Деструктивті діни уағызшылардың қоғамға қауіптілігі
Деструктивті діни уағызшылардың қоғамға қауіптілігі
07.11.2023
841
0

Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті діни ағымдар деп атайды. «Деструктив» деген сөзге талдау жасасақ, терминдік мағынасы бойынша бұл сөз латын тілінен «destructio», яғни бүлдіргіштік, залал тигізуге ұмтылыс, нәтижесіздік деген мағыналарды береді.

Деструктивті діни ағымдар – адамдардың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін діни ағымдар. Олардың ортақ сипаты – діни ілімнің ақиқаттылық деңгейінен емес, оған мүше адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулануы мен жетекшілік еткен азаматтарға көзсіз бағынуынан көрінеді. Ағым мүшелеріне өздерінің рөлінің, доктринасының ұйғарымдарының ерекшеліктерін мойындауға талпынады. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында қасиетті кітаптар мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын таратады.

Қазақстандағы деструктивті діни ағымдардың тарихы да бірдей емес. Олардың кейбірі белгілі бір уақытта жұмысын тоқтатса, екіншісі атауын, типін өзгертіп тарих сахнасына қайта шығады.

Қазіргі қоғамда дінге бет бұрған жастар көп. Солардың кейбірі ислам дінін әртүрлі уағыздап жүрген экстремистік ұйымдардың ықпалына түсіп қалып жатады. Діни сауаттылық болмағандықтан буыны беки қоймаған бозбалалар мен бойжеткендер арам пиғылдылардың сөзіне ұйып, артынан ереді.

 Дінге қызығушылық білдірген азаматтардың басым бөлігі қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейді. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Яғни қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік желілер, блогплатформалар және басқа да байланыстырушы медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде. Сол себептен интернеттегі, не болмаса түрлі әдебиеттердегі ақпаратты саралай білген жөн.

Жат діни ағым өз уағыздарында бұрмаланған әр түрлі діни дәйексөздерді келтіре отырып, өздерінің жолын әділ әрі ақиқат етіп көрсеткісі келеді. Алайда бейбітшілік пен бауырмалдылыққа үндейтін шынайы діни сенімде адамдарға зұлымдық пен әділетсіздік танытуға, нақақтан-нақақ жан иесін өлтіруге жол берілмейді. Бұл қағидаттар киелі кітаптарда тайға таңба басқандай жазылған.

Теріс ағымдағы ұйымдардың басты құралы – халықтың сеніміне кіру. Көп жағдайда олар жастарға «сенімді дос» болуға тырысады. «Жастарға қолдау көрсетеміз» деген ұранмен жас өспірімдерге арналған спорттық жарыстар, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Қамқорлықтың астарында деструктивтік бағыттағы уағыздар мен сананы улау жатады.

Бүгінде ғаламтор желісінде діни уағызшылар мен насихатшылар тобының артқаны байқалады. Олардың ішінде дұрысы да бұрысы да бар. Енді бұларды қалай ажырата аламыз?

–  Біріншіден, дінді мешіттен немесе арнайы діни оқу орындарына барып үйренген дұрыс. Кейін ҚМДБ мақұлдаған дін уағызшыларын ғана таңдау керек.

– Екіншіден, дәстүрлі діни уағызшылардың бейнероликтері, үгіт-насихаттары muftyat kz, kazislam kz, muslim kz сияқты т.б. сайттарда жүктеулі тұр. Қалаған уақытта сол сайттарға кіріп имамдардың және сол уағызшылардың уағызын тыңдай аласыз.

–  Үшіншіден, шет мемлекет азаматтарының уағыздарын тыңдауға сақ болу керек. Бұлардың қатарына тек шетел азаматтары емес, діни көзқарастары үшін Қазақстан жерінен депортацияланған азаматтар да кіреді. Өйткені кейбір адамдар сыртта отырып дін атын жамылып ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуды қалайды.

– Төртіншіден, деструктивті діни ағымның уағызшылары ғаламтор кеңістігін тиімді пайдалана отырып, жалған ұрандарымен дінді бұрмалап, жастарға ықпал етудің түрлі жолдарын жасайды. Ал, шынайы діннің мазмұнын әлі жете түсініп үлгермеген жастар ғаламторды «кезіп» жүріп ұрынып қалуы да мүмкін. Мұндай жалған ақпараттарға ұрынбау үшін ішкі сүзгіден өткізетін рухани, мәдени сананы қалыптастыруымыз қажет. Бұл орайда білмегенді сұрауды, ізденуді, салыстыруды және оқып-талдауды тоқтатпағанымыз жөн.

Қорыта келе еліміздің ақпараттық кеңістіктегі түрлі діни сайттардың жұмысын қадағалауды күшейтумен қатар балабақшалардан бастап, тұлға ретінде қалыптастыру, мектеп қабырғасында тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғарғы оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды тереңдете игеру жолдарын қарастыру керек. Тек осы қағидаларды бойымызға сіңірген жағдайда ғана осындай теріс пиғылды діни психологиялық бассыздықтарға тосқауыл қоя аламыз.

 

Айдана Сейдуәлі

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                         

0 пікір