Абай мұралары және жастар руханияты
Абай мұралары және жастар руханияты
31.03.2020
4475
0

 

«Абай – қазақтың бас ақыны»

Ахмет Байтұрсынұлы

 

Хакім Абай туындылары бүгінде халқымыз үшін үшін, ұлттық тәлім - тәрбиенің негізгі, жастарымыздың адаспай, білімді һәм білікті, тәрбиелі де  тәлімді тұлға болып қалыптасуының алтын темірқазығы рөлін атқаруда десек артық айтқанымыз емес. Осы сөзіміздің айқын дәлелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» - деп ерекше атап өткен болатын. Абай атамыздың әдеби мұрасы өзінің көркемдік құндылығымен заманауи ұлттық өнердің қайнар бұлағына айналып, ел тарихында өшпес із қалдырды. Ұлы ағартушының асыл туындылары қанша уақыт өтсе де өз маңызы мен құндылығын жойған емес. Керісінше, Абай мұрасы – күннен-күнге нәр алып, өз ұрпағының рухани қазынасына айналып отыр. Абай шығармаларында ұлы Далада өмір сүрген қазақ халқының бар болмыс-тіршілігі, ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен жан-дүниесі суреттелген. Абайдың туындыларына зер салсақ, елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі - білім мен ғылымда жатыр.                                     

Кемеңгер Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. Ақын «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын баса айтты. Ағартушы ақынның сол замандағы тұжырымдары қазір де аса өзекті. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты - биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал, біздің міндетіміз – осы ілгері көштен қалмай, алдыңғы қатардан орын алу. Кемеңгер Абай білімі терең болғандықтан, оның шығармаларында дүние, өмір, тіршіліктің мағынасы, қоғам мен заман, болашақ туралы толғаған ойлары да аса терең. Ендеше осы тереңдікті жастарымызға ұғындыру біздерден талай дүниені талап етеді.                                   

Абай мұрасы - адамды адам етіп тәрбиелеудің, жан - жақты дамыған зияткер тұлға қалыптастырудың қайнары. Ақынның толық адам туралы айтқандары – жас өскінді Адамды сүю, құрметтеу, елжандылық, биік адамгершілікке бастайтын жол. Сондай – ақ, әлемдік деңгейдегі білім талаптарына қол созып қана қоймай, соның ұшар басынан көріне білу - бүгінгі таңдағы ұлттық болмысымыздың, адами мақсат - міндеттеріміздің бұлтартпас бағыт, бағдары. Абай шығармасының сая бағында өсу, тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының алдағы тұрған міндеттерінің бірі. Абайға әр оралған сайын «көкірек көзің ашылады», азаматтық ірілік пен адамдық ұғымдардың жаңа қырларына, сырларына жолыққандай боласың. Қазақ халқының алдында енді қазақтың Абайын әлемге таныту, оны Адамзаттың Абайын айналдыру тұр.                                                                     

Абай – құбылыс, ғасырларда біртуар ғұлама. Туысы бөлек, бесігі өлең, өсуі еркін. Оқуды өмірден алған. Оқуға зерек, ұғымға ұшқыр болған. Сондықтан да оның түрлі айтыстар мен даулардағы, мәжілістер мен кеңестегі айтқан пікірлері – дара өнеге, нақыл. Ойланып жазғандары өлең өнер болған. Абай дүниеге өз көзімен қарап, көргені мен сезгенін жалтақтамай айтқан. Бойындағы даналық оны даралық жолына, данышпандық шыңына бастады. Өмір мен қоғамды барлап, болашақты болжап жазған әр шығармасы – осы шыңға шығар жолындағы баспалдақ.                                                          

Абай мұрасының тәрбиелік мәні, тағылымдық бағыт бағдары турасында сөз қозғағанда, алдымен ойға оралатын Абайдың өз басының адамгершілігі. Ақыл мен қайратты, білім мен адамгершілікті тең ұстаған ақын шығармаларына деген ілтипатымыз, құштарлығымыз бүгінгі күн санап артқандай. Ақын шығармаларына, оның терең мағыналы, күні бүгінге дейін мәнін жоймаған ой-тұжырымдамаларына деген қажеттіліктің бар екенін  сындарлы жылдар айқындап берді. Оның кіршіксіз, таза, ақ жүрегінен тебірене туындаған жырларынан адам жанына әл қуат беретін, жанға жайлы, ыстық леп ескендей. Бар асылын, ойын замана жастарына, келер ұрпаққа да арнады. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет пен еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған.            

«Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға, жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе:

«Дүние де өзі, мал да өзі

Ғылымға көңіл бөлсеңіз…», — деген тұжырым ұсынады.

Абай адам болуға ұмтылған әрбір жалынды жастың бойына адамшылықтың қандай нәрін, нендей ізгілікті қасиеттерді егу, орнықтыру керектігін «Ғылым таппай мақтанба…» өлеңінде:

«Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз…» — деп, айқындап берді. Осындағы «Адам болу, оған тезірек жетуге, асығуға ұмтылатын бес нәрсе не?» деген сұраққа кемеңгер тұлға:

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз…» — деп, кесімді, тұжырымды жауап береді.

Шын мәнінде нағыз адам болу үшін адамгершілікке тән, жағымды жақсы қасиеттер, жақсы сипаттар – адамдық, әділеттік, достық, махаббат, ар-намыс, сабырлық, батырлық т.б. толып жатыр. Солардың ішінен ақын жастардың бойындағы адамгершіліктің негізгі қасиеттері, «Бес асыл іс»: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым туралы даналық ой қозғауының өзіндік мәні бар.                                                                                                           

 «Бес дұшпан» — Абай айқындап берген адамгершілікке жат этикалық-әдеп нормалары. Абай «Бес асыл» ісінде нағыз адам болу үшін бес нәрсеге асық болу керектігін айтса, «Бес дұшпанында»:

«Адам болам десеңіз,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер, мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз…» - деп адамның бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынға алады. Ақынның түсіндіргеніндей адамгершілікке жат жаман қылықтар – арамдық, әдепсіздік, әділетсіздік, жағымпаздық, жылпостық, менмендік, қулық-сұмдық, пәлеқорлық т.б. толып жатыр.           

Абай қазақ халқының дамуы үшін, оның басқа елдер қатарына жетуі үшін бұл әдеттердің бәрі де кедергі болатын қылықтар деп ұғып, бұларға барынша қарсы шықты. Ақын сол кездегі жағымсыз әдеттер – өсек, өтірік, мақтаншақ, бекер мал шашпақ тәрізді елді аздыратын мінез-құлықты әшкерелеп, жұршылықты олардан сақтандырмақ болды. Қазақ қауымының болашағы жастардың бойына адамгершіліктің асыл қасиеттерін қалыптастыру туралы даналық ой қозғайды. Адам болам десең, байлықпен озбай ақыл, әділеттілік, ғылым, ар, жақсы мінезбен оз дейді. Қазақ қоғамында жан-жақты жетілген адамды арман ете отырып, оның мінезді болуына, мінездің әлеуметтік өмірдегі қызметіне айрықша мән береді. Туған халқын барынша сүйгендіктен, оның әлеуметтік өміріндегі кемшілігін мінеп, соны жоюға күш салды. Өз мінін көре алмаған халықтың дамуға ұмтылмайтынын түсінді.        

Қорыта айтқанда, Абай тағылымы арқылы бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қажет рухани мұраларды сіңіру, жастарымыздың  бойына ізгіліктің, адамгершіліктің рухани нәрлі дәнін егу – мүлт кетпес мүддеміз деп білеміз. Ұлы дана мұрасы білім, ғылымның ғана көзі емес, оның тағылымы - тәрбиенің де қайнар бұлағы. Мына өтпелі дәуірдің кейбір келеңсіз жағдайларының жас ұрпақтың аман алып қалудың да бірден-бір емі - Абайға жүгіну, Абайға үңілу дер едік. Абай мұраларын тану, өскелең ұрпаққа танытып, бойына сіңдіру - қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете отырып, ұлылар үлгісі арқылы жас ұрпақты тәрбиелеп, Егемен еліміздің ілгері дамытудың шамшырағы. Ұлы дананың қай еңбегін оқымайық, ол ақыл - нақылға, тағылымға толы. Әсіресе, қазір күн тәртібінде жан - жақты дамыған тұлға қалыптастыру мәселесі тұрғанда оны жүзеге асырудың бір жолы ретінде Абай мұрасына бет бұрыс жасау ең оңды қадам деп білеміз.                                                                                                 

Абай - мәңгілік тақырып. Әр ұрпақ Абайды өзінше танып, өзінше оқып, өзінше танытады. Дәл қазіргі уақытта рухы мықты ұрпақ тәрбиесі үшін Абай құдіреті қажет болып отыр. Әр адам баласы Абай әлеміне үңіліп, Абайға бет бұрғаны дұрыс. Әрбір азамат Абай қарасөздерін өзінің дұрыс жолға салар бағдаршамындай көруі керек. Себебі дана Абайдың айтқан әрбір сөзі саналы адамның көкірегіне ой салып, адамшылық жолға тәрбиелейтін өсиеттен тұрады. Ұрпақты Абай үлгісінде тәрбиелеу – ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, биік адамгершілікке бастайтын жол.

М.Салиходжаев

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы

Пікір білдірілмейді.