Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей қолдауымен бастау алған ұлы ойшыл, сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің рухани-мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан кеңінен насихаттауға бағытталған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары Ордабасы ауданында өтті.
Рухани құндылықтарды дәріптеп, Ясауи ілімінің өміршең қағидаларын қоғамға кеңінен таныту мақсатында ұйымдастырылған жиынға Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, Ордабасы ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысқақ, ғалымдар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Басқосу Мемлекет басшысының Қожа Ахмет Ясауи мұрасын елімізде және халықаралық деңгейде кеңінен дәріптеу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Семинар барысында ғалымдар мен сарапшылар Ясауи мұрасының қазақ халқының рухани дүниесіндегі айрықша орнына тоқталып, оның бүгінгі қоғам үшін де маңыздылығын жан-жақты түсіндірді. Ұлы ойшылдың адамгершілік, имандылық, әділдік, сабыр мен ізгілікке үндейтін тағылымының жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше екені айтылды.
Сонымен қатар, «Ясауи керуені» жобасының негізгі мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасын ғана емес, оның рухани мектебі мен ұлттық дүниетаныммен сабақтасқан ілімін халыққа кеңінен таныту екені атап өтілді.
Жиын барысында рухани тәрбие, ұлттық құндылықтарды сақтау, дәстүрлі дін мен мәдениеттің сабақтастығы жөнінде пікір алмасып, қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Семинар соңында мамандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.







