Әлемдегі елдердің зайырлылық көріністері
Әлемдегі елдердің зайырлылық көріністері
21.02.2020
1596
0

Зайырлылық туралы бұл жазбамызды әуелі Қазақстан Республикасының Ата Заңы болып есептелетін – ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Демек, адамның қай дінге сенуіне, оның сенім бостандығына Конституция кепілдік береді.

Зайырлылық ұғымына тоқталар болсақ, зайырлылық араб тіліндегі «сыртқы» деген мағынаға саятын «заһир» сөзінен шығады. Ал қазақ тілі түсіндірме сөздігінде «зайыр» сөзі «анық» және «айқын» деген мағыналарды береді. Біздің қолданып жүрген зайырлы сөзі осы «заһир» және «зайыр» сөздерінен түрленген (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі/Т. Жанұзақов – Алматы: Дайк-Пресс, 2008, 968 б.). Араб әлемінен шыққан зайырлық ұғымының батыс дүниесінде «Лаицизм» дейді. Бұл сөз мемлекет басқаруда қандай да бір дінге немесе діни ілімге сүйенбестен, ел саясаты мен діннің арасында бейтараптылықты ұстанатын заңдылық.

Батыс әлеміндегі зайырлылық әлеуметтік қажеттіліктен туындаған бір құбылыс. Өйткені діндарлар мен дінсіздер және дін мен деноминациялар арасындағы теке-тірестерді тоқтатуы үшін пайда болған. Ал Қазақстандағы зайырлылық ұғымын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы Бас муфтиі Серікбай қажы Ораз былайша тарқатады: «Зайырлылық – әр адамның нәсіліне қарамастан, әр азаматтың қандай да бір дінге сену-сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни бұл ұстаным адамның ар-ожданының моральдық болмысы еркіндігіне мүмкіндік береді» (www.kazislam.kz).

Зайырлылық әр елде әртүрлі көрінеді. Алпауыт елдердің бірі болған АҚШ та зайырлы ел. Дегенмен де ол елдің азаматтарының көпшілігі христиан діні өкілдері болғандықтан экономикалық, саясат және әлеуметтік салаларда дінге, сонымен қатар «Жаратушы» ұғымына басымдылық береді. Американың ақша бірлігі доллар валютасында «In God we trust», яғни «Біз Құдайға сенеміз» мағынасындағы сөйлем жазылған. Бұл ол елдің зайырлы мемлекет болғанына қарамастан дінге басымдылық беретінінің бір көрінісі. Екінші бір көрінісі, осы елдің сайланған президенттері, шенеуніктері, әскери қызметкерлері, куәгерлер Конституцияға емес, Христиандар үшін қасиетті болып есептелетін Інжіл кітабымен ант етеді. Үшіншісі, президенттердің барлығы дерлік халыққа жолдауының ең соңғы сөйлемін «Құдай Американы сақтасын», яғни «God Bless America» деп бітіреді. Көріп отырғанымыздай АҚШ-тың жүргізіп отырған саясаты зайырлы болғанымен, дінге деген басымдылыққа жол береді.

Дәл осы секілді тәуелсіз еліміздің де ұстанған жолы – зайырлылық. Алайда Қазақстан халқының көпшілігі Ислам мен Христиан діндерін ұстанғандықтан ел саясаты азаматтардың дәстүрлі діні мен жолы болып саналатын Ислам дінінің Ханафилік бағыты мен Христан дінінің Православиелік бағытының тарихи рөлі мойындалады. Қазақстан, барлығымызға белгілі болғаны секілді, 130-дан астам этнос және 18 конфессияның өкілдері өмір сүретін ел. Аталмыш ұлт өкілдері мен дін өкілдерінің бейбітшілік пен татулықта өмір сүрулері, бұл әрине, ұстанған зайырлы саясатқа тікелей байланысты. Өзге дін өкілдеріне деген құрмет пен толеранттылық ұғымы алдыңғы кезекте тұрады. Олардың қарым-қатынастары «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» және басқа заңнамалармен реттеліп отырады.

Жоғарыда айтылғандардан байқағанымыздай, зайырлылық пен руханият бір-біріне қайшы келмейді. Өйткені зайырлылық ұғымы мемлекеттік ұстаным формасы болса, руханият – дін құраушысы болып есептеледі. Зайырлы деп танылған елде әртүрлі діни ағымдар өмір сүре алады, оларға деген қағида ортақ – сол азаматтардың заңға бағынып, заң алдында тең болуы.

Соңғы зерттеулердің статистикалық мәліметтеріне сүйенетін болсақ, әлемде 60 ресми діндері бар, 12 діни, зайырлылық қағидаттармен саясатын жүргізіп отырған 120, сонымен қатар дінге қарсы болған 5 мемлекет бар.

Қорыта айтатын болсақ, еліміздегі зайырлылық принципі – қоғамдағы тыныштық пен бейбітшіліктің кепілі. Зайырлылық қиғадалардың қалыптасуы мен дамуына жол ашқан, бұл әрине, тәуелсіздік. Ұзақ уақыт бойы туысқандық тарихы түйіспеген Ресей Империясының бодандығында болған Қазақстанның соңында тәуелсіздік алып жеке мемлекет болды. Сондай-ақ өзінің Ата Заңы болған Конституциясын жариялап, зайырлылық қағидаларын орнықтырды. Мұнымен шектелмей, азаматтарға дін бостандығына да кепілдік бергені үлкен бір жетістіктердің елеулі жаңалықтардың бірі болды. Тәуелсіздік алғалы бері 3 жыл сайын 6 рет өткізілген әлемдік дәстүрлі діндерінің съезі, Дін істері комитетінің құрылуы, мектептерге дінтану сабағының енгізілуі, мерекелік күнтізбелердің ішінде мұсылмандардың қасиетті мерекесі саналған – Құрбан айт пен христиандардың православиелік бағыты үшін қасиетті саналған – Рождество мейрамдары демалыс күндері болып бекітілуі дінаралық және ұлтаралық татулықты күшейтетін бастама. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың дәл осындай қалыпта жүзеге асырылуының жалғасын табуы қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуы мен нығаюының кепілі бола бермек.

 

 

«Әдістемелік қамтамасыз ету»

бөлімінің маманы  Б. Ботақараев

 

0 пікір