Созақ ауданында өндіріс орнының қызметкерлерімен ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылып, елдің қоғамдық-саяси және рухани өміріндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесуге Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов, орталықтың теолог маманы Қуаныш Қосмаханов, Созақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Болатханұлы Райымқұлов және ОАТБ филиалы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Айдос Қасыбекұлы Туралиев қатысты.
Кездесу барысында Құрылтайдың мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтудағы маңызына кеңінен тоқталды. Оның ел дамуының басым бағыттарын айқындауға, қоғамдық пікірді ескеруге, ұлттық бірлік пен ортақ құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң екені айтылды. Сондай-ақ Құрылтай аясында көтеріліп жүрген бастамалардың қоғамның жаңғыруына және азаматтық жауапкершіліктің артуына ықпалы сөз болды.
Сонымен қатар жаңа Конституцияға қатысты мәселелер, «Жаңа Қазақстан» бағытындағы қоғамдық өзгерістер мен заң үстемдігін қалыптастырудың маңызы талқыланды. Мемлекет пен діннің арақатынасы, зайырлылық қағидаттары, әр азаматтың діни сенім бостандығына құрметпен қарау және қоғамдық келісімді сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қоршаған ортаға ұқыпты қарау, тазалық мәдениетін қалыптастыру мен әр азаматтың ортақ кеңістікке жауапкершілігі жөнінде пікірлер айтылды.
Сондай-ақ қазіргі ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздік мәселелері қозғалып, ақпараттық гигиенаны сақтау, әлеуметтік желілердегі жалған немесе күмәнді мәліметтерді ажырата білу, ақпаратты ресми және сенімді дереккөздер арқылы тексеру қажеттігі түсіндірілді.
Кездесу өндіріс орны қызметкерлерінің құқықтық және ақпараттық сауаттылығын арттыруға, зайырлылық қағидаттарын түсіндіруге және қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға бағытталды.








+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru