Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы әдеби мұраларындағы ұлттық құндылық
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы әдеби мұраларындағы ұлттық құндылық
18.04.2024
1244
0

Ұлттық құндылықтар – бұл белгілі бір ұлтты сипаттайтын және оның болмысын қалыптастыратын негізгі қағидалар мен сенімдер. Олар ұрпақтан-ұрпаққа берілетін және белгілі бір елдегі немесе мәдениеттегі адамдардың өміріне әсер ететін ортақ құндылықтарды, дәстүрлерді, әдет-ғұрыптар мен нанымдарды көрсетеді.

Қазақ халқының өз құндылықтары мен дәстүрлері тек бір мезеттік емес, қаншама ғасырлар, жылдар бойы қалыптасқан жүйе болып есептеледі. Ата-бабаларымыз кез келген көтерілген мәселеге ерекше зейін қойып қарап, шешімін табу барысында жан-жақты қарастырып, оның жағымды және жағымсыз, пайдалы және зиянды жақтарын жіктеп, саралау жұмыстарын жүргізетін болған. Қазақ жұрты атадан қалған мұра мен мирастың маңыздылығын, дәстүр мен сенімнің, ырым мен нақылдың, ілім мен білімнің құндылығын түсініп, оны өз баласының бойына дарытып, ұрпақтарға өсиет етіп қалдыруға ерекше көңіл бөлген. Бала ананың жатырында жатқан күнінен бастап баланың дұрыс азамат, жауапкершілігі бар тұлға, елін қорғайтын азамат, ата-анасын сыйлайтын баланың туылуына жағдай жасайды. Бала туылған сәттен азан шақырып атын қойып, оның ел болашағын қалыптастыратын, ұлтының тірегі болатын азамат болып өсуін қадағалайды. Ата-бабамыздан қалған дәстүрлердің мәні мен мағынасы адамгершілігі мол, жан-жақты тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.

Қазақ жұртының – қазақ болып қалыптасып, аталған құндылықтардың сақталуында негізгі рөлді ойнаған – қазақ ойшылдарының мұралары. Қазақ ойшылдары – халқына жанашыр, елім десе ішкен асын жерге қоятын, жастардың тәрбиесі мен біліміне, ойы мен ойлануына көңіл бөліп, ұлты үшін қызмет еткен жандар болып табылады. Қазақ ойшылдарының қазақ мұрасындағы кез – келген саласы бойынша жұмыстары, діни сала, фальклорлық, әдебиет, музыка, өнер, қоғам, әлеуметтік тақырыптар, философия және тағы да басқа орны ерекше бағалы. Әрине, осындай ұлы кісілердің қозғаған тақырыптары әлі күнге дейін өзінің маңыздылығы мен өзектілігін жоймаған. Солардың ішінде  Қазақ руханиятының ұлы ойшылы – Мәшһүр  Жүсіп Көпейұлы шығармалары мәдени, ұлттық ерекшеліктерді терең түсінуімен ерекшеленетін көрнекті ақын, ойшыл. Оның шығармашылығы қазақ әдебиетінде ерекше орын алып, халықтың тарихы мен мәдениетін зерттеуде құнды дереккөз болып табылады. Әрбір шығармасы өз еліне, оның тарихына, салт-дәстүріне деген терең құрметпен сусындаған. Осы мәдени құндылықты сақтауға үлкен мән беріп, туған жерді сүюге, құрметтеуге шақырды.

Қазіргі уақытта Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылық мұрасы Қазақстан әдебиеті мен қоғамында лайықты орын алады. Еңбектері 20 томдықта жарық көріп, олардың кейбіреулері ағылшын тіліне аударылды. Әр уақытта ойшылдың түпнұсқа шығармалары әдеби хрестоматияларға, қазақ поэзиясының оқулықтары мен жинақтарына енген. Оның терең зерттеулері мен болжамдары оқырмандарды қазақ рухани тұлғасының өшпес мұрасына қайта-қайта жүгінуге мәжбүр етеді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақ халқының білім алуын, қазақ тілі мен мәдениетін қорғауды және дамытуды белсенді қолдады. Ол Абай Құнанбайұлының ізбасары болды және оның білім, мәдениет және халықтың дамуы қажеттілігі туралы идеяларымен бөлісті. Ақынның шығармашылығы жарқын ұлттық әсемдігімен, терең патриотизмімен және туған халқына деген сүйіспеншілігімен ерекшеленеді.

Мәшһүр Жүсіп адам үшін төрт кедергіні атап өткен: Бірінші: Адамның желкесінде тұрады. Аты – керітартпа. Адамның желкесін қырық адам ұстап отырады. Басты сылтауы «кейін жасарсың», «оны қайтесің?» Екінші: Жалқаулық. Ол құйрықта. Тұрмау, жүрмеу. Үшінші: Ұйқышылдық. Үнемі маңызды емес бір нәрсені ойлап, уайымдап жүреді. Белгі сөзі: «жасау керек еді». Төртінші: Қорқақтық. Адам жаны өз жүрегінің қожайыны болу керек! Адам кейде тіршілік етіп жүргендей көрінуі мүмкін, бірақ ұйқыға кетіп қалғанын сезбейді, оны сезу үшін де адамға ішкі рух пен құндылық керегі ақиқат. Тағы бір тұсында ақын өзінің ойын мынадай философиялық ойымен тұжырымдайды. «Жан – бір асыранды құс, дене – бір қапас. Ол құсқа от, су бермесе, қапаста тұрып аштан өліп қалады, оған қорек беру керек. Хайуан тамақтан семіреді, адам құлақтан семіреді. Мұнан мағлұм болды: Жақсы сөзге жан семіреді екен. Жанның қорегі – құлақ сүйсінерлік сөз екен. Адам тіршілігінде, денсаулығында құлақ сүйсінерлік сөз естуге талап қылып тырысуы керек. Бұл тұста да ақын адамзаттың ішкі әлеміне зер салуын еске салады. Ағзаның қажеттілігін қанағаттандырып қана қою маңызды емес, жан мен рухымызға рухани азық керегін, рухани ол байымаса жанның өлетінін тұспалдап жеткізеді. Жақсы сөз бен жақсы іс кімнен шығады, жан әлемінде рухани азығы бар адамнан шығады.

Ойшыл :  «Дене – бір қараңғы үй, жан – ол үйді жарық қылып тұрған нұр. Біреудің жаны сығырайып, зорға жанып тұрған шырағдан сықылды. Кейбіреудікі май шам сықылды, кейбіреудікі тас шам сықылды.

Кейбіреудікі – керосин майының жарығы сықылды. Кейбіреудікі – одан да жарық: машинамен жағылатын электрі бар жарық сықылды. Онан да жарығы зор нұрлы жан болады. Есебі жан деген нәрседе ныһаят жоқ», – деп пікірін жеткізген.

Жүсіп Көпейұлы өз шығармаларында қоғамдағы әлеуметтік мәселелер мен кемшіліктерге назар аударып, адамдарды жасампаз шығармашылыққа және өзін-өзі жетілдіруге шақырды. Ол тек білімді және өзін-өзі білетін адам ғана әлемді жақсы жаққа өзгерте алады деп сенді.

Жүсіп Көпейұлы 1872 жылы Қараөткел, Атбасар, Қызылжарды аралап, мұнда ол қазақ ауыз әдебиетінің үзінділерін жинап, жаңғыртады, халықтың өмірі мен тұрмыс-тіршілігін зерттейді. Рулар мен тайпалар арасындағы алауыздық, қожа мен молдалардың қарапайым халықтың жан дүниесіне әсері туралы моральдық жорамалдар да назардан тыс қалмады.

Тәжірибе Жүсіпті қолына қалам алуға итермелейді. Жұрттың қаһарына, мұңына толы өлеңдер жазады. Мысал ретінде ақынның «Шайтанның саудасы» поэмасындағы мына жолдарды келтіруге болады:

«Қожа, молда көтеріп алды бәрін

 Еңбексіз тапқан жұрттан тегін малға:

         «Біз үйде қалай шыдап жатамыз,-деп,-

Мұны алсақ, қарық олжаға батамыз,-деп,-

Шайтаннан көтерме алған бұл тамиғты

Қыдырып үйден-үйге сатамыз»,-деп.

Бұл пұлмен бірі мешіт салмақ болды,

Бірі мүлгіп ишан боп қалмақ болды.

Біреуде шай, біреуде ет қайнаттырып,

Жұрттан пайда шығарып алмақ болды».

Ғұламаның кез-келген шығармасын  қарайтын болсақ оның шығармаларын оқи отырып, ұлылардың өткені – бүгінгінің  ұлттық құндылығы екеніне күмән келтіре алмайсың. «Дауасыз дерт» деген өлеңінде:

Ағайын барды күндеп көре алмайды,

Жоқ болса, жомарттық қып бере алмайды.

Кәнеки, бермегенің сол емес пе,

Білмеген-білген тілін неге алмайды?

Жомарттық – адам бойындағы ең ізгі қасиеттердің бірі. Осы шығармасында өмір итжығыспен өтетінін айта отырып, жомарттыққа, кешірімшілдікке, сабырлылыққа, шыншылдыққа, қанағатшылдыққа, татулыққа шақырады.

Қиялы ойы, туған халқының тарихы мен мәдениетін терең білу Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз заманынан озып, өзгелерден озық болуына, руластарының мұң-мұқтажына қанық болуына мүмкіндік берді. Көптеген тілдерді білу ғалымға Шығыс халықтарының рухани мұрасын және өз халқының әлемдік мәдени үдерістегі орнын түсінуге көмектесті.

Түйіндей келгенде, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектері баға жетпес дүние екенін атап өтуге болады. Оның еңбектерінде ауызша тарихи дәстүр бар, олар – эпостар, дастандар, айтыстар, эпикалық жырлар, тарихи аңыздар, шебер шешендердің қара сөздері, ертегілер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер және  қанатты сөздер еді.

Осылайша, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып, қазақ халқының ұлттық жаңғыруы тарихындағы маңызды тұлғаға айналды. Оның шығармалары әлі күнге дейін оқырмандар арасында танымал және қазақ әдеби классикасының ажырамас бөлігі болып табылады.

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы                                                                     Ұ. Перден

0 пікір