Балалардың мешіт әдебі
Балалардың мешіт әдебі
19.04.2024
354
0

Кез келген ұлттың орны мен ортасына тиесілі мәдениеті, әдебі және сақталуы тиіс ережелері мен заңдары бар. Сол сияқты, мешіт әдебінде де адам баласына қояр талабы болады. Мешіт –  құлшылық жасау­ға  арналған  орын. Ол жерге кез келген адам олпы-солпы келіп, кіріп кете алмайды. Сондықтан мешіт  әдептерінен  де хабардар болғанымыз  абзал.

Мешіт – құлшылық жасалатын орын. Яғни, ол жерге келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау.

Ғұламалар кеңесінің мәжілісінде ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі талқыланып, бір ауыздан бекітілген болатын.

«Ереже Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерінің ішкі тәртіп ережелерін анықтайтын негізгі нормативті акт. Ереже Қазақстан Республикасының «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының қолданыстағы басқа да заңнамаларының нормаларына, инструктивті құжаттарына және еңбекті ұйымдастыру саласындағы нормативтік актілерге, сонымен қатар ҚМДБ Жарғысына сәйкес дайындалды. Ережеде мешітке келушінің негізгі құқықтары, мешітте жасауға тыйым салынған әрекеттер, мешітке келушінің міндеттері жеке бөлім ретінде қамтылған. Сонымен бірге, ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі дін қызметкерлері мен мешітке келушілерге байланысты басқа да мәселелерді қадағалайды.

«Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт. Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса. Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас». Бұл – халқымыздың бала тәрбиесіне қатысты ұстанған қағидасы. Ұрпақ тәрбиесіндегі осы тәсіл өзінің өміршеңдігін дәлелдеумен келеді. Біз ешқашан өзгенің таным-түсінігімен өмір сүре алмаймыз. Ұстанатын дініміз бен арқа сүйер салтымыз бар. Күнделікті өмірде дағдымызға айналған ғұрпымыз бар.

Шариғат бойынша, оң-солын ажыратып қалған баланы мешітке алып келу – құптарлық амал. Мешіт – баланың бойына имани тәрбиені ұялатады. Оның мінез-құлқына оң әсерін тигізеді. Бірақ, мешітке алып келмес бұрын балаға қоғамдық орын әдебі мен тәртібін үйрету қажет. Бала мешіттің мейірімділік және бауырмалдық мекені екенін сезініп өскені жөн. Ол мешітке деген сүйіспеншілікпен ер жету керек. Себебі, хадисте Алла Тағаланың мейіріміне бөленген жеті адамның ішінде: «... жүрегі мешітке байланған адам...»,-деп көрсетілген.

Мешітке баланы алып келуге рұқсат етілгендігі жөнінде, Әбу Қатада әл-Ансаридің (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) қызы Зейнептің қызы Үмаматты көтеріп намаз оқушы еді»,-деген және сондай-ақ, Әнас (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Мен намазға кірісемін де, оны ұзақ оқығым келеді. Бірақ сәбидің жылаған даусын естіген кезде, намазды жеңіл оқып бітіремін. Өйткені, сәбидің жылағанынан анасы қатты мазасызданатынын білемін»,-деген риуаятын дәлел етіп келтіруге болады. Демек, бала намаз оқушылардың мазасын алмауы керек. Ең маңыздысы, намаз үстінде кедергі етпеуі тиіс. Адам ойы мен көңілін бір арнаға жинап, жан дүниесімен құлшылыққа берілу қажет. Бұл – ғибадаттың мәйегі. Бала жылап намаз оқушылардың көңілін шалғытатын болса, мешітке алып келмеген дұрыс.

Сонымен бірге, мешітте шулап жүрген баланы «бұзықтықтан» тимақ болып қабақ шытып, қатты сөзбен үрейін ұшырудан сақ болыңыз. Себебі, үлкендердің мұндай әрекетінен бала қорқып қалу заңдылық. Және келеңсіздік тудырған баланың ата-анасына да дөрекілік көрсетпей, керісінше сыпайы да, жұмсақпен түсіндірген жөн.

Баланы мешітке дайындап келіңіз.  Мешітке келер алдын, ата-ана баласын алдын-ала дайындап, мешіт әдептерін түсіндіргені жөн, бұл – өте маңызды. Қай жерде өзін қалай ұстауы керек екенін білмейтін баланың тәртіп сақтауын қалай күтуге болады? Мысалы, балаңызға мешіттің ішінде шулап, қатты дауыстауға болмайтындығын түсіндіріңіз. Жасы үлкендеу балаларға дәріс кезінде бір-бірлерімен сөйлесуге болмайтындығын айтыңыз. Бұл істе әрине, баланың жасын, ой-өрісінің дамуын да ескеру керек. Дегенмен, ата-анасынан мешітке қатысты тәлім-тәрбие алмаған баладан тәртіп сақтайды деп күтпей-ақ қойыңыз.

         Бұл да сабырлықтың бір түрі. Мешітте шулап, ойын салу жағымсыз болса да, жамағаттан баланың табиғи қылықтарына түсіністікпен қарап, сабырлық таныту талап етіледі. Жаңа туылған нәрестелер мешітте көп жағдайда жылайтын болса, енді тәй-тәй басқан балапандар бәрін қызық көріп, бір орында тұрмайтындығы баршамызғы мәлім.

Имам Бухари жеткізген хадисте, балаларға қатысты: «Намазды бастағанда ұзақ оқуға ниет етемін, алайда, баланың жылаған дауысын естігенімде намазды қысқартып оқимын, себебі анасына ыңғайсыздық тудырғым келмейді», – деген.

Ибн Аббас жеткізген басқа бір хадисте, Меккеге келген кезде, бани Әбді Мүтәліптің балалары оның алдынан жүгіріп шығып, қарсы алады. Сол кезде, Алла елшісі бір баланы иығына мінгізіп, екіншісін қолына көтеріп алған. Мешіт пен балалар арасындағы байланыс Ислам келген алғашқы күннен басталған. Себебі бала – жамағаттың бір қазынасы. Балаларға мешітте емін-еркін жүруге ешқашан тыйым салынбаған.

Мынадай оқиға жеткен: Бірде Алла елшісі сахабаларымен ашық алаңда намаз оқып отырғанда,  бала Ибн Аббас екі досымен есекке мініп келеді. Үшеуі есегінен түсіп, есегін сахабалардың алдына қоя беріп, өздері де сахабалардың арасында жүгіре жөнеліп, ойнап кетеді.  Осы кезде Алла елшісі де, сахабалар да осы қылықтары үшін балаларға ұрыспаған. Бұндай қарым-қатынас балаларды жамағаттан алыстатпай, керісінше мешітке, намазға деген ынтасын ашуға сеп болған. Бір жағынан, ол уақыттарда мешіт тек құлшылық орыны емес, адамдардың әлеуметтік өмірінің орталығы болатын. Ол жерде сабақ өткен, күнделікті, әлеуметтік және саяси сұрақтар талқыланған. Сондықтан мешітте балалар көп болған. Солай олар қоғамдық өмірде туындайтын қажеттіліктерді көрген, тақуа адамның қандай болатынын және оған қандай міндеттер жүктелетінін біліп өскен.

Қалалық жерлерде баласына алаңдаушылар көп екені баршамызға мәлім. Өйткені қалалық жердің мешіті де үлкен болғандықтан мешітке жамағат та көп жиналатыны белгілі. Алайда, оларды түгел қадағалауға жалғыз имамның мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан, мешітке алғаш қадам басқан баланы тек әкесі немесе ағасы, жанашырларымен барғаны дұрыс.

Сонымен қатар мешіт имамымен таныстырып қойса артықтық етпейді. Қазіргі таңда өздеріміз білетіндей 2-3 мың адам сыятын үлкен мешіттерде жаңадан кірген бала түрлі ағымдардың өкілдерінің қармағына түсіп кетуі де мүмкін. Осындай ниеттегі кісілердің қоршауында қалса, теріс жолға түсіп кетуі де мүмкін. Осындайлардың кесірінен не жаман, мешіт жаман, кім жаман, имам жаман, деген көзқарас қалыптасатыны белгілі.

Көңілді құлазытатын да жағдайлар кездесетіні белгілі. Мешіт әдебін сақтамау, мешіт ішінде ерсілі-қарсылы жүру, тамақ ішу т.б әрекеттерді байқап қаламыз. Мұндай жағдайлар мешіттің жұмысы мен беделіне нұқсан келтіреді. Сол себепті еліміздегі барлық ғибадат үйлерінде мешіт әдептері сақталғаны абзал. Мешітке келген адам мешіттің тәртібін де қатаң сақтаса аяқ киімдерін шешіп, арнайы сөрелерге қою қажет. Мешіт ішіндегі нұсқаулықтармен танысып, мешіт ішіндегі әрбір белгілерге мән бергені абзал. Мешіт ішіне тамақ (сусын) алып кіруге, тамақ ішуге, қоқыс тастауға, мешіт мүлкін сыртқа шығаруға, мешіт ішінде өзге істермен шұғылдануға, сауда жасауға, дауыс көтеріп сөйлеуге, жүгіруге, құлшылық жасап, Құран оқып жатқан адамдарға кедергі келтіруге болмайтынын балаларына әрбір ата-ана ескертсе.

Мешітке келгенде ерлер: дененің үстіңгі жағын және төменгі денесін (кем дегенде тізеден төмен) жабуы керек. Ерлерге арналған қолайлы киім үлгілері – тізеден төмен түсетін шалбар кисе,  шортилармен бармағаны абзал. Сонымен қатар жеңі қысқа футболкамен емес, асылы ұзын жеңді көйлек кигені дұрыс. Қарапайым киімнің пайдасына теріге жабысатын киімдерден аулақ болғаны дұрыс. Мешітке кіргенде ұялы байланыс құралдарын дыбыссыз режимге қойса, және ұялы байланыста сәжде қосымшасындағы намазуақытында  немесе қоңырауға азан қоймағаны дұрыс, Өйткені дәретханада болған кезінде намаз уақытында не біреу қоңырау шалғанда лас жерлерде азан дауыстары ұялы телефонында қоңырау дыбыстық режимінде тұрады, осындай іс-әрекеттерден аулақ болған дұрыс. Осындай мәселелерді ұл-қыздарымызға ескерткеніміз дұрыс. Кез келген қоғамдық орын сияқты, кез келген тәртіпсіздіктен аулақ болғанымыз сияқты мешітте де осындай тәртіпсіздіктерден аулақ болғанымыз дұрыс.

Қорыта келе ең дұрысы, егер балалар жамағат намазын оқымайтын болса, онда құлшылық ететін жердің түкпірінде немесе мешіт ауласында ойнағандары жөн. Ойнайтын ойындары ұйымдасқан түрде әрі ересектердің бақылауында болғаны абзал. Жоғарыда айтып өткендей,  балалар мешітте шулап әрі олардың ойындары намаз оқып жатқан адамдарға кедергі келтірмеуі қажет. Кейбір мұсылмандар балаларын мешітке намазға алып келеді.

Ал жамағат намаз оқуды бастағанда, әлгі балалар сөйлеулерін тоқтатпай, қатарлардың арасында жүгіріп, намаз оқып жатқан жамағатты алаңдатады. Егер бала әкесінің қасында тұрып намаз оқыса, онда, әрине, оны мешітке әкелу керек, ал егер бала намаз оқымайтын болса және басқалардың көңілін бөлсе, онда оны намазға әкелмеген абзал.

Ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүрлі асыл дінімізді насихаттаушы ат төбеліндей имамдар мен дін мамандары ғана. Ол кісілердің ілімін сыйлау үлкен-кішіге міндет. Жай ғана мысал, көпшілік жерлерде байқасақ алпысты алқымдаған қарияның өзі имамын құрметтеп, төрге шығарады. Ақсақалдық шаққа жетсе де, ол имамның ілімін сыйлайды.

Асылында, мешіт – Алланың үйі, тәрбие ошағы. Мешітке барған адам имандылығы мен, ибалылығымен ерекшеленіп тұруы тиіс.

Атап айтқанда, мешіт – асыр салып ойнайтын орын емес, Алла Тағалаға құлшылық жасайтын жер. 

Абай атамыз «Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні кәріп» деп бекер айтпаса керек, сондықтан да дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін білімді де, сауатты болуға, заман талабына сай болуға талпынып, еңбектенуіміз қажет. Ислам дінінің басты мұраты – білім кәусарымен әрбір мұсылман баласын діни әрі дүнияуи ілімдермен сусындандыру.

 

 

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру

бөлімінің басшысы                                                                      Қ.Салықбаев 

0 пікір