«Дәстүр тағлымы» атты облыстық байқау өтті
«Дәстүр тағлымы» атты облыстық байқау өтті
04.12.2020
585
0

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық код туралы айтып, оны сақтауды міндеттеді. Ұлттық код дегеніміз ұлттық құндылықтарымыз. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлерімізді ұрпаққа жеткізу аға ұрпақтың парызы. Әрбір халықтың белгісі, этникалық мәдениеті болады. Сол мәдениетке халықтың тілі, ділі, діні, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы кіреді. Бұны ұлттық кодтың элементтері дейміз. Салт-дәстүр – адамзаттың ғасырлар бойы жинақталған құндылығы, мәдени мұрасы. Әдет-ғұрып дегеніміз адамдар арасында қалыптасқан қоғамдық тәртіп. Осы арқылы әрбір халық өзін-өзі тәрбиелеп отырады. Дәстүр кез-келген қоғамда, отбасында кездеседі. Дәстүрді бір қалыпқа қатып қалған құбылыс екен деп түсіну қате. Ол әр кезеңде өзгеріп отырады. Дегенмен ұлттық кодымызды сақтау үшін дәстүрдің озық үлгілерін насихаттап отыру керек. Бұл өз кезегінде ұрпақты адамгершілікке, отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелейді.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жусан» операциясы нәтижесінде елге қайтарылған облыс тұрғындарына дәстүрлі құндылықтарды насихаттау мақсатында «Дәстүр тағлымы» атты тақырыпта облыстық байқау ұйымдастырылды.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен, Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылған «Жусан» гуманитарлық операциясының нәтижесінде елімізге 600-ге жуық отандастарымыз қайта оралған болатын. Соның ішінде 5 әйел мен 22 бала Түркістан облысының тұрғындары болып табылады. Аталмыш азаматшаларға мәдени-рухани қолдау білдіру, қолайлы орта қалыптастыру, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды саналарында қайта жаңғырту мақсатында үш кезеңнен тұратын байқау ұйымдастырылды.

Бірінші кезеңде байқауға қатысушылар өздері туралы таныстыруды қазылар алқасына ұсынса, ІІ-кезеңде үй тапсырмасына берілген арнайы тақырыпта (бесікке салу, шілдехана, тұсау кесер және т.б.) сахналық қойылым ұйымдастырады. Қатысушылардың өз еріктеріне сай ұлттық музыкалық аспаппен сүйемелдеуге, достары мен туған-туыстарының көмегіне жүгінуге жағдай жасалды. Ал, ІІІ-кезеңде қазақ халқының тарихы, әдет-ғұрпы, дін мен дәстүріне қатысты сұрақ-жауаптарға қатысты білімдерін ортаға салды.

Байқау ашық әрі еркін форматта өткізіліп, осыған орай өзінің әділ төрелігін жасауға Түркістан облыстық Әжелер алқасының хатшысы Ф.Тілеубердиева, айтыскер ақын, облыстық Б.Өтеп атындағы дарынды балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернатының директоры М.Есжанова және «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» МКҚК «Ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімінің меңгерушісі Г.Жақанқызы жұмылдырылды.

Қазылар алқасының мүшелері қатысушылардың әр кезеңдегі ұтымды тұстары мен шалыс басқан іс-әрекеттерін таразылап төрелігін білдіріп отырды. Байқау қорытындысы бойынша шағалалы Шардарадан келіп бабы мен бағы қатар шапқан Д.Абдираманова бас жүлдені қанжығасына байлады. Құт дарып, кие қонған Қазығұрттан келген А.Нысанбаева жүлделі І-орынға ие болды. Саялы Сарыағаштан келген Т.Камалова ІІ-орынға лайық деп танылды. Ал, Қаратау тәжі – Кентаудан келген Д.Сүлейменова ІІІ-орынға ие болды. Жүлдегерлерге байқауды ұйымдастырушы тарапынан арнайы қаржылай сыйлықтар табысталды.

Тәлімі мен тағлымы мол байқауға қатысушылар осы іс-шараны ұйымдастырушы облыстық Қоғамдық даму басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-не алғыстарын білдіріп, жақсы көңіл-күйде тарқасты.

   

     

 

0 пікір