Қазақ халқының ұлы дала төріндегі діни ұстанымы
Қазақ халқының ұлы дала төріндегі діни ұстанымы
18.12.2019
1802
0

Ұлы дала төріне Ислам діні келместен алдын біршама тайпалық, ұлттық діндер болған, қазақ даласында шаманизм, зороастризм және бір тәңірлік діндердің болғаны белгілі. Сол діндердің ішіндегі Тәңірлік ұстанымына тоқталатын болсақ.            

          Тәңірлік дін – бір Тәңір деп көк аспанға табынған. Тәңір көне түріктердің түсінігі бойынша, жер бетіндегі жанды, жансыз табиғаттың бәрінің үстінен қарайтын, соларды таратушы, соларды жарылқаушы бір ғарыштық (аспан) күш. Бұл жағынан алғанда, Тәңірлік нанымы кейінгі мұсылмандық «Алла», «Құдай» ұғымдарына жақын келеді. Ислам діні таралғаннан кейін де түркілердің, оның ішінде қазақтардың Алла ұғымындағы Тәңір сөзін жиі қолдануы олар туралы түсініктердің ұқсастығынан деп түсіну керек. Жалпы, Тәңір діні Азиядағы ең көне бір құдайлық дін. Тәңірлік діні туралы тікелей деректер түркі заманынан белгілі.[1]

          Енді осы діннен кейін ақиқат ислам діні келеді. Ислам діні қазақ жеріне VIII ғасырдан бастап ене бастады. Ислам діні түркі әлеміне енуі неше түрлі тарихи оқиғаларға соғысқа ұласты. Енді сол оқиғаларға тоқталатын болсақ. Араб әлеміне танылған даңқты қолбасшылары Күтейба ибн Муслим әскері Қазақстанның оңтүстігіне 714 жылдар аралығында басып кіреді. Күтейб ибн Муслимнің ислам әскері келу себебімен, қазақ тұрғындарының исламға бет бұруы осы тұстан басталады. Осы кезде Мауаранахрдағы бауырларына қол ұшын беріп отыратын Түркеш қағанаты Орта Азиядағы арабтардың жаулап алған жерлеріне қауіп – қатер төндірді. Басып алынған Шаш (Ташкент), Самарқант секілді қалалардың тұрғындарына көмек ретінде әскер жіберіп отырды. Дегенменде Түркеш мемлекетінде Сүзегеннің өлтірілуімен түркештер әлсіреп аймақ бастығы Наср ибн Сейяр қайтадан Орта Азиядағы араб билігін қалпына келтіре бастады.[2]

Арабтардың Мауаранахрды Әбдімәлік ибн Маруан (685-705) тұсында ғана жаулап алуға қолы жетті. Хорасан билеушісі Кутейб ибн Муслим ішкі қырқыстардан әбден әлсіреген Орта Азияға қоныстанған түркі тайпаларын басып алды. Сөйтіп, 705 жылдың өзінде-ақ бүкіл Орта Азияны уысында ұстады. Балхты басып алған Кутейб ибн Муслим Бұхараға ұмтылды. Соғдылар мен түркі тайпалары арасына от салу нәтижесінде Бұхараны алды. Ауыр шайқастардан соң соғдылықтар астанасы Самарқан қолға түсті. Наршаһидің жазуынша, Кутейбаның әскері Бұхараны бірнеше қайтара алғанымен, арабтар кете салысымен жергілікті халық ислам дінінен безіп, өз ата-бабасы ұстанған дінге көше берген. Төртінші рет Кутейба әзер дегенде қаланы алып, қалаға сол қаланың тұрғындарының жартысына жуық мөлшердегі арабтарды әкеліп қоныстандырды. Солардың күшімен ислам дінін енгізіп, бұрынғы табынатын пұттарын талқандап, оның орнына мешіттер салдырған. «Кімде-кім мешітке келсе, оларға ол (Кутейба) екі дирһам береді» деп жар шақыртады. Соның өзінде де жергілікті халықтан қорыққан арабтар мешітке қару-жарағымен келуге мәжбүр болған.[3]

          Қазақ даласына Ислам дінінің тез таралуына бірден – бір себепкер болған оқиға және Түркеш халқын Таң имперясынан сақтап қалған Атлах яғни Талас шайқасы еді. Бұл шайқас 751 жылы Атлах қаласы маңында қытай мен араб әскерлерінің арасында болады. Шайқас алдында 749 жылы араб халифатындағы ұзаққа созылған таққа талас аяқталып таққа Аббас әулеті келеді. Бұл тұстарда Шығыс Түрік қағандығы әлсіреп таққа талас жүріп жатқан. Осы тұсты пайдаланып Таң патшалығы Талас өңіріне таяу келіп араб халифатына қауіп төндіреді. Таң патшалығынан теперіш көріп жүрген түргештер мен қарлұқтар араб халифаты әскерінің көмегіне сүйену үшін арабтар жағына өтеді, соларға көмектеседі. Екі жақ әскерлерінің шайқасы 751 жылы 29 шілдеде басталып 5 күнге созылады. Қытай қолбасшысы Гау Шиянденнің (Гао Сянь-Чжи) қарамағында 70 мың әскер болған. Шайқас барысында қарлұқтар жаппай арабтарға болысып, екі жақтан Таң армиясын қыспаққа алды. Араб қолбасшысы Зияд ибн Салих қарамағындағы әскер шайқас барысында қытай әскерінің 50 мыңын өлтіріп, 20 мыңын тұтқынға алды. Осы шайқастын жеңіліс тапқан Таң патшалығы бұдан кейінгі уақытта өз құдіретін жүргізі алмады. Бұл шайқастан кейін түркілердің Ислам дініне жақындасуын жылдамдатты.[4]

Ислам ең бірінші қазіргі Түркістан облысы (Оңтүстік Қазақстан) мен Жетісу жеріне таралды. X ғасырда ислам діні Қарахандар мемлекетінің ресми дініне айналды. Бірқатар деректерде түркі тайпаларының ислам дінін қабылдауы X ғасырдан бастау алды десе, бір деректер VIII ғасырдан басталған дейді, өйткені 751 жылғы Атлах шайқасында мұсылмандардың Алланың көмегімен жеңіске жетуі түркілердің ислам дінін қабылдауын тездетті. Ислам дінінің еліміздегі орнығу тарихы он төрт ғасыр уақытты қамтиды. X ғасырдың басында Қарахан әулетінің негізін салушы Сатук ислам дінін қабылдап, оның ұлы Боғра хан Харуб б. Мұса 960 жылы ислам дінін мемлекеттік деп жариялады.

Ислам діні бірінші кезекте қалаларда жақсы таралды. Ибн Хордадбек Фарабтың бас қаласы Кердердегі мұсылман топтары туралы, Ибн Хаукаль Фараб, Кеңжиде мен Шаш аралығында көшіп жүрген мұсылман түріктері жайында жазып кеткен. Әл-Макдиси Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың X ғасырдың аяғындағы қалаларын атай келіп, мешіттерді қалалардағы міндетті құрылыстардың бірі ретінде атаған. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде және Құйрықтөбеге жақын жерден Х-ХІ ғасырларға жататын ең ертедегі мұсылман қабірлері, қаланың орнынан Х-ХІІІ ғасырларда салынған мешіттердің қалдығы және басқа да ірі қалалардан моншалардың болғандығы дәлелденді. Сол сияқты көптеген қазба жұмыстарынан ислам дінінің таралғанын айқын дәлелдейтін заттар анықталды, бірақ ислам діні толық орнықты деп те айтуға келмейді, өйткені, тотемизм мен зороастризмнің белгілері де шығып жатты. [5]

Ислам діні Құранда және хадисте келген шариғи үкімдерге бойсынып және шариғи талаптарды халық бойына сіңіре отырып, сол халықтардың жергілікті әдет–ғұрыптарына икемделе де білген, олармен санасқан. Мұсылмандық «сүннит», «шииттік» болып екіге бөлінеді. Қазақтар оның сүнниттік бағытына жатады. Ислам діні қазақ еліне орнауы халықтың рухани, идеялық жағынан бірігуіне, ынтымақтасуына жағдай жасады. Түркі халықтары рухани мәдениетінің қалыптасу, даму тарихының көрнекті тұлғалары Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет», Сүлеймен Бақырғанидің «Ақыр заман кітабы», Ахмет Йугнекидің «Ақиқат сыйы», Бурхануддин Рабғузидың «Қиссасул әнбия», Сей Сарайдың «Гүлистан бит–түрки» сияқты Қарахандықтар билігі мен Алтын Орда тұсында дүниеге келген жәдігерлердің шығармалары соның жарқын дәлелі. Бұл шығармалар қазақ поэзиясының исламдық–эстетикалық негіздері саналады. Ислам тарихына байланысты жырланған жыр–дастандар ұлттық әдебиетіміздің нағыз халық табиғатын танытатын маңызды шығармалар болып табылады. [6]

Қорыта айтқанда қазақ халқының шешендік сөздері, жыр дастандары, мақал–мәтелдері, би шешендердің нақыл сөздеріне көз жүгіртсек барлығы шариғатқа барып тірелетініне куә боламыз. Қазақ даласына исламның келуі тек осы нәрселермен шектеліп қалған жоқ, оқу білімнің дамуы Әл–Фараби  сынды әлемге танылған ғұламаның шығуы дәлел. Сонымен қоса медецина саласыда жақсы дамыған оған дәлел Ибн Сина сияқты адамдардың шығуы.  Ислам дінінің орнығуын қатысты Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Қазақ даласында ислам дінін орнықтырғандардың бірі – данышпан бабамыз Ахмет Ясауи осы жағдайларды ескере отырып, түркі жұртындағы ислам дәстүрлерін қалыптастырды. Осы дәстүрмен, мінеки ата – бабаларымыз ғасырлар бойы өздерінің ұлттық сана сезімдерін қалыптастырып келеді» - деді. Елбасымыз айтқандай Ахмет Ясауи болсын немесе кешегі үш жүздің би болған билеріміз, қаншама хандарымыз ислам шеңберінде үкім беріп ислам дінінің таралуына себепші болған. Осылайша қазақ халқының ұлы дала төріндегі діни ұстанымдары ислам дінінің орнығуына ұласты.

 

 

«Қоғамдағы дін қатынастарын

зерттеу» бөлімінің маманы.                                                            Н.Әмзеев                                



[2]Орта ғасырлар тарихы және өркениеті. Профессор Доктор Сабри Хизметти,  Шымкент 2002 ж, 139 – б.

[3] Ислам және қазақтардың әдет-ғұрыптары. Н. Өсеров, Ж. Естаев.  Алматы 1992 ж, 135-бет.   

[4] Қазақстан тарихы оқу құралы, Б. Жұмақаева. Алматы 2010, 42 – бет.

[5] Қазақстан тарихы.«Ата-мұра» (IV томдық) I т, Алматы. 1996, 480-482.

0 пікір