Бабаларымыздан қалған тәбәрік амалы
Бабаларымыздан қалған тәбәрік амалы
31.03.2020
947
0

 

Бір адамға болған махаббаттан, сол адамға көрсетілген құрмет, оған тиесілі болған заттарға, оның өмір сүрген жерлерге және жүрген жолына көрсетілген арнайы сый мен бұл мекендерді зиярат ету секілді әрекеттер, көбею, арту және жақсылық мағыналарына келген «берекет» сөзінен пайда болған, жақсылық пен берекет күту мағынасындағы сөзге «тәбәрік» дейді.

Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар және оған тиесілі болған заттармен, оның әһли-байтпен немесе пайғамбар мұрагерлері болған ғалымдар мен әулиелермен тәбәрік ету сипаты, кейбір адамдар тарапынан дұрыс түсінілмейді. Бұл сөздің түпкілікті мағынасына көз жүгірте алмаған адамдардың классикалық ұстанымдарын мұнда қарастырып, «тәбәрік» етістігіне қарсы келместен, рұқсат бергендерді күпірлікпен, адасушылықпен айыптаған.

Тәбәріктің рұқсат етілгенін көрсеткен дәлелдерге тоқталмастан бұрын, тәбәрік етілген зат, мекен немесе бір адамның тек Аллаға жету жолында иемденген заттарға қол жеткізгендігін астын сызып тұрып айтуымыз қажет.

Бір адамға жасалатын тәбәрік ол адамның Аллаға болған жақындығы мен жақсы адам болғанына сенгені үшін жасалуда. Тәбәрік жасаған адам өзімен тәбәрік етілген заттың тек Алланың рұқсатымен бір жақсылыққа себеп бола алатынына сенген.

Тәбәрікті мойындағандардың көзқарастары

Тәбәрік негізінен берекет қалау (сұрау) мағынасына келеді. Бір нәрсенің көмегімен берекетке жетуді білдіреді. Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар мен сахаба арасында бірнеше рет тәбәрік әрекеттері жасалғанына байланысты хадис пен сияр кітаптарында мысалдар беріліп түсіндірілген.

Пайғамбардың ыдысы мен намаз оқыған жерімен тәбәрік

 

. عن ابي بردة رضى الله عنه قال قدمت المدينة فلقيني عبد الله بن سلام فقال انطلق الى المنزل فأسقيك فى قدح شرب فيه رسول الله صلى الله عليه و سلم و تصلي فى مسجد صلى فيه النبي صلى الله عليه و سلم فانطلقت معه فأسقاني سويقا و اطعمني تمرا و صليت فى مسجده.

Абу Бурда (р.а.) былай айтады: Бір рет Мәдина мешітіне келгенімде, Абдулла б. Сәлам (р.а.) мені қарсы алып: «Қанеки, менімен бірге үйіме жүр, саған Алла елшісінің (с.а.с.) ішкен ыдысынан су ішкізіп, намаз оқыған бөлмесінде де намаз оқытайын» – деді. Мен де онымен бірге бара бердім. Маған арпа мен бидай ұнынан жасалған сорпаны ішкізді, құрма жегізді. Алла елшісінің (с.а.с.) намаз оқыған жерде мен де намаз оқыдым[1].

Алла елшісінің намаз оқыған жерімен тәбәрік

 

.عن محمود بن ربيع الانصاري رضى الله عنه ان عتبان بن مالك و هو من اصحاب رسول الله صلى الله عليه و سلم ممن شهد بدرا من الانصار انه اتى رسول الله صلى الله عليه و سلم فقال يا رسول الله قد انكرت بصري و انا اصلى لقومي فإذا كانت الامطار سال الوادي الذي بيني و بينهم لم استطع إن اتى مسجدهم فأصلى بهم و وددت يا رسول الله انك تاتيني فتصلى فى بيتي فاتخذه مصلى قال فقال رسول الله صلى الله عليه و سلم سأفعل إن شاء الله. قال عتبان  فغدا رسول الله صلى الله عليه و سلم و ابو بكر حين ارتفع النهار فاستأذن رسول الله صلى الله عليه و سلم فأذنت له فلم يجلس حتى دخل البيت ثم قال اين تحب ان اصلى من بيتك’ قال اشرت الى ناحية من البيت فقام رسول الله صلى الله عليه و سلم فكبر فقمنا فصففنا فصلى ركعتين ثم سلم.

Махмуд б. әр-Раби әл Ансари (р.а.) мына бір оқиғаны жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларынан, сонымен қатар Бәдірдегі ансарлардан болған Итбан Малик (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.) келіп:

-  Ей Алланың елшісі! Соңғы кезде көз көруім нашарлады, тіпті көр бола бастадым. Мен өзімнің жамағатымда имаммын, жаңбыр жауғанда олар мен менің арамда сулар сел болып ағады, сол кезде мен олардың намазханасына барып өздеріне намаз оқытуға мүмкіндік таппай жатырмын.

-  Ей Алланың елшісі! Сен маған келіп, үйімнің бір бөлмесінде намаз оқысаңыз, мен де сол жерде үнемі намаз оқысам деп едім», - дейді. Ел елшісі (с.а.с.) де оған: «Иншалла, айтқаныңды орындаймын», - деді.

Ертеңгі күні таңертең Алла елшілісі (с.а.с.), Абу Бәкірмен (р.а.) бірге күн жоғарыдан көрінгенде маған келді. Алла елшісі (с.а.с.) үйге кіру үшін рұқсат сұрады, мен де рұқсатымды бердім. Үйге кіргенде бірден отырмады: «Үйіңнің қай жерінде намаз оқуымды қалайсың?», - деп сұрады. Мен үйдің бір бетін оған көрсеттім, Алла елшісі (с.а.с.) де намазды бастау үшін тәкбір алды, біз де сап құрып, екі рәкағат намаз оқығаннан кейін екі жақа сәлем беріп намазымызды тәмамдадық[2].

Хадистің рауисі Итбан (р.а.) Хазреж тайпасынан. Салим ұлдарына имамдық жасайтын еді, қартайған шақта Муғауияның (р.а.) билік күндеріне дейін өмір сүрген. Алла елшісі (с.а.с.) хижреттің басында оны Омар б. әл-Хаттабпен бауыр еткен.

Имам Айни, Имам Қасталани, Имам Нәуауи бұл хадистен бірнеше үкімдер шығарған:

  1. Салих құлдарының еңбектерімен тәбәрік;
  2. Олардың намаз оқыған жерлерінде намаз оқу;
  3. Олардан бір нәрсені берекетті етулерін сұрау.

Алла елшісінің (с.а.с.) қабірімен тәбәрік

 

Салафилік көзқарастағы адамдардың ойынша, «сахабалардың Алла елшісінің (с.а.с.) өмір сүрген бөлмесі мен қабірімен қайтыс болғаннан кейін тәбәрік жасамаған» сөзіне төмендегі жауапты айтуға болады.

 

قحط اهل المدينة قحطا شديدا فشكوا الى عائشة رضى الله عنها فقالت انظروا الى قبر رسول الله صلى الله عليه و سلم فاجعلوا منه كوة الى السماء حتى لا يكون بينه و بين السماء سقف ففعلوا فمطروا حتى نبت العشب سمنت اللإبل تفتفت من الشحم.

«Бір күні Мәдинаға ашаршылық келді. Барша жұрт бұл жағдайға шыдай алмай Айша анамызға келіп шағымданады. Айша анамыз: «Алла елшісінің (с.а.с.) қабіріне барып жер мен көктің арасында кедергі қалмайтындай етіп дұға жасаңыздар!» – деп әмір береді.

Сонда барып Айша анамыздың айтқанындай жасадық. Нәтижеде шөп өсіп, жан-жануарлар семіргенге дейін жаңбыр жауды. Жануарлардан көп мөлшерде май алғанымыз үшін бұл жылды «май берген жыл» деп атадық»[3].

Демек, сахабалар Алла елшісінің (с.а.с.) өмір сүрген бөлмесі мен қабірімен пайғамбар қайтыс болғаннан кейін де тәбәрік амалын жасаған.

Хаким «әл-Мустадрак» атты кітабында сахаба Абу Салихтен риуаят еткені бойынша былай деді: «Мәруан б. әл-Хакам бір күні Пайғамбарымыздың қабіріне келгенде, бір адамның бетін қабірге қойғанын көрді, «Не істегеніңізді білесіз бе?» – деп сұрағанда, Абу Айюб әл-Ансари болғанын көрді. Абу Айюб әл-Ансари: «Мен тасқа емес, Алла елшісіне келдім. Пайғамбарымыздың былай айтқанын естідім:

-  Халифа, өз ісінің ұстасы болса дін үшін жылама. Алайда ұстасы болмаса сол кезде жыла», - деп жауап береді».

Бұл хадистің сәнәды сахих. Имам Ахмад «әл-Муснәд» пен Имам Табәрани «әл-Муғжам әл-Кабир» атты кітаптарында жазған.

Имам Ибни Асакир «Тарих Димашк» атты кітабында былайша риуаят етеді:

«Абу Бәкірдің кезеңінде Билал Хабаши Шамға орналасты. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін Омардың кезеңінде Пайғамбарымызды түсінде көреді. Пайғамбарымыз оған былай деді:

«Бұл салқындық не Билал? Сені сағындық». Билал таңертең ұйқыдан оянып, дереу Мединаға жолға шығады. Мәдинаға барғанда Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарымыздың қабіріне жол тартады. Бетін мазардың топырағына сүрте бастайды, жылағаны соншалық жүзіне жақын болған топырақ лайға айналады. Хасан мен Хусейін Билалдың келгенін естіп, дереу оған келіп, азан айтуын сұрайды».

Бабаларымыз осы және өзге де риуаяттарға сүйене отырып тәбәрікті ұлы даламызда кеңінен насихаттаған болатын. Қазіргі таңдағы тәбәрік және тағы басқа мәселелер дәстүрімізге сіңіп, әдет-ғұрпымыздың айрылмастай бөлшегі ретінде сақталып келеді. Алайда деструктивті діни ағымдардың ұранына айналған «бидғат» сөзімен ғасырлар бойы даламызда кеңінен таралған бұл дәстүрімізді жоққа шығарғысы келгендері баршамызға аян. Тәбәрік сөзі қазақ халқында «теберік» немесе «жыртыс» ретінде болмысын жалғастырғанын атап өткеніміз жөн. Дінмен байланысты болған қандай да бір салт немесе ғұрыптар ұзақ болған уақыт пен географияның әсерінен сыртқы формасын өзгертсе де түпкілікті мағынасын еш өзгертпеген.

 

«Әдістемелік қамтамасыз ету»

бөлімінің маманы                                                         Б. Ботақараев



[1] Бухари, әл-Иғтисам би-л Китаби уас-Сунна, 16 (№6910, 6/2673)

[2] Бухари, Мәсажид: 14, (№415.І,164), Муслим, Иман: 10 (№ 33, І, 61), Ибн Мажә, Мәсажид:8 (№754), Нәсаи, Икамат: 46 (№843, ІІ, 440), Абу Дәуіт әт-Таялиси, №1241, 174 б.

[3] Нәсаи, Мәсажид, 11 (№700, 2/369). Хатиб-и Тәбризи, Мишкатул-Мәсабих, Салат: 7 (№716). Аъмед б. Ханбал, әл-Муснәд (№16293, 5/494).

0 пікір