Сот қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, сондай-ақ деструктивті діни ағымдардың ықпалын төмендету мақсатында Түркістан облыстық сотында маңызды семинар өтті.
Жиынға Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Асхат Өмірзақұлы арнайы қатысты.
Кездесу барысында мемлекеттік құрылымдарда, соның ішінде сот жүйесінде салафизм мен басқа да деструктивті діни ағымдардың ықпалына жол бермеу, дін саласындағы тұрақтылықты сақтау және ұлттық құндылықтарды насихаттау мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, қатысушыларға шетелде бақылаусыз діни білім алудың қауіптілігі ескертілді.
«Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету шеңберінде қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жабатын киімдерге тыйым салуға қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістер мен құқықтық талаптар да егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мемлекеттік қызметшілердің ойын мекемелеріне (құмар ойындарға) барудан тартынуы және кәсіби әдеп нормаларын қатаң сақтауы қажеттігі ерекше атап өтілді.
Кездесу соңында сот қызметкерлері тарапынан қойылған сұрақтарға маман тарапынан тұшымды әрі толық жауаптар берілді.

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru