Имам Әбу Ханифаның сенім (ақида) ілімі туралы көзқарастары
Имам Әбу Ханифаның сенім (ақида) ілімі туралы көзқарастары
26.02.2021
1782
0

Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит өмір сүрген заманының ең үлкен ғалымдарының бірі еді. Түрлі шариғи ілімдерді терең меңгеріп, шәкірттеріне ғылым алқаларын өткізетін. Шын мәнінде Әбу Ханифа фиқһ саласындағы мәшһүр төрт мазхабтың бірі - Ханафи мазхабының негізін қалады. Дегенмен, «Кәләм» ілімін де жетік білді. Өз шәкірттерін ақида мәселелеріне терең бойлап, таласып-тартысудан қайтаратын болған.

Бірде Әбу Ханифа өзінің үлкен ұлы Хаммадтың бір кісімен сенім (ақида) мәселесінде тартысып тұрғанын көргенде оны таласып-тартысудан қайтарып, тыйған болатын. Сонда баласы Хаммад әкесіне: «Өзіңіз де осы мәселеде тартысатын едіңіз. Енді бізді қайтарасыз ба?», - дегенде: «Біз қарсыласымызды қателестіріп, шатастырып алудан қорыққан күйде кішіпейілдікпен сұхбаттасушы едік. Сендер қарсыластарыңнан басым болуларың үшін таластыңдар», - деп өз мүддесі, абыройын ғана ойлап ақида мәселелерінде тартысудан қайтарған еді. Демек, қандай да бір мұсылманнан білім арқылы үстем түсіп, қоғамға қажетсіз болған таластардан алыс болуымыз керек. Алайда, мұсылмандарға керекті түйткіл мәселенің негізін айқындап, ақиқатты айту мақсатында тартысудың орны бөлек.

Пайғамбардан (с.а.с.): «Ілім талап ету әрбір мұсылман ер мен мұсылман әйелге парыз»[1], - деген хадис келтіріледі. Бұл хадистің түсіндірмесінде ислам ғұламалары шариғи мәселелерді, оның ішінде, ақида үкімдерін де меңгерудің маңыздылығын баяндайды. Демек, ақида ілімін өз шама-шарқына қарай үйрену – әрбір мұсылманның міндеті болып табылады.

Ақида ілімі Алла Тағалаға, ислам дінінің негізіне тікелей қатысты болғандықтан ілімдердің ішіндегі ең ұлығы, ең ардақтысы болып табылады.

Имам Әбу Ханифа: «Ақиданы білу фиқһ ілімін білуден абзал екенін біліңдер» деген. Басқа бір сөзінде: «Алла Тағала Ғамир ибн Ғадидті лағынеттесін, өйткені, ол адамдарға ақида ілімінде сөз болуы тиіс емес (мүташабиһ сипаттар жайлы) сөздерге жол ашқандығы үшін»[2] , - деп ақида ілімінің мұсылмандарға ең керекті, сонымен қатар, ең күрделі ғылым екендігін ескертеді. Имам Ағзамның сөздерін Имам Ахмад ибн Ханбал: «Алланың сипаттары туралы сөз қозғаушылармен бірге мәжілісте болмаңдар, әрі олармен сөйлеспеңдер» деп қуаттайды.

Ақида ілімінің басқа шариғи ілімдерден айырмашылығы – кәләм ілімінің мәселелері басқа да шариғи ілімдерден үкімдерінің өзгертілмейтіндігімен ерекшеленеді. Мысалыға, кейбір фиқһи үкімдер уақытқа, жағдайға байланысты беріледі. Алайда, Алланың есім-сипаттары, Алланың бар болуы, Жаратушы, Ризық беруші және т.с.с сипаттарының  қиямет күніне дейін сақталары анық. Адамнан (а.с) Мұхаммедке (с.а.с) дейінгі бүкіл пайғамбарлардың елшілік миссияларының бірі – Алланың жалғыздығы, яғни, таухид болды.

Имам Әбу Ханифаның ақида мәселелерінде жазылған: «Фиқһул акбар», «Фиқһул абсат», «Әр Рисала», «Әл Уасия», «Әл алим уал мутааллим» атты еңбектері бар. «Әл Уасия» кітабында Әбу Ханифа: «Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен бекіту. Шын мәнінде тек тілмен иман келтіру жеткіліксіз, себебі, тілмен айту ғана иман үшін жеткілікті болғанда, мунафиқтер де иман келтірген болар еді. Сол секілді, Алланың бар екендігін білудің өзі де иман етуге жеткіліксіз. Олай болса, барлық кітап иелері мүмин болып есептелетін еді» деп баяндайды.[3] 

Әбу Ханифа өзіне жеткен ілімі бойынша «Иманның артып немесе кемімейтіндігін» алға тартады. Иманның артып, кемуін сандық тұрғыда емес, сапалық жағынан, иманның нұрының артуы, тақуалық тұрғысынан түсіндіреді.

Бүгінгі таңда иман мен амалдың бір екендігін айтып жүрген азаматтар да жоқ емес. Олардың айтуынша, қандай да бір мұсылман иман келтіріп, бірақ амалдардың біреуін тәрк етсе, мұсылман болмайды дегенге саяды.

Осы мәселеде Әбу Ханифа: «Амал иман емес, ал иман болса амалдан бөлек. Кейбір уақыттарда амал мұсылманның мойнынан түседі... Кедейге зекет парыз емес. Зекетті шамасы жетпегені үшін тәрк еткені себепті оның иманы жоқ» деп айтылмайды. [4] Құран Кәрімде: «Шын мәнінде иман келтіріп және ізгі амал жасағандар...»[5] , «Сондай ғайыпқа иман келтіріп, намаз оқығандар»[6] , - деген аяттарда Алла Тағала амалдың иманнан бөлек екендігін, амал жасамаған адамның мүмин күйінде қалып, діннен шықпайтындығын баяндап тұр.

Асылында, ислам дінінің негізгі мәселелері білім иелері үшін анық. Ислам адамдарды өзара бауырмашылдыққа, татулыққа, бірлікке шақырады. Діни мәселелерде адамдардың бір-бірімен жаға жыртысып, таласып-тартысуын құпталмайды. Бәлкім, бір сөзді айтудан немесе бір істі орындаудан бұрын оны жақсылап зерттеп, егер ол қоғамға зиян алып келмейтін болса ғана орындауымыз қажет.

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің маманы                                                                  І.Нағызхан



[1] Табарани, 10439

[2] Құран экзегетикасы,Р.Батталұлы, Қарағанды,2014 жыл

[3] Имам Абу Ханифа, «Әл Уасия», 50-59 бет

[4] «әл Уасия», Абу Ханифа, 74-бет

[5] Кәһф сүресі, 18/107

[6] Бақара сүресі, 2/3

0 пікір