Абай - ұлағатты ұстаз
Абай - ұлағатты  ұстаз
25.02.2020
1568
0

 Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы  Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді. Абай атақты Тобықты руының Ырғызбай деген тобынан тарайды. Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен көзге түседі. Кейін ол Семей қаласында 3 жылдық медресе тәрбиесін алады. Абай көпті көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болды. Шешесі Ұлжан да ақылды ананың бірі болған. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы орта жасқа келгенде атқа мініп, ел билеу жұмысына араласқан заманы, Ресей патшалығының Қазақстанның батысы мен орталық аймағын отарлап, ел билеу жүйесін өз тәртібіне көндіре бастаған кез. Құнанбай өз заманында ел басқарған адам болды. Ол ел билеу ісіне балаларының ішінде Абайды баулып, араластырды. Абайды оқудан ерте тартып, оқудан шығарып алуы да сол билікке ұлын қалдыру мақсатында еді. Әке еркімен ел ісіне жастай араласқан Абай тез есейіп, балалықтан да ерте айырылып, жастайынан ел ішіндегі әңгіме, сөз өнерін, билердің шешендік өнеріне құлақ салып, өзінің ерекше талантымен бойына сіңіре білді. Елі үшін әділет жолын ұстанған Абайдың үстінен арыз да жазылып, үш-төрт ай тергеліп, ақталып шықты. Әке-шешесінің қасында жүрсе де жас Абай оқудан қол үзбейді, бос уақытында қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули т. б. ақындарының өлеңін жаттап өседі. Кейін ол орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, орыстың ұлы ойшылдары А.С.Пушкин, М.В.Ламаносов және т.б. шығармаларымен танысады. Соның арқасында дүниетанымын кеңітіп, білімін шыңдай береді. Абай ауқатты отбасынан шықса да халқына үнемі жақын болды, олардың дауын даулап, мұңын жоқтады.

Халықтың қайғысына да қарасатынын өлең шумақтарынан да көреміз. Бұл тек Абайдың  даналығының, көрегенділігінің шеті ғана. Абайдың даналығын тек қазақ елі емес, Абайдың өлеңдерінің, жалпы шығармаларының мәні мен мазмұнын қазіргі таңдағы әлем жұртшылығы мойындауда.

Ал, қазіргі алмағайып заманда ұлы Абай рухымен тыныстау, сол арқылы болмысы бөтен ой-танымдарға қарсы иммунитет қалыптастыруға зәрулік зор. Төменде данышпан ғұламаның дінге, иман, тағатқа қатысты жалпы адамзаттық ой-танымдары түндігін түріп көрмекпіз. Діннің ішкі мазмұны болып табылатын ғылым, ақыл, мейірім, әділет сияқты категорияларды ашып-ақтармай тұрып, дініміз исламның потенциалын ашу қиынға соғады. Тән сияқты жан да азық іздейді. Базарда қатар-қатар тұрған сатушылар сияқты, әрбір дін иелері «жан азығы міне» деп өздерінің ілім, танымдарын тықпалайды. Бұл орайда, қайсысы көңіліне жақса, жастарымыз соған ауып кетуі ықтимал. Сондықтан бәсекелестік жағдайында шаң қауып қалмау үшін жан нәр алатын бұлақтарды мейлінше күшейту ләзім. Бір данышпан:«Жақсы әфсанасыз ұлы халық болмайды», - депті. Қазақ халқы әфсанасының көмбесі - Абай мұрасы екені талассыз. Хакім Абай қиыр шеттегі Шыңғыстау бөктерінен-ақ Еуропаның ақыл-ойы дамуын қалт жібермей қадағалап отырған. Идеологиялық «вирус» тәрізденген дарвинизм һәм материализм ілімдері қалыптасуы мен таралуы жайын бақылады. Сол сияқты Ресей мұсылмандарының мәдени қозғалысы – жәдитшілдер, оларды жақтамаған Семей қаласындағы имам, халфемен қажылар қауымы өзіне мәлім.Қалың елі қазағының діншілдігі туралы Абай былай дейді: «Қазақ құлшылығым Құдайға лайықты болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны. …Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды» (16-сөз). Жасы елуді еңсерген Абайды дүниенің көрінбейтін сырына бойлап, тура жол – ғидаятты табуға ынталандырған сыртқы жәйттер міне осылар болды. Ал, ішкі себеп - өзінің ерекше қабілет иесі екенін сезінгендігі дейміз.

Абай жасынан діни тәрбие алды. Діндар болып өсті. Мысалға 1866 жылдың 8 наурызында оқудағы інісі Халиуллаға жазған қысқа хатында «Құдайға шүкір», «Алла тағаладан қайтсын», «Құдай тағала қаласа» және «Құдай тағалаға сиынып» деп мәртебелі Жаратушы Иемізді төрт мәрте еске алады. Қалай десек те, хакім Абай бойына Тәңірінің нәрі, қуаты құйылғанын түйсінді әрі сәйкесінше махаббат қылды. 38-сөзінде: «Құдай тағаланың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз. ...Алла тағаланың пендесін махаббат уә мархаматпенен жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпен елжіремекті Құдайға ғашық болды дейміз. Олай болғанда хикмет Құдайға, пенде өз ақылы жетерлік шамасында білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім деп ат қойған» десе, бұл өзі сезінген, көзі жеткен ақиқат пайым екені сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, 38-қара сөзі Абайдың Құдайға ғашықтығының куәсі әрі барлық діни көзқарастары тоғысқан басты мұра болып табылады.

Мәшһүр Жүсіп: «Әсілі, қазақ тілі – жұмбақ: не айтса, бәрінің шешуі бар; шешуін білуге тырысу керек», - дейді. Абайдың 38-ші қара сөзі тап сол сияқты - дін, иман, ой-сана бәрінің де шешуін береді. Құр сөз болмауы үшін Абайдан теологиялық ілімді суыртпақтайық. Тәңіріні танып-білу екі жолменен: заты және хикметі бойынша. Тәңірінің заты таныла ма? Жоқ, ол болжаусыз, адамның ақылына сыймайтын стихия. Демек, адам баласы Тәңіріні тек хикметі (ісі, жолы, заңы) арқылы ғана танып-біле алады. Абайша Тәңірінің әлемді меңгеретін екі хикметі бар. Олар - махаббат пен әділет. Осыған  Ғылым-Құдірет сипатын қосады. Себебі: «Біз Жаратушы (Өзін) емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз». Бұл арада «жаратқан көлеңкесі» деп Абай материалдық әлемді айтқан. Оны танып-білудің құралы, әрине-ғылым. Сонымен, құдайшылық, мейлі, адамгершілік мұраттар тұрғысынан алсақ та, өзгермейтін үш негіз бар, олар - ғылым, махаббат, әділет. Бұлар бірін-бірі өсіретін, толықтыратын категориялар. 38-сөзінде Абай махаббат пен әділет ұғымдарын қосақтап, «әділет-шапағат» деген аса маңызды терминді айналымға енгізеді. Ислам пәлсапасы бойынша Тәңіріні танудың шарты -көңілде махаббат тұруы. Сопылықты «махаббат діні» дейтіні сол. Тақуа әулиелер Тәңіріге ессіз-түссіз ғашық болды. «Ғашықтары сол хәлге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты. Бәлки хисапқа алмадилар», - дейді Абай.Ойшылдың өзі де Жаратушы Иені «жаннан тәтті» сүйді. Сөйтсе-дағы дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытқан емес. Берісі - «қалың елі, қазағы», әрісі – күллі адамзат қамы деп түн ұйқысын төрт бөлді.

Абай мен суфизм арақатынасын тексеру өз алдына тақырып. Біз «Құдайдың пендесіне салған жолы қайсы?» деген мәселеге ой салық. Өйткені, 38-ші қара сөзде Абай көтерген екінші мәселе осы. Адам баласының көркем мінезді болуы, Абайша пенделіктің кәмәлаты тура жолды табуға тіреледі. Сондықтан Абай қиын сырлы ізденістерін былайша сабақтайды: «Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (шектеусіз) болды. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса, өзің ниһаятлысың, ол жол Құдайдың жолы емес» (38-сөзі). «Құдай жолы қайсы?» дегенге бұдан асқан нақты әрі түсінікті анықтама беру мүмкін емес сияқты. Суфизм ілімі мен Абай танымы арасындағы айырмашылыққа осы анықтама сәулесін түсіреді. Абайдың идеалы - қоғам дамуына ықпал ететін азамат. Ал, қоғамға пайдасы жоқ масылдықты «харекетсіз – сопы монтаны» деп сынап-мінейді. «Ғұмыр өзі - хақиқат» деп түйін түйеді. Сонымен, Құдай жолы, яғни тура жол қайтсек ашылмақ?

Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол!

Гәп иманда екен. Жалпы осы екі жол Абайдың дінге деген көзқарасын ұғудың кілті есепті.

Иман - діннің ішкі өзегі, ал тағат - тек оны сақтаушы, күзетуші ғана. Тағат иманға (ақ жүрек болуға) қызмет етуге тиісті.

Қайталап айтайық, Абайдың діни көзқарастары желісін теология ілімінен тартады. Ойшылдың теология ілімі - ғылым, махаббат, әділет деген үш категорияға негізделеді. Осы үшеуіне жекелей тоқталайық. Ғылым туралы Абай көп айтқан. Кейбірін келтіре кетелік. «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» (10-сөз). «Ғылым– Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр» (38-сөз).«Ғылымның бір аты – ақыл» (сонда). Қысқасы, ғылым (ақыл-ес)- Жаратушының адамға дүниені тануы үшін дарытқан құралы. Оны қолданбау қиянат емеспе?! Дін осы екен деп, ой-сананың бәрін тұмылдырықтап-тұмшалап тастау жөн бе. Дін ғылымсыз, өлі догматқа айналса - салдары ауыр. Осы жәйтті Абай «бүкіл шығыстың сол заманға шейін кенже қалуына себеп болған кесел-кедергінің бірі деп танып, онымен бірде-бір адым баспайды. Аулақ серпеді» (М.Әуезов). Құран Кәрімде намаз, зікір туралы 77 аят болса, ал ғылым-білімге қатысты аяттар көп жайды аңғартады. Ойшылдың әрқашанда ғылымды азық қылуға үндейтіні сол.

Қорыта келе қалың қазақ жұртына ұлағатты ұстаз бола білген Абай Құнанбайұлының әрбір жыр-дастандары тәрбие мен тәлімге толы екені даусыз. Ғасырлар өтседе Абай өлеңдері маңызын жоғалтпастан жаңғыруда. Осындай дара тұлғаның нәрлі мұраларының асылын қанып ішіп, өміріне қажетті дүниелерді бойына жия білген әрбір жас ұрпақ – нұрлы да шуақты болашақтың иесі боларына кәміл сенеміз.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

   Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маман   Д.Аманов

0 пікір