Заң – қоғамның тірегі
Заң – қоғамның тірегі
16.01.2024
3584
0

Заң (ағылш. law) – мемлекет белгілеген бүкіл нормативтік-құқықтық актілер, жалпыға бірдей міндетті ережелер, мемлекеттік биліктің жоғары өкілетті органы қабылдаған немесе тұрғындардың тікелей ерік білдіруі арқылы (референдум тәртібімен) қабылданған, неғұрлым маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік акт. Заң мемлекеттің құқықтық жүйесінің негізін құрайды. Мемлекеттік биліктің дербес бастауы ретінде Заң ежелгі замандарда-ақ тәжірибеге еніп, әдет-ғұрып жосындарының орнын басқан.

Заң – қоғамның негізгі тіректерінің бірі. Заң адамдардың игілігі және азаматтардың тәртіптік қауіпсіздігі үшін мемлекет тарапынан әрқашанда қолдауға ие. Заңсыз қоғамда өмір сүру мүмкін емес. Ондай қоғамда хаос орналып, қоғамдық тәртіпсіздікке және бассыздыққа әкеліп соғуы мүмкін. Заң осындай әлеуметтік факторларды құқықтық тұрғыдан ретке келтіреді.

Заң – адамдардың өмір сүру қағидаларының жиынтығы деп айтсақ артық болмас. Мемлекеттің шеңберінде бекітілген заңдар бар және діндердің өзіне лайықты түрде арнайы заң ережелері қалыптасқан. Қандай қоғам болмасын заңнан айналып өте алмайды. Тіпті, теократиялық мемлекет болған күннің өзінде арнайы дін бекіткен ержелерге бас иеді.

Заң – қоғамдағы бейбітшілік пен әділеттілікті қамтамасыз ететін және адамдар арасындағы қатынастарды реттейтін құқықтық институт. Ол адамның құқықтарын зорлық-зомбылықтан, ұрлықтан және басқа да қол сұғушылықтардан қорғайды. Заңдар қоғамдағы тәртіп пен тепе-теңдікті орнатады. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай: «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды». Сондықтан, әр адамның және жалпы қоғамның басты міндеті – ол заңға бағыну.

Қазақ қоғамында заң түсінігі ерте кезден-ақ қалыптасты. Қазақ хандығы тұсында-ақ ел игілігі үшін арнайы заңдар жинақтары жасақталған. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз-Тәукенің жеті жарғысы қазақ халқының арғы тарихында ерекше маңызға ие құқықтық құжаттар болып табылады.

Қоғам – экономикалық және рухани біртұтастық пен өмір сүру жағдайын ұйымдастырудың тұтастығымен сипатталатын, белгілі бір аумақтағы адамдар бірлігі. Саяси жүйе – елдің саяси өміріне қатысатын мемлекет пен мемлекеттік емес қоғамдық құрылымдардың біртұтас кешенде қарастырылуы. Қоғамның саяси жүйесі – мемлекетік және қоғамдық ұйымдардың, еңбек ұжымдарының бірігіп, елдің саяси өміріне кірісіп, қоғамды дамытуға, нығайтуға үлес қосуы. Саяси жүйенің ең күрделі, ең маңызды элементі – мемлекет. Саяси жүйенің қоғамды басқарудағы ең орталық буыны – мемлекет. Біріншіден, ол саяси жүйенің билігін, мүдде-мақсатын іске асыратын ең негізгі аппарат. Екіншіден, мемлекет саяси жүйенің барлық элементін біріктіріп, саяси функция арқылы қоғамның игілікті құндылықтарын әділетті бөлу процесін басқарып отырады.

        

         Заң – қоғамның қажеттілігінен туындайды. Жаңа заңдар, жаңа баптар, түзетулер немесе алынып тасталып жатады. Бұл іс-әрекеттің барлығы қоғамдағы жағдаяттарға байланысты заңның кейбір баптары өзгерістерге ұшырап отырады. Заң – адамдардың өмірін оңтайландыру үшін жасалынады және қай уақыт болмасын жетілдіруді талап етеді. Кейбір ескі заңдармен дәл қазіргі таңда қандай да бір қорытынды шығару мүмкін емес. Осы секілді қоғамның заңды түсінуімен, құқықтық тұрғыдан біліктілігі артқан сайын заңдарды ұғыну және кәдеге жарату жоғарылайды. 

         Қорытындылай келе, еліміздің азаматтарында құқықтық иммунитет қалыптастыру қажет. Мемлекетіміздің өзі дін саласында қоғамға қаупі бар, ел арасында ұлтаралық және конфессияаралық келісімге нұқсан келтіретін, қандай да бір зорлық-зомбылықты үндейтін діни ұйымдарға қарсы. Керісінше, ел бірлігінің нығаюына, халықтар арасындағы достықты өркендеуді мақсат тұтатын діни бірлестіктерге, заң аясында жұмыс жасаса қарсылық білдірмейді.

         Өскелең жас ұрпақтың ғылымның қай саласы болса да, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Соның ішінде құқықтық сауаттылықты арттыруға аса мән беріп, тиісті шаруалар атқарылуы керек. Әрине, бұл мәселелер бір немесе екі күннің ішінде бола салатын дүние емес. Үлкен ыждаһаттылықпен қатар, сабырлықты талап ететін берекелі іс екендігі анық. Осындай күйбең тіршілікте заңды білу – заман талабы екендігін жадымыздан шығармауымыз тиіс.

 

А.Тағай

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

бөлімі басшысы                                                            

 

0 пікір