Яғни, үкімді жоюмен тең. Демек, Ханафи ғалымдарының ұстанымы бойынша екі дәлелді ұштастырып, «Намазда кез келген сүрені оқу- парыз, ал Фатиха сүресін оқу- уәжіб»- деп, байламға келеміз. Ал неліктен уәжіб? Неге мустахаб немесе мубах емес?- дейтін болсақ: біріншіден: хадис ашық және нақты бұйрық ретінде келген, міндеттілікті білдіріп тұр. Мұстахаб не мубах деп санайтындай желеу жоқ. Екіншіден: хадис Құрандағы аят секілді қатғи емес занни. Сондықтан, парыздан бір саты төмен- уәжіб деген үкім шығарылған.

Негізгі тақырыпқа оралар болсақ:

Мәлики және Ханбали мәзһабтарында дауыстап оқитын намаздарда Фатиха және қосымша сүрені мүлде қырағат етпейді. Ал Шәфиғи мәзһабында қосымша сүрені оқымаса да Фатиха сүресі оқылады.

Ал Ханафи мәзһабында имамға ұюшы адам мүлдем қырағат жасамайды. Оған дәлел: 1) Ибн Мәжаның хадистер жинағының 376 бет, №850 хадисінде: Сахаба Жәбир (р.а) риуаятында Пайғамбарымыз (с.а.с): «Кім имамға ұйыған болса, имамның қырағат етуі- оның да қырағаты болып есептеледі»- деген.

2) Муслимнің хадистер жинағында келген №398 хадисінде сахаба Имран ибн Хусайнның (р.а) риуаятында: «Пайғамбарымыз (с.а.с) бізге бесінде ме, жоқ әлде екінтіде ме имамдыққа шығып, намаз оқыды. Намаздан кейін бізге қарап: қайсың артымда тұрып: «Саббих исмә Роббикәль аълә» деген?- деп сұрады. Ұюшылардың бірі: «мен едім, бірақ жаман ойым болған жоқ»- деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз: «Қайсысы менімен жарысып тұрған деп ойлап қалдым»- деу арқылы имаммен таласып оқып тұруды дұрыс көрмеген. 

3) Дарақұтнидің сүнәнында 2-том, 125 бетінде №1262 санды хадисінде: Абу Дарда (р.а): «Бір кісі Пайғамбарымыздан (с.а.с): барлық намазда қырағат етіле ме?- деп сұрағанда,- Ия- деген жауап естіді. Сонда жаңағы кісі: «Бұл маған міндет болды»-,дейді. Сол кезде жұртқа қарағанда мен Пайғамбарымызға жақын тұрған едім. Ол кісі маған бұрылып: - Алайда қашан жамағат имаммен бірге оқыса, оның оқығаны жамағатқа жетеді»- деген.

4) Сахих Муслимде №577 хадисте Зәйд ибн Сәбиттен (р.а) имамның артында тұрып қырағат жасау жайлы сұралғанда:                                                               «سأل زيد بن ثابت- رضي الله عنه- عن القراءة مع الإمام فقال: لا قراءة مع الإمام في شيء», яғни «Еш жерде имамның артынан қырағат ету деген жоқ»- деп жауап берген.

5) Имам Мәликтің «әл-Муатта» атты хадис кітабының 1-том, 86-бетінде 10-баб №43 риуаятында сахаба Абдулла ибн Омардан (р.а): «Имамның артында тұрған адам қырағат ете ме?»- деп сұрағанда: «Кімде- кім имамға ұйып намаз оқыса, имамның қырағат етуі жеткілікті. Ал жеке оқығанда қырағат етсін»- деп жауап берген.

6) Әнас ибн Сириннің риуаятында Омар ибн әл Хаттаб (р.а): «تكفيك قراءة الإمام» яғни, «Саған имамның оқуы жеткілікті»- деген.

7) «Фатиха оқымағанның намазы жоқ» деген хадиске Ахмад ибн Ханбал «Бұл хадис намазды жалғыз оқушыларға арналған»- деп, түсіндірме жасап өткен.

Ал енді қиясқа салар болсақ, егер имамға ұюшы кісіге де қырағат жасау уәжіб болғанда, кешігіп жамағатқа қосылған (масбуқ) адамға да қырағат ету міндет болар еді. Ал бұл шариғатта көрсетілмеген. Кешігіп қосылған кісі- имам екі жаққа сәлем бергенде орнынан тұрып, қалып кеткен рәкағаттарында Фатиха және қосымша сүрелерді оқи береді.

Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз: имамға ұюшы кісі парыз намаздарында тек «сәна», «тәшәһһуд», рукуғ және сәждедегі, соңғы отырыстағы дұғалардан өзге ешнәрсе оқымайды (қырағат етпейді).

Алла баршамызды бүлік пен түсініспеушіліктерден сақтасын!

 

Дереккөздер:

  1. «Әл фиқһуль муяссар ъаләль мәзһабиль имамиль Аъзами Әби Ханифата ән-Нуъмән»; Ғибадат бабы; «SIYAUSH»баспасы; 89- бет;
  2. «Дін мен Діл 2 (күрделі діни сауалдарға жауаптар)»; «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» 2013 ж; Қ.Жолдыбайұлы; 55-58 бет;
  3. «Сахих әл Бұхари» ықшамдалған нұсқасы; 2013 ж; «Кәусар- саяхат» баспасы; 146-бет;
  4. Muslim.kz  Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің сайты;
  5. Islam.kz  ұлттық, рухани-ағарту порталы;

 

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай аудандық бөлімі маманы:    Б. А. Шаймерден

0 пікір