Шардара ауданында түркі әлемінің көрнекті ойшылы Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын дәріптеу және оның тағылымын көпшілікке кеңінен таныстыру мақсатында «Ясауи керуені» аймақтық ғылыми-танымдық семинары өтті.
Түркістан облысы әкімінің бастамасымен қолға алынған жоба аясындағы жиынға Түркістан облысы дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов пен Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы Төлепов қатысып, семинардың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара барысында Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, теология ғылымдарының докторы (PhD), қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, дінтанушы Сержан Оразбай және Теология факультетінің доценті, PhD докторы Мұхит Төлеген баяндама жасады.
Ғалымдар Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасы, оның ұлттық дүниетаныммен, салт-дәстүрмен және адамгершілік құндылықтармен сабақтастығы жөнінде ой бөлісті.
Атап айтқанда, Бауыржан Сайфунов «Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация», Сержан Оразбай «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар», Мұхит Төлеген «Қожа Ахмет Ясауи ілімі және қазақ салт-дәстүрлері» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар ұсынды.
Семинарда Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, оның рухани-адамгершілік тағылымын өскелең ұрпаққа таныту және ұлттық тәрбиемен сабақтастыра насихаттау мәселелері талқыланды.
«Ясауи керуені» семинары ұлттық руханиятты жаңғыртуға, тарихи танымды тереңдетуге және Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған тағылымды алаң болды.









+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru