Дін турасында ақындар сыр шертеді
Дін турасында ақындар сыр шертеді
11.05.2020
1101
0

Жас ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие мен нақты бағыт-бағдар беріп, сондай-ақ діннің негізгі қағидалармен таныстыру және өзге діни ағымдардың зияндылығын айтып түсіндіру бүгінгі таңның негізгі талаптардың бірі деп ойлаймын. Себебі, ертеңгі күннің болашағы – жастардың қолында.

Осы тұрғыда еліміздегі дін мәселесінің күн тәртібінде тұруы сенім мен танымға байланысты. Сенім Исламда бір, яғни, жаратушы Аллаға деген сенім. Ал, танымға келсек әрбір мұсылман адам, халық өзінің ұлттық дүниетанымдық көзқарастарымен таниды. Біздің ата-бабаларымыз да осы әдістерді қолданған.

Дәстүрлі діни таным дегенде, бұл – қазақ халқының ғасырлар бойы өзінің болмысына сай қалыптастырған рухани құндылықтары. Оның өзегінде Ислам діні жатыр. Өйткені, дін – халықтың мәдени, рухани болмысы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қалыптастыратын негізгі қайнар көзі.  

Өкінішке қарай, қазіргі таңда Ислам дінін, құндылықтарын насихаттауда көптеген  қайшылықтар болғандықтан көпшілік арасында дінді түсіну қиынға соғуда.  «Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне, дін десе тұра қашты есті азамат» - деген Шәкәрім атамыздың сөзімен айтқанда, әсіресе жастар арасында дәстүрлі діни танымынан ауытқып, дінді дәстүрден алшақтап, өз тарихы мен мәдениетін терістеу «бидғат», «ширк» деген сөздерді жиі естиміз. Жастар дінге бет бұрып жатса, онда мемлекет тарапынан кері ағымдардың жетегіне кетпеуінің алдын алып, дұрыс және тиісті бағыт-бағдар беру керек. 

Осы орайда, қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігішешендік сөздері, діни-дастандары, мақал-мәтелдері, поэзиясы мен нақыл сөздерінің алар орны ерекше деп білемін. Ислам тарихына байланысты өлең-жырлар, ұлттық әдебиетіміздің нағыз халық табиғатын танытатын маңызды шығармалары болып табылады. Ал ұлы тұлғаларымыздың әсіресе, діни сарындағы туындылары тұлға бойынан имани қасиеттің күшейуіне қатты әсер етті. Себебі, бұл діни дастандар, өлеңдер, жалпы жыраулық дәстүрі қазақтың рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, дәл осы туындылар арқылы халықты білім мен ғылымға шақырып, сонымен бірге сырттан келген діни миссионерлерге де қарсы тосқын бола білді.

Қазақтың рухани мұрасына өшпес із қалдырған Абай Құнанбаевтың: «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» деген сөзін еске алсақ,  дүниені яғни, қоршаған ортаны тану, ақиқатты тану, өзін-өзі тану, өз адамдығын бұзбай жаман нәрседен қашып, жақсы пайдалыны үйренуде ғылымның орнын ерекше атап өткен. Демек, адам бойындағы  жақсы қасиеттердің бәрі де ғылым арқылы келеді деген ой түйіндеген. Ал, өзінің философиялық діни қөзқарасы тұрғысында ғылымнан хабарсыз, білімсіз діншілдер мен ғылымды оқытпайтын діни медреселерді бітіріп шыққан шәкірттерді сынға алады.

Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,

Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған.

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,

Му'мин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.

Құран рас, Алланың сөзі дүр ол,

Тә'уилін білерлік ғылымың шақ - деп, дүниенің бар шындығы мен ақиқатына нақ осы «ғылым» арқылы қол жеткізетінін насихаттаудан шаршамаған.

Дін мен ғылымның арасындағы байланыстың маңыздылығы жайлы Мұқағали Мақатаев былай дейді:

Дін - ғылымның анасы,

Дін ғылымның әкесі. 

Ғылым – діннің баласы,

Дін - ғылымның көкесі!!! 

Өлеңде діннің адам өміріндегі маңызын, орнын түсіндіріп, ғылымның бастауы - дін деген тұжырымға келеді. Дін мен ғылымның арасындағы байланыстың маңыздылығы жайлы өсиетті өз кезегінде Ыбырай Алтынсарин де айтып кеткен: «Ғылыммен қаруланған, дүниеге дұрыс көзқарасы бар адамдар діни фанатизмнің күлін көкке ұшырады», - деген.

Көптеген жылдар бойы халық көкірегінде жатталып, біздің бүгінгі күнге дейін жетіп қазақ топырағында қалыптасқан, дәстүрлі діннің негізгі қағидаларын ашып көрсететін Құран аяттары мен Пайғамбардың хадис құпияларынан сыр шертетін, әрі танымдық тұрғыда жазылған еңбектер де жеткілікті. Ал бұған дәлелдердің бірі ретінде қазақтың ұлттық мұрасы саналатын мақал-мәтелдерді келтіруге болады. Мақал-мәтелдер аз сөзден құралғанымен, көп мағынаны қамтиды. Ал Мұхаммед пайғамбардың хадистері де өзіне тән құрылымдық жүйеге, терең мағыналарға және тағы басқа ерекшеліктерге ие. Мақал-мәтелдер негізінен адамзатты инабаттылыққа, жақсы мінез-құлыққа, бауырмашылдыққа және игі қасиеттерге тәрбиелейтін болса, пайғамбар хадистері де білімге, инабаттылыққа, ар-ожданға, әділеттікке, сабырлылыққа және тағы басқа ізгілікке баулиды. Осы тұрғыдан алғанда пайғамбар хадистері мен қазақ мақал-мәтелдерінің ортақ ұқсастықтарына мысал келтірейік. Хадисте: «Шындықты ащы болса да айт», дәл осындай сарында «Шындықты ащы болса да айт» деген мақал бар. Хадисте: «Күш – білек күшімен бірге емес, нағыз күш ашу кезінде өз нәпсісін ұстай білгені» делінсе, мақалда «Ерлік білекте емес, жүректе». Ал мына төмендегі хадис сөйлем құрылымы жағынан да, мағыналық тұрғыдан да ұғымы бір-біріне өте жақын. Мысалы, қазақ мақалында «Ағайын, ағайынның айнасы» десе, хадисте: «Мұсылман – бауырының айнасы» - деп, келген. Осындай хадис пен мақал-мәтелдің астарлы ұғымында өсиет, ғибрат өнегесі жатқандықтан, ол екеуінің өзіндік ұқсас тұстары мен ортақ белгілері бар екендігін білдіріп тұр.

Мұхтар Әуезов «Шығармашылық бес том» атты еңбегінде: «Қазақ ортасында ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылыс қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген. Бұған ескі әдебиеттегі толып жатқан қиссалар дәлел», - деп дінге қатысты әдебиеттің ең дамыған, мазмұнды тұсын айтып, оқырманға бағыт береді.

Осылайша, халқымыздың таусылмас рухани мұрасы діни құндылықтардың даналық философия мен ұлттық тәрбиенің негізіне айналып, ұлт мүддесіне қызмет етті.

Пайғамбардың «Дін – насихат» деген қағидасын еске алсақ, онда қазақ ақындары бұл өсиетті өз деңгейінде орындаған. Өткен ғасырдан бүгінгі күнімізге дейін жеткен аманат насихаттық үндестігінің сақталып, келешек ұрпаққа жол сілтеп тұрғандығының айғағы. Ал енді жастарды ұлы ойшылдарымыз салып кеткен сара жолымен тәрбиелесек -

Еліміздің келешегі мықты,

Болашағы баянды болады!

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» 

бөлімінің маманы   Ш.Досанбаева

0 пікір