Бәйдібек аудандық ауруханасында медицина саласының қызметкерлеріне арналған ақпараттық кездесу ұйымдастырылды. Жиынның негізгі мақсаты – дін саласындағы өзекті мәселелер жөнінде түсінік қалыптастыру, зайырлылық қағидаттарын кеңінен түсіндіру және күмәнді діни идеологиялардың алдын алу.
Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов, орталықтың теолог маманы Қуаныш Қосмахан және ауданның тиісті сала өкілдері қатысты. Жиынды Бәйдібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Өскен Қосыбайұлы Алдамжаров жүргізді.
Жиын барысында діннің қоғамдағы орны, зайырлы мемлекет қағидаттары және азаматтардың діни сенім бостандығына қатысты құқықтары сөз болды. Діни көзқарастардың адамның кәсіби міндетіне, қоғамдағы өзара қарым-қатынасқа және заң талаптарына қайшы келмеуінің маңызы түсіндірілді.
Мамандар деструктивті діни ағымдардың адамды қоғамнан оқшаулауға, өзге көзқарастарға төзбестік танытуға және жалған діни түсініктерді қабылдауға итермелеуі мүмкін екенін атап өтті. Осындай ықпалдың алдын алу үшін діни мәселелерге қатысты мәліметті білікті мамандар мен ресми дереккөздерден алу қажеттігі айтылды.
Медицина қызметкерлерінің күнделікті жұмысында түрлі көзқарастағы азаматтармен қарым-қатынас жасайтыны ескеріліп, өзара құрмет, төзімділік және кәсіби әдеп қағидаттарын сақтау мәселесіне де назар аударылды.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде таралатын діни мазмұндағы бейнероликтер, уағыздар мен түрлі ақпараттарды талғаммен қабылдау, олардың авторы мен дереккөзін тексеру, күмәнді контентті таратпау жөнінде ұсыныстар берілді.
Кездесу медицина саласы қызметкерлерінің діни сауаттылығын арттыруға, зайырлы құндылықтарды нығайтуға және қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтауға бағытталды.









+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru