Деструктивті діни ағымдардан сақтану жолдары
Деструктивті діни ағымдардан сақтану жолдары
23.04.2020
2076
0

Адамзат баласы өткен ғасырдағы қырғи-қабақ соғыс кезеңінің қорқыныштарын басынан кешіріп, енді тыныштық заманға қол созып отырғанда, тағы да жаңа бүкіләлемдік мәселемен бетпе-бет келді. Енді қазіргі әлемнің алдындағы өзекті мәселелер халықаралық экстремизм мен терроризмнің және соның ішінде діни-саяси экстремизм, ислам фундаментализмі, уаххабизм және т.б. түрлі қауіп-қатерлер болып табылады.

Қазіргі таңда біздің елдегі дін саласындағы өзекті мәселелердің бірі деструктивті діни идеологиялардың таралуы болып отыр. Ең алдымен «деструктивті» ұғымына талдау жасай кетсек, терминдік мағынасы бойынша бұл сөз латын тілінен «destructio», яғни «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Деструктивті діни ағымдар азаматтардың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар.

Деструктивті діни ағымдар негізінен материалдық тұрғыда шегіне жеткен, бірақ рухани тұрғыдан әлсіреген қоғамынан шығуда. Олардың пайда болу шарттары да күрделі. Материалдық жағынан дамыған қоғамның әсіресе студент жастар, зиялы  қауым өкілдері мен өнер жұлдыздары және қарапайым көпшілік арасында теріс діни ағымдардың жаппай таралуына және етек алуына қоғамдағы әлеуметтік психологиялық мәселелер де әсер етті. Күнделікті өмірлерінен мезі болған олар, бақытты материалдық құндылықтардан емес, керісінше рухани құндылықтардан іздейді.

Мұндай діни ұйымдар тұлғаның табиғи үйлесімді, рухани, психикалық және физикалық жағдайына қауіпті болып келеді. Сонымен катар қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен дәстүрлерді, мәдениетті жоятын, жалпы қоғамға қауіпті болып табылады. Деструктивті діни ағымдарда жасырын психологиялық зорлық қолданылады. Мұның көрінісін жеке адамның  немесе адамдар тобының басқа адамдардың санасына, өміріне адамдардың саналы түрде келісімінсіз мақсатты түрде заңсыз әсер етуді орнатуынан байқауға болады. Ол адамдардың табиғи емес және заңсыз лидерлер мен доктринаға мойынсұнушылық пен тәуелділіктің қалыптасуы мен сақталуын қамтамасыз ету үшін жасалады. Олардың түпкі мақсаты - адамдарды бағындыру арқылы заңсыз байлық пен билікке кол жеткізу.

Деструктивті діни ағымдардың белгілері

1.   Діннің, діни қағидалардың ерекшеліктері туралы идеялардың болуы;

2. Зайырлы тәртіпті, оның ішінде заңдарды, билік және басқару органдарын мойындамайтын ұйғарымдардың болуы;

3. Діни алауыздық немесе араздық тудыратын, қауіпсіздікке, өмірге, денсаулыққа, адамгершілікке немесе азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін  ұйғарымдардың болуы;

4. Діни догмалардың ғылыми түсіндірмесін мойындамау, мазхабтарды  теріске шығару, оның ішінде Орталық Азия мұсылмандары үшін дәстүрлі Әбу Ханифа мазхабын сыни түрде қабылдамау;

5. Адамдарды шынайы діндар, діннен безгендер немесе адасқандар деп бөлу;

6. Халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын мойындамау, оларды ұстанудан үзілді-кесілді түрде бас тартуға шақыру;

7. Діндарлардың мәдени-бұқаралық іс-шараларға баруын, теледидар, әсіресе ойын-сауық және музыкалық бағдарламалар мен хабарларды қарауын шектеу;

8. Әйелдердің киім үлгісін таңдау еркіндігін шектеу немесе әйелдерді, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған қыз балаларды анық көрінетін діни киімді немесе басқа елдер мен халықтарға тән киімді киюге мәжбүрлеу;

9. Тек діни талаптар мен рәсімдер бойынша некеге тұру және некені бұзу ұйғарымы;

10. Ұлттық тілге және мәдениетке нұқсан келтіретін өзгеше сөйлемдерді, сөздерді, сленгтерді қолдану ұйғарымы;

11. Ұлттық дәстүрлерге, мәдениетке және қазіргі заманғы талаптарға нұқсан келтіретін өзгеше түрге ие болу және өзгеше киім кию ұйғарымы:

Ер адамдар үшін:

- күтім көрмеген, бей-берекет өсірілген сақал. Мұрт қырып тасталады;

-тобықтан төмен түспейтін, кең пішімді қысқартылған шалбар (дене пішінін анық көрсететін киім үлгісіне тыйым салынады).

Әйел адамдар үшін:

- Денені толығымен немесе толық дерлік жабатын кең үлгідегі киім (паранджа, бурка, чадра, химар, хиджаб). Көбінесе қара түсті немесе басқа да қараға жақын түстер (қара-қоңыр, қара-көк, сұр).

   Бүгінде деструктивті діни ағымдар мен секталар ғаламторды пайдаланудың қас шеберіне айналды. Олардың басты ерекшелігі адамның психо-физиологиялық болмысын жақсы меңгергендігінде. Осы білімдерін теріс мақсатта пайдаланып, кісінің әлсіз тұстарын, не нәрседен әсерленетінін анықтайды. Нысанаға алынған адамның жан дүниесіне бойлай еніп, оны кереғар сенімге кіргізудің сан түрлі тәсілдерін қолданады.

Діни сауаты төмен адамдарды арбаудың бір құралы ғаламтор бетінде түрліше пәтуа беру болып отыр. Теріс пәтуалар адамдарды экстремизмге итермелейтін күшке ие, себебі, діндегі пәтуа қоғамдағы діни ахуалға тікелей әсер ете алады. Теріс пәтуа беруші адам сол арқылы қоғамға іріткі салуға, қақтығыстар туғызуға себепкер болуы ықтимал.

Сол үшін қазіргі таңда жастарды деструктивті діни ағымдардан сақтандыру басты міндет болып отыр. Осыған орай деструктивті діни ағымдардан сақтану мақсатында бірнеше жолдарын ұсынғанды жөн көрдім:

Біріншіден жастарымыз діни сауатын дұрыс бағытта арттырғаны жөн.

        Екіншіден діни тұрғыдан қарым-қатынас жасаған адаммен  ішкі дүниеңі назарға алып, бақылауды арттырып: «Не үшін маған оны айтып жатсыз?» «Сізге бұл не үшін керек»?-деген сұрақтармен нақтылаған дұрыс.

        Үшіншіден Оның қойған сауалдары мен жіберген фото, бейне-аудио жазбаларына сыни көзбен қарап, сараптама жасап барып жауап беру.

        Төртіншіден Сізге жанашырлық танытып, көмек қолын созуы да мүмкін. Бұл сізді құрыққа түсіруге жасалған алғашқы қадам екенін ұмытпау керек.

        Бесіншіден бейтаныс адамдарға сырыңызды айтудан сақтану қажет.

        Алтыншыдан өмірдегі мақсатыңызды тауып, оған жету жолын ойлан дұрыс. Сонда ғана ешбір ағым, әр түрлі ойлар сізді тура жолыңыздан тайдыра алмайды.

Қорыта айтқанда ДДА жақтастарының жетегіне кеткен кейбір азаматтар мен азаматшаларды дәстүрлі дін жолына бейімдеу, түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеуші азаматтармен де арнайы оңалту жұмыстары бойынша орталықтың теолог-дінтанушы мамандары салмақты жұмыстар атқарып келеді.

Қысқаша айтатын болсақ бұл жұмыстардың барлығы еліміздегі, соның ішінде облысымыздағы дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып келе жатқан кешенді жұмыстары, дәстүрлі құндылықтар мен мәдениетімізді дәріптеу жолында қосып жатқан үлесі деп білемін.

             Ұлтымыздың терең тарихы, әрбірінде өнеге жатқан салт-дәстүрлеріміз бүгінгі жастарды, болашақ ұрпақты адастырмайтын темірқазық екенін ұмытпайық.

 «Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу»

  бөлімінің басшысы А.Бектұрғанов

0 пікір