Неосәләфилік ағымның амалдағы ұстанымы мазхабты жоюға негізделген
Неосәләфилік ағымның амалдағы ұстанымы мазхабты жоюға негізделген
01.04.2020
898
0

Сәләфилік ағым өкілдері діни құлшылықтарды орындауда фиқһтағы (амалдағы) қалыптасқан, сонымен қатар мұсылман ғалымдарының ижма (бірауыздан келісуі) жасаған төрт мазхабтың бірі Ханбали мазхабын ұстанатындығын айтады. Алайда, аталған ағым ғалымдарының еңбектерін зерттеп қарайтын болсақ және қазіргі күніміздегі сол бағытты ұстанушылардың амалдары Ахмад ибн Ханбалдың ұстанған жолы мен діни үкімдеріне қайшы тұстары өте көп. Оның барлығын бір тақырыпта қамту әсте мүмкін емес. Сол себепті Ханбали мазхабы мен сәләфилік ағым ұстанымының амалдағы қарама-қайшы болған үкімдердің кейбірін осы тақырып аясында қозғайтын боламыз. 

Сәждеге барудың сипаты (әуелі жерге тізе тиеді ме әлде екі қолмен барады ма?).

1. «Алла Елшісі сәжде жасағанда жерге тізеден бұрын екі қолын тигізетін еді (Ибн Хузайма, Әд-Дарақұтни).

Әрі осы көріністе оқуды бұйырып, былай деп айтады: «Егер сендерден біреу сәжде жасаса, түйенің отырғанындай сәждеге бармасын, әуелі тізеден бұрын екі қолын қойсын» (Әбу Дәуіт, Насаи). Аталған хадисті Насируддин әл-Әлбәни мына мағынада түсіндіреді: «Біліп қой, түйе отыруына ұқсамау дегеніміз – екі қолды тізеден алдын жерге тигізу. Ал түйенің ең алдымен тізесін қояды, ол оның екі алдыңғы аяғы. «Лисан әл-араб» секілді сөздік кітаптарында сол мағынада келген» [1].

Ал «сәждеден қиямға көтерілгенде екі қолын жерге тіреп тұратын еді» (Әбу Исхақ әл-Харби)[2].

Жауап: Ибн Қуддама әд-Димашқи әл-Ханбали (541-620 х.): «Сәждеге бару көрінісі әуелі тізе одан кейін қол, маңдай және мұрынның жерге тиюімен жүзеге асырылады. Мазхабтағы мұстахаб амал осы. Бұл – Омар ибн әл-Хаттаб, Муслим ибн Ясар, ән-Нахғи, Әбу Ханифа, әс-Саури және әш-Шафиғилардан жеткен көзқарас». Алауддин әл-Мардауи (817-885 х.) «әл-Инсаф» атты еңбегінде оның Имам Ахмад пен шәкірттерінің танымал риуаяты екенін келтірген. Ибн Қуддама: «Әбу Дәуіт, Ән-Насаи және әт-Тирмизидің хадис жинақтарында келген Уайл ибн Хужрдың «Пайғамбар сәжде жасағанда бірінші екі тізелерін қолынан бұрын жерге тигізді. Сәждеден көтерілгенде тізесінен бұрын екі қолдарын көтергенін көрдім» - деген хадисті дәлел ретінде айтады»[3].

Имам Ахмад «Рисала ас-соләт» еңбегінде сәждеге екі қолмен баруға қарсы болып былай деген: «Белгілі себеп болмаған жағдайда бойында қуаты бар көпшілік адамдар қиямнан (намаздағы тіке тұру) сәждеге барғанда жерге тізеден бұрын қолдарын тигізіп жатады. Ал сәждеден тұрса немесе тәшәһүдтен үшінші ракағатқа тұрғанда қолдарынан бұрын тізелерін жерден көтереді. Бұл – фақиһтерден жеткен деректерге қарама-қайшы және қателік болып табылады. Сәждеге барғанда әуелі тізе, кейіннен екі қол және маңдай жерге тиеді. Ал көтерілгенде керісінше үлгіде орындалады. Пайғамбардан жеткен дұрыс көрініс осы»[4].

Тәшәһүдтегі (соңғы отырыс) сұқ саусақты көтерудің сипаты.

2. «Сол қолын оң тізесіне қояды. Оң қолының саусақтарын бүгіп, сұқ саусағымен құбыла бағытына ишарат жасайды. Көтерген саусағына қарап отыратын еді» (Муслим, Ибн Хузайма).

«Сұқ саусағымен ишарат жасап, басбармағын ортаңғы саусағы үстіне қоятын еді. Кейде ортаңғы саусағымен басбармақ тараптарын тигізіп, дөңгелек тәріздес жасайтын еді» (Әбу Дәуіт, ән-Насаи)[5].

Алла Елшісі әлгі амалды былай түсіндіретін: «Бұл құбылыс шайтан үшін темірден (яғни өзге ой салу, азғыруына қарсы мағынасында) қаттырақ (Ахмад, әл-Баззар).

Ал енді ишарат жасағаннан кейін кейін бірден қайта түсіру немесе тек «Лә илаһа илла Аллаһ» тіркесінде көтеру – мұның барлығының сүннетте негізі жоқ болып табылады және «Алла Елшісі сұқ саусақты қимылдатпайтын еді» хадисі тізбек тұрғысынан әлсіз[6].

Жауап: Намаздағы тартысты мәселелердің бірі. Ханбали мазхабы сұқ саусақты көтеруге тыйым салмай не шектен шықпай орта жолды ұстанады. «Алладан басқа Тәңір жоқ» тіркесі айтылған уақытта көтеруді бекіткен. Ол мәселе жайында Мысырда өмір сүрген Ханбали ғалымдарының өкілі Мансұр әл-Бухути (1000-1051 х.) былай дейді: «Тәшәһүдте отырған уақытта Пайғамбардың жасағанына сәйкес оң қолының сұқ саусағымен «Лә илаһа илла Аллаһ» тіркесін айтқан кезде көтеріп, қайта түсіреді және оны қимылдатпайды»[7].

Жұма парызынан алдыңғы намаз.

3. «Жұма күні мешітке кірген кісі кез келген уақытта отырудан алдын имам хұтбаға шығуға дейін уақыты мен ракағат санын белгілеместен нәпіл намаз оқуы  - мұстахаб амалға жатады. Ал сәлем намазын оқығаннан кейін не алдын отырып, азаншы бірінші азанды айтқан соң адамдардың орындарынан тұрып төрт ракағат намаз оқулары сүннетте негізі жоқ, керісінге мухдас (жаңашылдық) іс болып табылады. Ал оның үкімі белгілі[8].

Жауап: Бұл мәселеде Ханбали мазхабында екіжақты көзқарастар бар. Бірақ, ешбір ғалым жұма намазынан алдын оқылатын намазды бидғат (діндегі жаңашылдық) санамаған.

Алауддин әл-Мардауи әл-Ханбали (817-885 х.) былай деген: «Абдулла (Имам Ахмад ибн Ханбалдың баласы) айтты: «Әкемнің мешітте жұма күні азан айтылған соң бірнеше ракағат, сонымен қатар хұтбадан бұрын бірнеше ракағат намаз оқығанын көрдім. Хұтба не екінші азан айтылуға таяғанда басын төмен түсіріп, басылып отыратын еді». Ибн Хани (Имам Ахмадтың шәкірті, хижри 180 жылы дүниеге келген) айтты: «Екінші азан айтыла бастағанда тұрып екі не төрт ракағат намаз оқығанын көрдім. Әрі ол (Ахмад ибн Ханбал) жұмадан алдын екі және одан кейін алты ракағат оқуды дұрыс санайтынын айтты. Ахмадтың намазы мұстахаб екендігін көрсетеді»[9].

Ибн Қуддама әд-Димашқи әл-Ханбали (541-620 х.): «Жұмадан алдын оқылатын намазға келер болсақ, Ибн Мәжә риуаят еткен «Пайғамбар жұмадан бұрын төрт ракағат намаз оқитын еді» және Амр ибн әл-Ас әкесінен риуаят етіп «Пайғамбар асхабын күн қақ төбеден ауғаннан кейін тұрып төрт ракағат намаз оқығандарын көрдім», - дегенінен басқасын білмеймін»[10].

Әл-Хафих Ибн Ражаб әл-Ханбали (Өз уақытының хадис алынбауы себептерінің білгірі, 736-795 х.): «Күн қақ төбеден ауғаннан кейін, жұма күні имам хұтбаға шығардан бұрынғы уақыт аралығында талас-тартыссыз сәләф (алдыңғы) және халаф (кейінгі) ғалымдар пікірлерінде намаз оқу  мұстахаб болып саналады. Жұмаға дейінгі намазды ешкім мәкруһ (жек көрілген іс) санаған емес. Ол – мұсылмандар ижмағын (бірауыздан келіскен пікір) бұзушылық болып табылады. Бірақ бесін намазы алдындағы секілді бекітілген сүннет пе әлде асрдан бұрынғы бекітілмеген мұстахаб амал ма? Имам әл-Әузағи, әс-Саури, Әбу Ханифа мен шәкірттері, қазы Әбу Яғла «Шарх мазхаб» еңбегінде және ибн Ақил Имам Ахмад сөзінің негізгі мағынасы, сонымен бірге Имам әш-Шафиғи шәкірттері арасындағы дұрыс көзқарас – бекітілген сүннет намазы екендігін айтқан[11].

Ханбали мазхабындағы дұрыс көзқарас – жұма алдындағы мұстахаб намаз қатарына жатады. Ол туралы Мансұр әл-Бухути былай дейді: «Бекітілген сүннет намаздарынан бөлек бесіннен алдын және кейін төрт ракағат, жұма мен асрдан алдын және шам намазынан кейін төрт ракағат намаз оқу бекітілмеген сүннет болып табылады»[12].

 

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің маманы                                                                А.Жилкишиев



[1] Сифа соләт ән-нәби, Насируддин әл-Әлбәни, 122 б.

[2] Сифа соләт ән-нәби, Насируддин әл-Әлбәни, 135 б.

[3] Әл-Муғни, 1/589 б., Кашшаф әл-қинағ, 1/350 б.

[4] Табақат әл-ханабила, 1/362 б.

[5] Сифа соләт ән-нәби, , 137 б.

[6] Сифа соләт ән-нәби, Насируддин әл-Әлбәни, 138 б.

[7] Кашшаф әл-қинағ, 1/357 б.

[8] Әл-әжуибә нәфиға ан әсиләти лажна масжид әл-жамиға,  Насируддин әл-Әлбәни, 65 б.

[9] Кашшаф әл-қинағ, 1/357 б.

[10] Әл-Муғни, 2/219 б.

[11] Фатх әл-Бари, 5/541 б.

[12] Кашшаф әл-қинағ, 1/424 б.

 

0 пікір