Ханафилік мектептің дәстүріміздегі орны
Ханафилік мектептің дәстүріміздегі орны
18.09.2020
1643
0

Ханафи мазхабы Қазақстандағы мұсылмандардың ұстанған басым бағыты. Қазақстандағы мұсылмандардың арасында Ханафи мазхабын насихаттаушы, қолдаушы – Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы басқаратын «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» (ҚМДБ) болып табылады. Әбу Ханифа негізін қалаған Ханафи мазхабы – Исламдағы төрт фикхтық мектептердің бірі. Әбу Ханифаның құрған жолын ұстанушылар қазіргі Қазақстан аумағында моңғолдардан кейінгі кезеңде (ХІІІ-XV ғ.) басым болған. XVI ғасырдың өзінде қазақ халқының өкілдері сунниттік мұсылмандықтың ішінде Ханафи мазхабын ұстанған болатын.

Кеңес Одағы кезінде Орта Азия мұсылмандары, оның ішінде қазақстандықтар да Ханафилікті ұстанып, олардың пәтуалары Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мазхаптың тұжырымдарына негізделген болатын. 2010 жылдардағы бірнеше террористік актілерден кейін Қазақстан билігі діни экстремизмге қарсы күрестің негізгі әдісі ретінде діни ұйымдарды бақылауды және ел мұсылмандары арасында дәстүрлі мазхапты, атап айтқанда, Ханафи мазхабын насихаттауды нығайта түсті. Ханафи мазхабы өзге фикх мазхаптары арасында ең кең таралған. Ханафилік мектепті Орта және Орталық Азия, Қазақстан, Түркия, Таяу Шығыс, Балқан елдері және т.б. ұстанады.

Әбу Ханифа және оның жақын ізбасарлары белгілі бір мәселелерді шешуде қияс пен истихсан бойынша рационалистік принциптерін қолдану әдісін жасады. Сондай-ақ, ең бастысы, әдет-ғұрып нормаларды құқықтың қайнар көздерінің бірі ретінде пайдалану мүмкіндігін негіздеді. Сондықтан болар, Әбу Ханифаға «Ұлы имам» (Имам Ағзам) деген жоғары атақ берілді.

Әбу Ханифа бойынша әдет-ғұрып тәсілі – Исламда міндетті ережелер белгіленбеген жағдайда, жергілікті әдет-ғұрыптарға, салт пен дәстүрлерге ауырлық берді. Осы қағиданы іс жүзінде қолданудың арқасында Ислам әлеміндегі мәдениеттердің алуан түрлілігінде кездесетін әртүрлі әдет-ғұрыптар әртүрлі елдердің құқықтық жүйелеріне еніп, Исламдық деп санала бастады. Ұлы ғалымның осы әдіс-тәсілді қолдану арқылы Исламның дәстүрлі формасын дүниеге алып келді. Әбу Ханифаның жолын жалғастырушы, жүйелеуші Имам Матуриди де бұл ғалымның жолын жалғастырып, дәстүрлі дүниетанымның қалыптасуына да септігін тигізді. Дәл осы Исламның дәстүрлі формасындағы қарастырылатын мәселелер біздің де қазақи дүниетанымымыздағы әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерімізде бар. Қазақ қоғамында бар, алайда діннің негізі түскен Сауд Арабиясында жоқ көптеген элементтерді атап өтсек болады. Ол, әрине, беташар, өлілердің арқасынан Құран бағыштау, жеті шелпек пісіру, рух феномені, әулие культі секілді тақырыптарда көптеген классикалық ғалымдар мен қазіргі таңдағы дін адамдары том-том етіп кітап жазуда. Бұл мазхапты ұстанған ғалым мен данышпандар діннің негізіне қарсы келмеген, жер-жерлердегі дәстүрлерді ескере отырып, Әбу Ханифаның сөздеріне сүйеніп пәтуалар шығарған.

Әбу Ханифа «Мұсылман деген кім?» сауалына бір ғана жауабын айтады. Ол: «Алланы және Алланың жібергендерін жүрегімен бекіткен адам», – дейді. Осылайша барлық мұсылмандарды құқық жағынан теңестіреді. Қазақ немесе өзге қоғамның мүшелерінің көбісі ақида мен амал мәселесінде ортақ пікірде болса, араларында өзгешелік бола қалған жағдайда төзімділікпен қарауды үйретті.

Ислам дінінің пайда болуы бұрынғы ғасырларға тура келсе де, уақыт өте келе мәні өзгермей, сыртқы формасы ғана өзгеріске ұшыраған діндегі сауданың жасалу тәртібі, этикасы, салық пен зекеттің мәселесі, сотқа жүгіну, жалға алу тәртібі, төрешінің төрелік ету мәселелері секілді тақырыптардың барлығы фикх саласының тақырыбы. Әбу Ханифа алғаш рет осы мәселелердің жауабын табу үшін мектеп ашады, мамандарды даярлап, дау-дамайларды шешіп отырған.

Қорыта келе айтарымыз, дін Исламды пайда болған қалыпта түсінуіміз қате. Дін белгілі бір жер мен уақытқа қарай сыртқы формасы өзгеріп отыратын құбылыс. Әбу Ханифа мен Имам Матуриди секілді тұлғалардың себебімен біз өзіміздің ұлттық кодымызды, идентификациямызды сақтап қала аламыз. Қазақи дүниетанымның қалыптасуына да осы тұлғалардың еңбегі зор. Осылайша бұл ғалымдардың жасаған ерен еңбектерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазхабын ұстанатын сүнниттерміз», – деп айтуы бекер емес.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу ортылығы» КММ-нің маманы      Б. Ботақараев

0 пікір